«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚША ДИКТАНТ ЖАЗДЫ

Жақында 300 мыңға жуық қазақстандық “Астана – бейбітшілік бесігі” тақырыбында қазақ тілінде диктант жазды. “Мың бала” мәдени-ағарту жобасының аясындағы жалпы республикалық шараға жетпістен астам петропавлдық қатысып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетті.

“Достық” үйінде өткен шараға №17 орта мектеп оқушылары мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Диктант жазуға ниет білдіргендердің жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ. Сондықтан жастармен қатар аға буын өкілдері де қолдарына қалам мен қағаз алды.

– Бұл шара Қазақстан бойынша өтуде. Тіл мен дінге бөлінбей, еліміздегі этнос өкілдерінің барлығы да қатысып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін халқымыздың 95 пайызы қазақша сөйлеуі керек деген болатын. Тұрғындардың бүгінгі шараға қатысуға деген ықыласына қарағанда, бұл мақсатқа жету қиын емес сияқты, – дейді “Қоғамдық келісім” КММ-нің сарапшысы Сәлімхан Сәбитов.

Шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Диктант жұмысын тіл мамандары тексерді. Олардың айтуынша, нәтиже көңіл көншітерліктей болған.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp