«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ КИІМІ ҚАЗАҚҚА ҒАНА ЖАРАСАДЫ

Соңғы уақытта ұлттық құндылықтардың, соның ішінде ұлттық киімдердің мәні мен маңызы артып келеді. Ою-өрнекпен көмкерілген әшекей бұйымдар, киімдер күнделікті өмірде қолданысқа еніп, сәнге айналған. Ұлттық киім киюге деген оң көзқарас көбіне жастар арасында байқалады. Олардың дені күнделікті өмірде ұлттық киім киюді қолайлы деп санайды.

Қазақтың ұлттық киімі – ұлттың дү­ниетанымы, салт-дәстүрі мен шеберлігі тоғысқан мәдени мұра. Дәуірден дәуірге көшіп, баба болмысын, ана қасиетін, ұлттық таным-түсінігін бүгінге жеткіз­ген материалдық мирас. Ұлттық киімнің шығу, қалыптасу, даму тарихы ата-ба­бамыздың тыныс-тіршілігі, салт-дәс­түрімен тікелей байланысты.

Қазақтың ұлттық киімдерінің түр­лері мен атаулары көп. Кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп, кейде әлгі жүздер ішіндегі рулардың аттары­мен де айтылады. Мысалы, арғын ты­мақ, найман тымақ, қызай бөрік, ноғай бөрік деген сияқты атаулар бар. Кейде географиялық мекен атауына қарай да ерекше мәнер-үлгіге бөлінеді – Қоңы­рат үлгісі, Жетісу үлгісі, Арқаның үлгісі деген де құлаққа таныс. Мұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдылығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады.

Қазақ киімдері іштік, сырттық, су­лық, бір киер делініп төрт топқа бөлі­неді. Іштік киімдерге – көйлек, кеуде­ше, қамзол, кәжекей, сырттық киімдер­ге – шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге – шекпен, қаптал шапан, ке­бенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтар­ға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осы­ны аңғартады. Қазақ салтында ер-жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киім­дерінің ең жақсы, көрнектісін киген.

Ұлттық киімдерге салынатын әр ою- өрнекте мағына бар. Қошқар мүйіз – байлық пен берекенің, ирек – су мен өмірдің белгісі. Қазақтың киім үлгілері – ғасырлар бойы тәжірибе мен табиғат­қа бейімделудің нәтижесі. Олардың әр­қайсысында әлеуметтік жағдай, жас ерекшелігі, тіпті өңірлік айырмашы­лықтар көрініс табады.

Соңғы жылдары сән сахнасында эт­ноэлементтерге сұраныс артты. Киім дизайнерлері ұлттық нақыштарды зама­науи үлгімен үйлестіріп, коллекциялар жасап жүр.

– Мен ұлттық киім тек ерекше жағ­дайларда ғана емес, сонымен қатар қазіргі өмірдің бір бөлігі бола алады деп сенемін. Киіну стилі – өзіңді көрсетудің бір жолы. Біз ұлттық стильді ұмытып ба­рамыз. Ұлттық киімді күнделікті өмірге икемдеп, оны жастарға тартымды ету – менің басты мақсатым, – дейді дизай­нер Зарина Мавляни.

Шынымен де, қазіргі таңда қазақы нақыштағы қамзолдар, кестеленген белдемшелер мен заманауи бешпент­терге сұраныс бар. Бірақ олар көбіне театрландырылған сипатта, мерекелік не фотосессияға арналған киімдер бо­лып келеді.

Көп жерде ұлттық киім тек мере­келік шараларда, рәсімдік киім ретінде ғана ұсынылады. Бұл – оның күнделікті өмірге енуіне кедергі. Қытай, Түркия секілді елдердің арзан киімдер, нарық­ты толтырып тұр. Мектептер мен жоға­ры оқу орындарында ұлттық киімнің маңызы, тарихы арнайы пән немесе курс ретінде оқытылмайды. Тек кейбір мектептерде ұстаздар мен оқушылар біркелкі қамзол кию қалыптасқанын көріп жүрміз. Қазақы үлгіні насихат­тайтын дизайнерлерге мемлекет тара­пынан қолдау, грант, шоу алаңдары жетіспегендігінен болар, шынайы сапа­лы ұлттық киім үлгілерін ұсынатын брендтер аз. Ал сол саусақпен санарлық брендтен киім алайын десең бағасы удай.

– Отандық брендтерге салықтық жеңілдіктер, жарнамада қолдау көрсету арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыр­са, жақсы насихат болар еді. Қазақстан­дық брендтердің бағасының жоғары болуы тек бәсекелестікке ғана байла­ нысты емес, бірнеше нақты факторлар­дан туындайды. Қазақстанда ұлттық киімдер жаппай өндірілмейді, көбіне тапсырыспен тігіледі. Қол еңбегі – кес­те, өрнек салу, ою қию, бәрі шебердің өз қолымен жасалады. Бұл уақыт пен қажыр-қайратты талап етеді. Көп жағ­дайда маталар мен сәндік элементтер шетелден (Түркия, Үндістан, Қытай) әкелінеді. Бұл – шығынды еселейтін тағы бір себеп. Ұлттық киімді өндіретін шеберханалар мен жеке дизайнерлерге гранттар мен субсидиялар бөлінбейді. Отандық этноөнерге арналған арнайы бағдарламалар жоқтың қасы, – дейді Зарина Мавляни.

Қазір тойларда қазақтың бәрі бір- біріне шапан жабады. Осы шапандарды тым құрығанда неге жылына бір рет ки­меске? Күнделікті өмірде басымызға заманауи үлгіде тігілген бөрік киіп, иы­ғымызға оқалы шапан іліп жүрсек, бізге біреу қой дей ме? Әрине, ешкім қой де­мес, бірақ соған ұлттық намысымыз жетіңкіремейтін сияқты. Әйтпесе, сыртқы болмысымызды айқындап, өз­гелерге рухымызды паш етіп тұратын ең үлкен құндылықтарымыздың бірі – осы ұлттық киімдеріміз емес пе? Сондықтан ұлттық киімдерімізді дәріптейміз десек, мұны әркім өзінен бастағаны жөн. Се­бебі қазақтың ұлттық киімі қазаққа ғана жарасады.

Ұлттық киім жай сән емес, ол – ұлт­тың тілі, рухы мен ерекшелігін таныта­тын символ. Егер оны тек сахналық не­месе тарихи мұра ретінде ғана қарасақ, оның болашағы көмескі болмақ. Керісінше, оны заманмен үндестіріп, күнделікті өмірге икемдесек, ұлттық болмысымызды сақтап қалу жолында үлкен қадам болары сөзсіз.

Бүгінде ел арасында ұлттық киім­дерді тек мерекелерде емес, күнделікті киюге деген талпыныс байқалады. Бұл үрдіс ұлттық киімдерді ұлықтап қой­май, ұрпақ санасына құндылығын төте жолмен сіңіруде ұтымды тәсіл дер едік. Бала күннен халық мұрасын көріп, ұс­тап өскен ұрпақтың да елдік бедерлерді естен шығармасы анық.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp