«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚШАҒА ҚЫРЫН ҚАРАҒАНДАРМЕН КҮРЕС

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалында өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру міндеттері мен алдағы іс-қимыл жоспарларын саралауға арналған келелі жиын өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, тіл жанашырлары мен белсенділері, ақсақалдар алқасының мүшелері, қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері, басқарма, бөлім жетекшілері қатысты.

Алқалы басқосуды кіріспе сөз­бен ашқан “Nur Otan” партия­сы об­лыстық филиалы төраға­сының бі­рінші орынбасары Әсем Рахмето­ва күн тәртібіне ұсы­ны­лып отыр­ған тақырыптың ауқым­дылығын, ма­ңыздылығын, жиын­ның өтуіне об­лыстық ақсақалдар алқасы ұйыт­қы болғанын атап көрсетіп, алғаш­қы сөзді Пар­ламент Мәжі­лісінің де­путаты Кә­рібай Мұсыр­манға бер­ді.
Халық қалаулысы Тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңде қазақ тілін дамытуға, мемлекеттік мәртебесін қалыптастыруға, кө­те­руге Үкімет тарапынан нақты ше­шім­дердің қабылданғанын, қар­жы­лық қамтамасыз ету жа­ғынан да тұрақты қолдау көрсе­тіліп келе жатқанына тоқтал­ды. Заң шыға­ру­­шы орган тара­пынан атқарыл­ған шаралармен таныстырды. Кә­рібай Иман­жан­ұлы мемлекеттік тілге қатысты проблемаларды ше­шу дәйекті түрде жалғаса бере­тінін жеткізді. Бір ғана мысал, рес­пуб­ли­калық “Қазақ тілі” қоғамы мем­ле­кеттік тілді дамытудың ке­шенді бағдар­ламасын түзіп, Мәжі­ліске жолда­ған. Депутаттар жоба­ны қол­дап, Үкіметтің қарауына жі­берді. Де­путат мемлекеттік тілді бі­луді мін­­деттейтін мемлекеттік қыз­мет­тер тізбегін жасау секілді ұсы­ныс­тар қолдауға тұрарлық екенін айта келіп, Петропавл қаласында ны­сандарды жекеменшіктің қарауына беруге байланысты туындаған дау-дамайдан да хабардар екенін жеткізді.
– Президент Қасым-Жомарт То­қаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтара­лық қатынас тіліне айналдыру мін­де­тін қойып отырғанда қазіргі уа­қытта балабақшалардағы қазақ топ­тарын жабу еш қисынға кел­мейді. Алдағы уақытта мек­тептер де жеке адамдардың сенімді ие­лігіне өтеді. Сондықтан ата-аналармен байыпты әңгіме­лесіп, тү­сіндіру жұмыстарын жан-жақты жүр­гізу керек. Оқу-тәрбие үрдісін қатаң сақтау, бағаның қолжетім­ділігі басты талап­тар­дың бірі бо­луы тиіс. Мемлекет­тік нысандарға иелік еткен кәсіпкерге бақылауды босаңсытқаны үшін облыстық бі­лім басқармасының басшысы Гүл­мира Кәрімованы тәртіптік жауап­кер­шілікке тарту жөнінде аймақ бас­шысына ұсы­ныс жасау керек, – деді халық қалаулысы сөзінің со­ңында. Бұл ұсыныс жұртшылық та­рапынан қолдау тапты.
Жиында білім басқармасы бас­шысының орынбасары Вла­ди­мир Ткаченко 2020 жылдан бастап ен­гізілген – қанатқақты жоба­ларды жү­зеге асырудың жай-жап­сарын баяндады. Жеке ин­весторлармен жасалған қоста­рап­тық келісім­шарт қатаң бақы­лауда болаты­нын айтты. Олар өз беттерінше еш­қандай шешім қабылдай алмай­ды. Өзге­рістер туындаған жағдай­да екі ай бұрын ескертуге міндетті. “Ивуш­ка” балабақшасына 1986 жыл­дан күрделі жөндеу жүргізіл­ме­ген. Қалпына келтіру, жаңа жи­һаздар сатып алуға 21 миллион теңге жұмсалмақ. “Балдәурен” ба­ла­­бақшасына 16 миллион теңге ба­ғыт­талмақ. Владимир Сергее­вич сөзінің соңында қазақ топта­ры қалыпты жұмыс істейтінін, алаң­­дауға еш негіз жоқ екенін ай­тып түйіндеді.
Қалалық білім бөлімінің же­тек­шісі Сара Рамазанова сенімді бас­қаруға алған кәсіпкерлер жөндеу жұмыстарымен қатар жаңа үйір­ме­лер ашумен де ай­налысатынын жеткізді. Мұның бәрі Білім және ғы­лым министрлігі бекіткен стан­дарт­тар негізінде орындалатыны­на, төлемақы қым­баттамайты­нына сендірді. Оның айтуына қарағанда, балабашқа кезегінде бес мыңнан астам бүл­діршін тұр­са, 80 пайыздайы үш жастағы ба­лақайлар.
Алайда, шенеуніктердің жа­уапта­ры қоғам белсенділерін то­лық қанағаттандыра қойған жоқ. Ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов, алқа мүше­лері Зейнолла Олжабаев, Аман­гелді Кенжеғозин, ардагер жур­налистер Амандық Жантеміров пен Ахметжан Қуантаев, тағы бас­қалары қоғамдық диалогтың, ашық­тықтың болмауы салда­рынан осындай келеңсіз жайттар жиі кездесетінін, адамдардың мұң-мұқтаждары мен өтініш-ті­лектеріне дер кезінде назар ау­дару, жедел шешімдер қабылдау қажеттігін, әйтпесе, тиісті орын­дардың құлықсыздығы мен нем­құрайдылығы адамдардың ашу-ызасын тудырып, жоғары орган­дарға, БАҚ өкілдеріне дейін ша­ғымдануға мәжбүрлейтінін алға тартты. Облыс орталығында бір ғана таза қазақ балабақшасы жұ­мыс істейтінін, қалғандары екі тіл­де, болмаса тек орысша тәрбие беретінін қынжыла айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық тілдерді да­мыту басқармасының басшысы Кемел Оспановтың хабарламасы тыңдалды. Ол күрделі мәселе са­налатын ономастика саласына тоқталып, 216 көше атауының ауысқанын, 135 көше атауы өзге­ретінін, бірқатар мектептерге жер­лестеріміздің есімдері берілетінін тілге тиек етті.
Жиында сөз алғандар көрнекі ақпарат саласында орын алған кем­шіліктерді жою, елімізге есім­дері танылған тұлғаларға кө­ше аттарын беру, облыстық “Қа­зақ тілі” қоғамының жұмысын қайта жандандыру жолдарын ұсынды.

 

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp