«Ауылдың түтіні өшпесін» деген игі тілектің астарында қаншама үміт пен арман жатыр. Туған жердің топырағында аунап, таңғы шыққа малынып өскен әрқайсымыз үшін ауыл – қасиетті мекен ғана емес, жүректегі ең жылы естелік пен сағыныштың ордасы. Ал бүгінде сол ауылдардың жұрты қалып, бір кездері өмір қайнап жатқан көшелерді арам шөп басты. Қаңғырған желдің гуілі ғана естіледі ол жерден. «Ауылдардың картадан жойылуына тоқтау бар ма?» деген сауалға жауаптың емес, нақты әрекеттің болмауы өзекті өртейді.
Халқы көшіп жұрты қалды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 6124 ауыл бар. Өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда ауылдар саны 149- ға кеміген. Бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы алда тұр. Былтыр облыста 635 ауыл болса, биыл 1 шілдеде 590-ы қалған. Бір жыл ішінде 45 елді мекен картадан жойылды.
Есіл ауданындағы Жаңалық ауылы – тоқырау жылдары алғашқылардың бірі болып жабылған елді мекендер санатынан. Кеңшардың бөлімшесі болған қазақ ауылы шамамен он жыл ішінде құрып кетті. Бір кездері өмір қыж- қыж қайнап жатқан елді мекен көшелерін бүгінде шөп басқан. Әр жерде бұзылған үйлердің орны тұр.
Шөбі шүйгін, жері шұрайлы ауыл орнында қазір мал бағылады. Жылқышылар кезекпен келіп-кетеді. Қасындағы Орталық ауылы да Жаңалықтың кебін киді. Мұндай елді мекендер өңірде ондап саналады.
Жанашыр жан керек
Шал ақын ауданы Бірлік ауылында қазір 70 шақты үй бар. Тұрғындардың 60-70 пайызы – егде жастағылар. Күре жолдың бойында тұрғын елді мекеннің көшелеріне асфальт төселген. Мектеп жұмыс істеп тұр. Жақында медициналық пункт пайдалануға берілмек.
– Ауыл түбегейлі жойылып кетпеуі үшін қолдан келер көмегімді көрсетіп жатырмын. Үкімет әлі бұл мәселеге мән бермей отыр. Қазақ ауылы тұраласа, тілден, діннен, ділден, салт-ғұрыптан ажыраймыз. Қазақтың тау тұлғаларының барлығы ауылдан шыққан ғой. Қазақылығымызды, тектілігі-мізді сақтағымыз келсе, ауылға бетбұрыс жасау керек, – дейді облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев.
Зейнет демалысына шықса да, қол қусырып қарап отыра алмайтын адамдар болады. Құдайберген аға – солардың қатарынан. Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен өмірлік ұстанымдары оны әрдайым қозғалыста, қоғаммен байланыста ұстап келеді. Туған ауылын құрып кетуден сақтау үшін бүгінде бірқатар шараны қолға алған.
– Қазіргі таңда ауылдарды сақтап тұрған бірден бір нысан – мектеп. Қазір Бірлікте шағын мектеп бар. Оған биыл жөндеу жүргізілді. Ендігі міндет – сол мектепті балаға толтыру. Ауылда мектеп жасындағы бала саны өте аз. Бұл мәселені шешудің бір амалы – шеттен көп балалы отбасыларды көшіріп әкелу. Еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден халықты жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныстандыру бағдарламасының идеясы құптарлық болғанымен, нәтижесіне көңіл толмайды. Ол жақтан көшіп келгендердің көбі мұнда тұрақтамайды. Ақшаларын алғаннан кейін бірер жылдан кейін кері қайтады, – деп қынжылды өңірдің құрметті ақсақалы.
Оның пікірінше, сырттан келгендер тұрақтау үшін ескі-құсқы емес, сапалы салынған жайлы баспана беру керек. Әсіресе ішіне су тартылған, өмір сүруге барлық жағдай жасалған баспана берілгені дұрыс. Сондай-ақ бір-бірден емес, 6-7 отбасыны – туған-туысты шоғырландырып көшіру керек деген ойын айтты.
Бірлік ауылында шаруашылық есебінен медициналық пункт салынып жатыр. Оның ішіндегі керек-жарақтарын денсаулық сақтау басқармасы орнатып береді. Аудандық бюджет есебінен ауылда үш үйдің құрылысы басталған. Біреуіне жеті баласы бар отбасы көшіп келмекші.
– Бұрын «50/50» деген жақсы бағдарлама болды, үй құрылысына қажет қаражаттың жартысын мемлекет береді, қалғанын жергілікті шаруашылық бөледі. Сол кезде ертеңін ойлаған шаруашылықтар үйлерді салып тастады. Қазір ол бағдарлама тоқтап қалды. Осы бағдарлама болса, біз де жылына екі-үш үй салып отырар едік, – деген Құдайберген Қалиев бау-бақша ұстаймын дегендерге жер беру мәселесі жайлы ойын ортаға салды.
Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдары кеңшарлар құрып, жерлер жекеге өтіп жатқан кезде аудандық әкімдіктер жанынан көшіп келушілерге арнайы жер қоры құрылған екен. Ол «қордағы жер» деп аталыпты. Құжаттарды көтеріп, сол жерлерді көшіп келушілерге беруге болар еді.
– Ауылдан шыққан қалталы азаматтар кеш қалмай тұрғанда ауылға бет бұруы керек. Үкімет көшелерге асфальт төсеп, үйлерге су кіргізіп жатыр, электр қуаты бар. Біз де шет қалмай, ауылдарды дамытуға үлес қосуымыз керек, – дейді Құдайберген Қалиев.
Қауіпсіздік қаперде болсын
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту жайы қозғалған кезде жылдар бойы шешімін таппаған бітеу жараның бетін ашқандай боламыз. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселе бар.
– Жерлестеріміздің туған ауылдарынан көшуіне жұмыссыздық, таза ауызсу көздерінің болмауы және сапасыз жолдар түрткі болып отыр. Соңғы жылдары тіпті ауылда өмір бойы тұрған қариялардың өзі қартайғанда қалаға көшіп жатыр. Себебі ауылдық жерлерде оларға қажет медициналық қызмет жоқтың қасы, – дейді «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев.
Партия өкілінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарды «болашағы жоқ» деп картадан сызуға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондай-ақ ұлттың санын қала емес, ауыл көбейтіп жатыр. Егер ауыл жойылса, оның ұлтқа тигізер зияны орасан. Бүгінде Еуропа елдері экономикалық проблемаларын мигранттар есебінен шешуге мәжбүр. Қазақстан халқының саны артып жатқаны туралы статистикаға алданбауымыз керек. Солтүстік өңірдегі демографиялық дағдарыс болашақта бүкіл елге ортақ проблемаға айналуы мүмкін.
– Егер Қазақстанның солтүстігінде ауыл халқының азаюы жалғаса берсе, ең құнарлы жерге кім ие болады, әрі шекара шебін кім қорғайды?– деген сұрақты алға тартты Қайрат Пішенбаев.
Тағы бір мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Яғни халықты отандық, сапалы тағам өнімдерімен қамтамасыз ету қажет. Үкіметтің ауыл шаруашылығын дамытуда жүйелі жоспары болса, өзімізді асырай аламыз, әрі мол табысқа да кенелеміз. Бірақ бізде көп жылғы стартегиялық жоспардан гөрі қысқа мерзімдік жалаң идеяларға көп басымдық беріледі.
Ауылды сақтау – ұлттық ділімізді қорғау. Қазіргі үкіметтің солтүстік өңірлерді сақтаудағы шешімі – аграрлық секторды дамыту, еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден халықты көшіру, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар үшін мамандар даярлау. Бірақ бұл бастамалардың нәтижесі мардымсыз екенін уақыт көрсетті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».