Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 75 жыл толады. Осы қанды шайқасқа жау бетін қайтаруға елімізден 1 миллион 400 мың адам аттанып, жартысына жуығы елге қайта оралған жоқ. Олардың арасында жүрек жұтқан қыз-келіншектер де бар еді. Мәдина Ысқақова қарсы келген жауды әуеден шабуылдайтын ұшақтарға жауаптылардың бірі болды.
Ол бұрынғы Көкшетау облысының Сандықтау ауданына қарасты Зверовка ауылында туып-өскен. 1942 жылы 17 жасқа жаңа толған бойжеткен өз еркімен соғысқа аттанып, Ресейдің Кемерово қаласындағы әуе байланысы мектебін тамамдайды. Нәзік жан ұшақ механигі куәлігіне ие болған соң, 240-ыншы жойғыш авиация полкіне қабылданып, 1942-1945 жылдар аралығында үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Иван Кожедубтың қарамағында қызмет етеді. Авиацияның генерал-полковнигі қазақтың қайсар қызының шеберлігіне тәнті болып, өз ортасында ерлермен иық тірестіре қызмет еткенін мақтанышпен айтып жүреді екен. Мәдинаның талдырмаш бойына, нәзіктігіне қарап, оны атақты америкалық актриса Мэридің есімімен атап кеткен. Жерлесіміз аз уақыттың ішінде Иван Никитовичтің жеке бортмеханигіне айналады. Үш жыл бойы әуе көлігінің техникалық қауіпсіздігін бақылап, ұшқыштың жерге аман-есен оралуына жауапты болған. Біз білетіндей, Кожедуб 330 рет аспанға көтеріліп, жаудың 62 ұшағының көзін жойған. Соғыс аяқталған соң генерал-полковник өз экипажымен кездескен кезде: “Менің көктегі ерлігімнің түп-тамырын жердегі Мәдинаның өлшеусіз еңбегінен іздеңдер”, – деген екен.
Гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Прага, Будапешт, София мен Вена қалаларын азат етуге қатысқан. Үш рет жараланған. Бірде оны жақыннан жарылған бомбаның дүмпуі ұшырып түсіріп, топырақпен көміп тастайды. Жолдастары келіп, топырақтан аршып алған кезде ол ес-түссіз жатыпты. Тағы бір шайқаста басынан жараланады. Бірақ емделіп, қатарға қайта оралады.
Қайсар қыз гвардиялық полк атағын алған №240 авиаполктің құрамында фашист басқыншыларына қарсы соғысып, қан майданды Прага қаласында аяқтап, 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан соң туған жерге оралады. “Құрмет белгісі” және екінші дәрежелі “Отан соғысы” орденінің иегері 1950 жылы Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылының тумасы Темірболат Махметовке тұрмысқа шығып, ұзақ жылдар бойы сауыншы болып еңбек етті.
Мәдина Ысқаққызы аяулы жар, ардақты ана ретінде өмірден өз орнын тауып, замандастары арасында беделге ие болды. Сол бір бақытты шақтарды қайсар жанның кенже қызы Аягөз Темірболатқызы былай деп еске алады: ”Әркез жылы шыраймен есік алдынан күтіп алатын анамның әдеті болатын. Маңдайын ақ шалса да, сол баяғы әдетпен алдымнан шығып, құмарлана маңдайымнан иіскейтін. Ардақты анамның осы әдеті ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақы мейірімнің алтын арқауы іспетті еді. Ол туған-туыс арасында өте сыйлы болды. Барша ауылдың жақсылығына қуанып, көмегін аямайтын, тұрмысы нашар туысқа жәрдем беріп, аяқтанып кетуіне жәрдемдесетін. Ізеттілікпен үлкенге басу айтса, ”ағаны сыйлаған арымас” деп кішіге ақыл беретін, сыйластыққа сызат түсірмеуге тырысатын. Анам ауыл адамдарымен, көршілерімен де өте жақсы араласты. Әкем аудан деңгейінде шаруашылық адамы ретінде құрметтелсе, анам үздік сауыншы ретінде барша облысқа танылды.
Мәдина Ысқақова ел арасында соғыстағы ерлігімен ғана емес, еңбексүйгіштік қабілетімен де таныла түскен. Тұрмысқа шыққан соң кішкентай сәбиін арқалап жүріп, сабаннан үй тұрғызыпты. Жұбайының алаңсыз жұмыс істеуі үшін көңілін тауып, ауылдың қоғамдық шараларына қатысуды да ұмытпаған
“Біздің үйде дастарқан әрдайым жайнап тұратын. Өте қонақжай еді. Анамыз ауылдың үздік сауыншысы ретінде жұмысқа да үлгеріп отырды. Біздің жоғары білім алып, ел қатарлы азамат болып өсуімізге де көмектесті”,– деген Мәдина Ысқаққызының Серік, Бақыт, Аягөз есімді қыздары бүгінде аналарының ізетті жолын жалғастыруда.
Мәдина Ысқақова 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай “Отан соғысы” орденімен марапатталады. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмайды, сол жылдың жазында бұл дүниемен қош айтысты. Бір әттеген-айы, Көкшетау қаласының жергілікті музейі өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары су астында қалып, онда сақтаулы тұрған Мәдина Ысқақованың марапаттары бүлініп қалған. Бүгінде гвардия сержантының әскери мұрасының бір бөлігі осы қаладағы тағы бір музейде сақтаулы.
Мәдина Ысқаққызының көзін көрген жерлестері мен ұрпағы қайсар қызға “Халық қаһарманы” атағы берілсе деген ұсыныстары бар екенін айтады. Үлкен шаһарлардың біріндегі көшеге атын қою да қажетақ. Ер-азаматтармен қатар майдан шебіне аттанып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қайсар қыздың есімін ел есінде қалдыру үшін басқа да шараларды қолға алса артық болмас еді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
СУРЕТТЕ: М.Ысқақова.