«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚШАНЫ МЕҢГЕРГЕН РОБИН

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Жоғары медицина мамандығында екі жүзге жуық үндістандық студент білім алуда. Солардың арасында ағылшын тілімен шектелмей, қазақша үйренуге ниет қойғандардың бірі – Раджастан облысындағы Дольпор деген жерден келген Робин Сингх Пармар. Өңірімізде екінші жыл оқып жатқан он сегіз жастағы студент орыс тілінде ойын еркін жеткізе алады. Ол қазақ тілін де біршама меңгерген.

“Қазақстанның Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей сияқты қалаларында көптеген достарым оқиды”, – дейді Робин. Оған осы елге оқуға келуге кеңес берген де солар екен. Шетелдерден келген студенттер университеттің №10 жатақханасында тұрады. Робин онда өздері үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. 

 Жақында демалыстан келген студенттер оқуға қызу кірісіп те кетті. Робин гистология, патология, орыс тілі, тағы басқа пәндерден сабақ беретін оқытушылардың өте білімді әрі жан-жақты екенін айтты. Оның ойынша тілдерді меңгеруге ұстаздардың талабы да оң ықпал етуде.
Робинға біздің өңірдің қытымыр қысына үйрену қиындық туғызыпты. “Жазда Үндістанда ауа температурасы 50 градусқа дейін жоғарылайды. Сондықтан қысты Үндістанда, ал жазды Петропавлда өткізген ыңғайлы”, – дейді ол.
Робин Үндістандағы отбасы жайлы да айтып берді. Ол жақта оның ата-анасы, екі інісі тұрып жатыр. Бір інісі бизнеспен айналысуға үйрететін колледжде, ал кішісі мектепте оқиды екен. Үш жылдан соң оқуды тамамдайтын Робин Сингх Пармар балалар дәрігері болсам дейді. Үндістанда Қазақстанда алған дипломмен қызмет істеу үшін қосымша емтихан тапсырады екен.

 

Алина НҰРТАЗИНА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp