Петропавлдағы қоғамдық көліктердің бірінде маған қарама-қарсы отырған жүзі жылы орыс қызының ұялы телефонынан қазақтың атақты ғұламасы Абай Құнанбайұлының өлеңіне жазылған, белгілі әнші Алтынай Жорабаева орындайтын “Сегіз аяқ” әні ойнап қоя берді. Түрі-түсі бейтаныс жас қыз: “Әйгерім, шыдай тұр, қазір келемін, келесі аялдамаға жақындап қалдым”, – деп телефон шалған құрбысымен қазақша анық сөйлесті. Ормандай қаптаған өзге этностардың ортасында өмір сүріп жатқан соң ба, түрі де, тілі де басқа жас қыздың қазақша ойын анық жеткізгеніне алғашында үйренісе алмай, таңырқай қарағаным да жасырын емес.
– Қазақ тілінде жақсы сөйлейді екенсіз, – деп қойған сауалыма еш кідірместен:
– Орыс қызымын. Есімім – Юля, – деді ол.
– Қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Қазақтың халық әндерін тыңдағанды жақсы көресіз-ау, шамасы? – деп жаңбырша жаудырған сұрақтарыма жауап берер тұста автобусымыз діттеген аялдамаға да жетті. Лезде байланысу нөмірін алып, өзімнің онымен кездесіп, әңгімелескім келетінін жеткіздім.
Қазағы сирек қоныстанған біздің өңірімізде ұлтымыздың тілін меңгеріп, тіпті дәстүрлі әнімізді үйренуге қызығушылықпен ден қойған орыс қызы жүрегі елім деп соғатын кімді болсын өзіне жіпсіз байлайтыны сөзсіз. Содан да болса керек, таныс та бейтаныс жанмен телефон арқылы хабарласып, жағдайын сұрауды жөн санадым. Әңгімелесе келе, оның қазақтың халық әндерін және авторы белгілі бола тұра халықтық сипат алған әндерін орындауына мектептегі ұстазының ықпал еткенін білдім. Бір қызығы Юляның мамандығы да, жұмысы да өнерден мүлдем алыс.
– М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін заңтану мамандығы бойынша тамамдадым. Құқық саласында қызмет ету бала күнгі арманым болатын. Ал қазақ тілінде ән айтуды, қазақ халқының ардақты ақын-композиторларының туындыларын орындауды Петропавлдағы “Дарын” мектеп-лицейінде оқып жүргенде үйрендім. Абай Құнанбаевтың жыл мезгілдеріне арнап жазған поэзиялық туындыларын оқып, қиын да күрделі қазақ тілін меңгеруге ықылас қойдым, – деген Юля бүгінде онға жуық халық әнін нақышына келтіріп орындайды. Олардың қатарында “Желсіз түнде жарық Ай”, “Айттым сәлем, қалам қас”, “Көзімнің қарасы” сынды қазақ ән әлемінде өзіндік орны бар, ұлттық рухани құндылығымызды айғақтайтын әндер де бар. Шәкәрім Құдайбердіұлының “Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек” әнін орындағанды жаны жақсы көреді. Дауыстың ең жоғары ноталарын қажет ететін, кең диапазонды әнді сүйсіне орындауының өз себебі бар. Мектепте оқып жүрген кездерде түрлі ән байқауларына осы әнмен қатысқан Юля бұл туындыны басқа әндерден өзгеше жақсы көреді. Демалыстарда бас қосқан кезде жақын құрбыларының да, әріптестерінің де қолқасы осы әнге түседі. Юля болса тамылжыта салып беруге әрқашан әзір.
Әңгімелесу барысында “Өңірімізде қазақ әнін құмарлана айтатын өзге ұлт өкілдері баршылық. Соңғы жылдары қазақ тілін үйренемін деген өзге этнос өкілдері де көбейіп келеді. Олардың бірқатары өнерін той-томалақтарда паш етіп, қосымша табыс көзін де тауып жүр. Бұған сенің көзқарасың қандай?” – деп сұрақ жолдағанымызда:
– Жоқ. Мағынасы терең, адам жанының қалтарыс-бұлтарысын әуенімен ұғып, рақатқа бөлейтін қазақтың әндері – менің жүрегімнің емі, көңілімнің қалауы, – деді Юля.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.