«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ БАТЫРЫМЕН МАҚТАНАМЫЗ

Тимирязев ауданындағы Дмитриевка ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Берлинде Рейхстагқа ту тіккен қазақ жауынгері, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналған көрме өтті.

Бұл шараны қашықтан тамашалаған көпшілік сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырдың өмірімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Көрмеге Отан үшін от кешкен жауынгердің ерлігін дәріптейтін құнды кітаптар мен естелік жинақтар қойылды.
“Едәуір уақыт өткен соң рейхстаг жақтан бораған оқ сәл саябырлағандай болды. Көк түтін бе, көтерілген шаң ба, алдымыз бұлыңғыр тұман болып кетті. Оның арасынан фашистердің ордасы әрең көрінеді. Осы бір сәтті пайдаланып жүгірсек, жау бізді рейхстагқа жеткенше көрмей қалуы мүмкін еді, сондықтан алға ұмтылуға бел байладық… Рейхстагтың сатылы табалдырығына аяғым тие бергенде, оң жақ санымнан біреу ұрып қалғандай болды. Григорий бұл жерге менен екі метрдей бұрын жетті-ау деймін. Екеуміз биік тас діңгектің арғы бетіне жабысып тұра қалдық”, – деген (“Жеңіс жалауы”, 1978 жыл) Рақымжан Қошқарбаевтың естелігі әрбір оқырманның жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Жалпы, оның өнегелі өмірінен, ерлік істерінен сыр шертетін шығармалар аз емес. Халық қаһарманын өз туындыларына арқау еткен ақын-жазушылар аз емес. Бұл құнды еңбектер біздің кітапхана сөресінде қаз-қатар тізіліп тұр. Жеңіс күні қарсаңында өскелең ұрпақтың отаншылдық сезімін оятатын майдангерлердің өмірі мен ерлігіне арналған басқа да танымдық шаралар қашықтан өткізіліп жатқанын айтып өткеніміз жөн.

 

Гүлфайра СЫЗДЫҚОВА,
кітапханашы.
Тимирязев ауданы.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp