«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚШАҒА СУДАЙ

Өңірімізде тұратын өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілін жетік меңгерген жастар аз емес. Солардың бірі – Юлия Семенычева.
Ол – Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылының тумасы. Бүгінде Мәркен Ахметбеков атындағы мектептің 11-сыныбында білім алуда.

Сәби күнінен қазақ балаларының арасында өскендіктен, Юлияға қазақ тілінде білім алу қиынға соққан жоқ. Соңынан ерген бауырлары Александра мен Марина да әпкесі сияқты қазақшаға судай. Анасы Мария Николаевна балаларының бұл құлшынысын қолдайтынын жеткізді. Оның өзі де қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуге құштар. Мысалы, мерекелерде ұлттық тағамдар дайындауды жақсы дәстүрге айналдырған. Отағасы Олег Геннадьевич те балаларының жетістіктерін мақтан етіп, өз білгенін үйретіп жүр.
Юлиямен әңгімелескен кезде оның елгезек екенін байқадық. Үйде ата-анасымен, достарымен қазақша пікір алмасып, ойын анық жеткізеді. Болашақта өзі де шәкірт тәрбиелеп, қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын келер ұрпаққа үйретуді мақсат етіп отыр.
– Еліміздің әр түкпірінде тілі басқа болса да, тілегі бір көптеген этнос өкілдері тұрып жатыр. Болашағын осынау қасиетті жермен байланыстырған әрбір адам қазақ тілін, мәдениетін білуі тиіс, – дейді Юлия.
Ол мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі сайыстарда ауданның намысын қорғап жүр. Жақында облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өткен олимпиадада екінші орынды иеленді. Ол, сондай-ақ, ғылыми жоба жазып, аудандық деңгейдегі жарыстарда топ жарды. Абай өлеңдерін мәнерлеп оқуда да көзге түсіп үлгерді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі боламын деп талаптанған жасты білікті ұстаз Жанат Шалабаева білім нәрімен сусындатуда. “Юлия – алғыр оқушы. Тұңғыш рет оның қазақ тілінде сөйлегенін көргенде, таңғалғанымды жасырмаймын. Оның ұстаз болу арманының орындалуына қолымнан келген көмегімді аямаймын”, – дейді ол.
Болашағынан зор үміт күттіретін жас бос уақытында ауыл кітапханасына барып, ақын-жазушылардың шығармаларын оқуды әдетке айналдырған. Сөйтіп, сөздік қорын байытып, рухани азықтанып қайтады. Юлия жақында Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясын оқуды бастапты. Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақындардың өлеңдерін оқығанды да ұнатады.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp