Облыс орталығындағы “Алтын адам” қонақүй-мейрамхана кешенінде “Ұлт тағдыры” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі саясаттанушы Дос Көшім және “Жастар жетістіктері” қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова “Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру” тақырыбында семинар өткізді. Қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен ұйымдастырылған шараға жергілікті қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Жиын барысында сөз алған Дос Қалмаханұлы елімізде қазақтілді үкіметтік емес ұйымдарды дамыту кемшін түсіп жатқанын атап айтты.
– Республика бойынша 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым болса, солардың 5-6 мыңы ғана нақты жұмыс істейді. Өкінішке қарай, солардың қатарында қазақтілді ұйымдар өте аз. Әсіресе, бұл солтүстік аймақтарда анық байқалады. Демек, алдымызда оларды дамыту мәселесі тұр. Қоғам болған соң қайшылықсыз болмайды, әрбір өңірдің өзіне тән өзекті мәселелері бар. Мысалы, оңтүстік облыстардағы ұйымдар мүгедек жандарға қайырымдылық жасауға, ұлттық құндылықтарды оятуға баса мән береді. Еті тірі азаматтар қоғамдық бірлестіктер ашып, түйткілдердің түйінін шешуге атсалысуы керек. Ұйымның құрамында он адам болса жеткілікті, екі аптада тіркелуге болады, – деді саясаттанушы.
Дос Көшім атап өткендей, үкіметтік емес ұйымдар үшін стратегиялық жоспарлаудың маңызы зор. Бұл – қоғамдық ұйымдардың белгілі бір іс-шараны атқару алдындағы өздерінің қажеттілігін жүзеге асыру мүмкіншіліктерін анықтау, сол арқылы жұмыстың тәсілдерін жобалау. Ол үш мәселені анықтаудан тұрады. Біріншісі, мақсатты анықтау (ұзақмерзімді, орта мерзімді және қысқамерзімді мақсаттар айқындалады). Мақсатты айқындап, нақтыламаса, барлығы сөз жүзінде қалады. Спикердің айтуынша, көптеген ұйымдар идеяның негізін ту етіп алып, өздерінің күштерін, мүмкіндіктерін анықтамай, іс-шараны бастап жібереді де, жарты жолға келгенде тосылып қалады екен. Сондықтан мақсатты анықтау – қоғамның сол мәселені түсіне отырып, қолдауына жол ашады. Мақсат – өте түсінікті, нақты болуы, оны сол ұйымның мүшелері үш ауыз сөзбен жеткізіп бере білуі шарт.
Екінші мәселе – мүмкіндікті анықтау. Кейде мақсат айқын болғанмен, оны жүзеге асыратын күшпен, материалдық база жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан ұйымның мүмкіншілігін анықтап алмай, іс-шараны бастап кету үлкен қиыншылықтарға әкелуі ықтимал. Дос Көшім мүмкіндікті анықтағанда “кейін көре жатармыз, жұмысты бастап алайық, басқасы сосын шешіле жатар” деген сияқты екіұшты әңгімелер айтылмауы тиіс екенін атап айтты.
Үшінші мәселе – өздерінде жоқ, бірақ басқа жақтың көмегімен келетін мүмкіндіктерді есептеу. Стратегиялық жоспар сол ұйымның мүмкіндігімен шектелмейді. Бағдарламаны қолдайтын ұйымдар мен жеке азаматтардың көмегі есепке алынуы керек. Сондай-ақ, спикер жобаны қолдамайтындарды (қарсыластар) анықтау да маңызды екенін жеткізді.
Жиында үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуде 20 жылдық тәжірибесі бар тренер Жақсыгүл Маханбетова ұйымдардың құқықтық мәртебесі олардың қызметін реттейтін негізгі заңдар жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, “азаматтық сектор” үкіметтік ұйымдармен тең дәрежеде тұруы тиіс. Олардың әлеуетін арттыру үшін өңірлерден қоғамдық пікір көшбасшылары шығуы керек. Сондай-ақ, қазіргі таңда мәселенің шешілуіне әлеуметтік желілер арқылы жақтастарды табуға зор мүмкіндік бар.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.