«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ӘМІРЕ

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында облыс орталығындағы “Новый свет” кинотеатрында екі елдің кино күндерінің ашылу салтанаты өтті. Шарада қазақ өнерінің құдіретін Еуропаға танытқан хас талант иесі Әміре Қашаубаевтың өмірінен сыр шертетін “Әміре” фильмі көрсетілді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Досбол Әбдірисов кинотеатрға келген қалың қауымды кино күндерінің ашылуымен құттықтап, жуырда “Әміре” фильмінің Лос-Анджелес қаласында өткен Голливуд кинофестивалінің халықаралық байқауында “Best Global Hollywood Film” жүлдесін жеңіп алғанын айтты. Бұдан соң сөз алған 71-інші Канн кинофестивалінде “Үздік әйел рөлі” аталымында жеңімпаз атанған жерлесіміз Самал Есләмова туған жерге келіп, форумның куәгері болғанына қуанышты екенін жеткізді.

– Өңірімізде тарихи шараның өтіп жатқанының куәсіміз. Аталмыш форумның арқасында қызылжарлықтарға “Әміре” фильмін тегін көруге оңтайлы мүмкіндік туғанына ризамын. Өзім де авторлық киноларға түсіп жүргендіктен, бұл туынды жүрегіме жақын. Қазақтың өнері дүниежүзіне таныла берсін, – деді Самал Ілиясқызы.

Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов елімізде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұлы тұлғаларымызды жұртқа таныстыру мақсатында біраз жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Ал Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ саздыдрама театрының режиссері Фархат Молдағали өзінің Әміре атамыздың туған жері – Шығыс Қазақстан облысындағы Абыралы өңірінде дүниеге келгенін айтып, Қызылжар төрінде көрсетіліп жатқан кино мақтаныш сезімін оятып отырғанын жасырмады.

Ал “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов өңіраралық форумның маңызына тоқталды.

– “Мәңгілік Ел” боламыз десек, әрине, аспанымыз ашық, іргеміз берік, экономикамыз бен әлеуметтік саламыз үйлесім тапқан, дамыған, қуатты елдердің қатарына қосылуымыз керек. Ең бастысы, біздің ішкі және сыртқы жағдайымыз тұрақты болғаны жөн. Аллаға шүкіршілік етеміз, біздің туысымыздай болып кеткен көршілеріміз, сенімді серіктестеріміз бар. Солардың бірі – Ресей Федерациясы. Екі елдің арасындағы достықтың тамыры тереңде жатыр. Алдағы уақытта да байланысымызды нығайта түсуге зор мүмкіндік туып отыр, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы Еуропа жұртшылығын Әміре Қашаубаев осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын әнімен тәнті етсе, биыл Самал Есләмова актерлік шеберлігімен таңғалдырғанын айтып, жерлесімізге шығармашылық табыс тіледі.

Көрермен тағатсыздана күткен фильм Абыралы жайлауында қолына домбырасын ұстаған Әміренің әнімен басталады. Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcінің 130 жылдық мерейтойына орай түсірілген кинокартинаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ “Dar Play” компаниясымен бірлесіп көпшілік назарына ұсынып отыр. Фильмде өнер иесінің ерте үзілген ән-ғұмырының шуақты сәті, яғни 1925 жылы Францияның Париж қаласына сапары суреттеледі. Туындыда оның “ЭКСПО” халықаралық көрмесінің аясында өткен байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш етіп, күміс жүлде алған жері көрініс тапқан. Қа­зақ­­тың күміс кө­­мей әншісі жайлы кино түсіруге шетел ма­ман­дары қызы­ғу­шылық танытып, сце­нарийі­нен бастап, актерлік, режис­­серлік жұмысына дейін атсалысқан. Сценарий авторы – Бенд­жамин А.Ван дер Вин, режиссері Джеф Веспа болса, оператор – Мак­сим Осадчий. Фильм Латвияда, АҚШ-тың Лос-Анджелес қала­сында, сон­дай-ақ, Алматы облы­сының Үш­қоңыр ауылында түсірілген. Бас­ты рөлдерді отандық актерлер, атап айтқанда, Санжар Мәдиев (Әміре) және Ер­кебұлан Дайыров (Мұс­тафа Шоқай) сомдайды. Кино­туындыда Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы “Балқадиша”, ”Дудар-ай”, “Үш дос”, “Бес қа­ра­гер” және тағы басқа әндер орын­далды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp