«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҰЛТ БІРЕУ ҒАНА демек, төрткіл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың ұлттық болмысы, рухани қазынасы бөліп-жаруға жатпайтын ортақ байлығымыз деген сөз

 

Бағытымыз – Қорған облысының Макушин ауданы. Діттеген мақсатымыз – осы өңірде тұратын қандастарымыздың құрылтайына қатысу, тыныс-тіршілігімен танысу. Делегация жетекшісі – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық бөлімшесінің үйлестірушісі Сағындық Салмұрзин, мүшелері – Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанкелді Тәжин, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің қызметкері Амангелді Бекмұратов және осы жолдардың авторы.

Тағы бір мүшеміз – Бокең туралы сөз ерекше. Бокең деп отырғанымыз – Боранбай Бижігітов; текті тұқымнан екені түр-тұлғасынан, жүріс-тұрысынан, сөз саптасынан қапысыз аңғарылады. Тоқтар, Бижігіт деген аталары мыңғыртып мал өсірген. Мешіт салып, медресе ашып, балаларға Құран аяттарын, шариғат ілімдерін үйреткен. Бұл әулеттен алты адам қажылық парызын өтеп қайтқан. Қазақтың арғы-бергі тарихында елдің еңсеріле көшулері аз болмаған. Сондай зарлы көштің бірі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары орташа дәулеттілерді де байлардың санатына жатқызып, мал-мүлкін күшпен тартып алып, қаңғытып жіберуі. Өніп-өскен жерлері Шал ақын ауданының Бестөбе ауылы. Қуғын-сүргін уақытында замана дауылымен жөңкіле көшіп, Ресейге табан тіреген. Байкенже қажының кіндігінен өрбіген алты ұл-қыз жат жерде туса да, ел деген ұлы ұғымды көздің қарашығындай қастерлеп өскен. Ата-аналары еркін күндер бастан ауған кері заманда да жақсылықтан күдер үзбеген. Балаларына қайтсе де ат қазығын байлар атамекенге оралуды аманаттаған. Барлығы да әке өсиетін, ана арманын бұлжытпай орындап, бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтерекке, мәуелі шаңыраққа айналған. Немере-шөберелері білім алып, азамат қатарына қосылған. Саналы ғұмырының көп жылын басшылық жұмыстарға арнаған Боранбай ағамыз – Дүниежүзі қазақтарының төрт Құрылтайына делегат ретінде қатысқан санаулылардың бірі. Ол Макушин ауданында тұңғыш ұлттық мәдениет фестивалін ұйымдастырушы, “Шаңырақ” орталығын құрушы ретінде де танымал. Айтары аз емес. Әріден қайырып, елдіктің, ел болудың қамы жайлы толғана сөйлейді. Туған жерге оралысымен “Тамыр” қоғамдық бірлестігін құрып, игі дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлес қосып жүрген жайы бар.

Асфальт жолда желдей жүйткіген жеңіл көлікке жер алыс па, әне-міне дегенше, Обутковское селосына да жеттік. Ұйымдастырушылар “Туған жер!” атты мәдениет фестивалін қалың ағаш баурайында орналасқан ірі елді мекенде өткізуді қош көріпті. Басшымыз Сағындық Салмұрзин: “Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында қазақстандықтарға “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мына фестивальдың ақылдасқандай орайлас келуін қарашы! Бізде бұл бағдарлама “Туған елге” деген ауқымды жобаға ұласады”, – деді бел босатып, аяқ дамылдатар сәттің бірінде.

Бұл сөздің өзіне қаратыла айтылғанын сезді білем, Обутковское селолық кеңесінің басшысы Бектас Женалимов оның ойын қостап, алқалы басқосуға облыстық ұлттық-мәдени автономиясы бастамашы болып отырғанын жеткізді. Бекеңнің атақонысы – Жамбыл ауданының Баян ауылы. Сонау бірін-бірі біліп болмайтын дүрбелең кезеңде аталары тағдырдың тәлкегіне ұшырап, ішке өтіп кеткен. Өзі 90-шы жылдардан бері селолық кеңес төрағасы қызметінде. Зейнетке шықса да, үлкен сенім көрсетіліп, тағы бес жылға сайланыпты. Сыртта жүрсе де, үлкен беделге ие. 220 түтіні бар селода 50-ге жуық қазақ отбасы тұрады екен. Ең үлкені – Байтөсов Жұмаш ақсақал, 87-де. Оның Қуанышбай деген ұлы ірі фермерлердің бірі. 500-дей қой, 50 ірі қара, қырық шақты жылқы өсіреді. Бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Келіншегі Зейнеш ақкөңіл жан екен. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды нақты іспен дәлелдеп жүргені бәрімізді тәнті етті. Күйеуі сияқты тұйық емес, әңгімеге келгенде шешіліп сала берді. Айтуынша, осы селода 28 жыл тұрып келеді. Ата-енесі қолында. Селода екі бие байлап, қымыз ашытып отырған – осы отбасы ғана. Күніне 10-12 литр сусын дайындайды. Фестивальға 100 литр қымыз әзірлеп әкеліпті. Әр литрі 240 рубльден сатылғанына қарағанда, мұнда қазақтың ұлттық тағамы жоғары бағалана ма деп қалдық. Бұдан тысқары қаймақ, сарымай сатып, аптасына біраз табыс табатын көрінеді. Солтүстікқазақстандық қыз-келіншектер ескеретін үлгі-өнеге екен деген ойымызды ішке түйдік. Қуанышбайдың Амантай, Серік деген ағалары да кәсіпкерлікте жүр.

Міне, көптен күткен фестиваль да басталды. Алдымен әр ауданның қолданбалы өнер көрмелері мен дәмділігі тіл үйіретін ұлттық тағамдар жаймасы тамашаланды. “Ашамайға мінгізу” рәсімі көрсетілді. Алаңқайға тігілген ақшаңқан киіз үйлер әдемі жарасым тапқан. Олардың бірін қостанайлық кәсіпкер Өмірзақ Еқтиләпов сыйға тартыпты. Жомарт қолды азаматтың бұл демеуіне бәрекелді дейсің!

Макушин ауданының басшысы Виктор Воротынцев өз сөзіне “төскейде малы, төсекте басы қосылған”, тарихи тамырластығы әріден өрбитін Қазақстан мен Ресей арасындағы достыққа, көршілік татулыққа ерекше екпін түсіріп, осында тұратын қазақтардың ауызбірлігін, еңбекқорлығын сүйсініспен атап көрсетті. “Шекаралық аймақта орналасқандықтан, Солтүстік Қазақстан облысымен экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстарымыз жан-жақты дамып келеді”, – деді Виктор Демьянович.

Орал өңірі халықтары ассамблеясының төрағасы Владимир Уфимцев аузын ашса, көмекейі көрінетін ақкөңіл, бауырмал жан екенін Қызылжар өңіріне келгенде бірнеше мәрте байқағанбыз. Бұл жолы да сол дағдысынан жаңылмай, әлқиссасын “Ассалаумағалайкүм!” – деп бастады. Сөзін түйіндегеннен кейін бір топ қазақ азаматтарын марапаттады.

Қорған облысының құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы Валентина Федорова жасы 80-ге келіп қалса да, фестивальға қатысуды жөн көріпті. Белгілі ғалым Астанада үш рет болып, алқалы басқосуларда баяндама жасапты. Гумилев атындағы Еуразия университетіндегі құрмет тақтасында суреті ілулі тұр. Бірнеше жыл бойы осындағы диссертациялық кеңестің белді мүшесі болған. Қазір славян және түрік тілдерінің өзара байланысы, бір-біріне ықпалдастығы жайлы зерттеп жүр екен. Оның пайымды ойлары жиналғандарға ерекше әсер етті.

Мінбеге Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов көтерілгенде ду қол шапалақ соғылып, айрықша ізет көрсетілді. Бес ағайынды Ораловтар кәсіпкерлік саланы ұршықша үйіріп, бірнеше бағыт бойынша тұрғындарға сан-салалы қызмет көрсетеді. Олардың меншігінде қонақүй, автотұрақ, бірнеше дүкен бар. Құрылыспен, егіншілікпен, түрлі түсті металл жинаумен де айналысады. Әулеттің кенжесі Қайратқа үлкен сенім артылып, былтыр автономияның тізгіні ұстатылыпты. Бір жыл ішінде атқарылған шаруалар кеңес мүшелері бас қосқан алқада талқыланып, оң бағаланыпты. Қайрат Науанұлы Құрылтайға қатысушылар атынан аудан басшысының иығына шапан жапты. Автономия жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрген бір топ белсендіге Алғыс хаттар табыс етті. Ауданда екі мыңға жуық қандасымыз тұрады. Қай-қайсысы болсын қазақ атына кір келтірмей, ұлт намысын жоғары ұстап жүргені қуантады.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы жергілікті бөлімшесінің үйлестірушісі, делегация жетекшісі Сағындық Салмұрзин солтүстікқазақстандықтардың жалынды сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізіп, облыс өмірінен сыр шертті. Биыл Астанада Дүниежүзі қазақтарының бесінші Құрылтайы өтетінін, оған Ресейден делегация баратынын хабардар етті.

Концерттік бағдарлама фестиваль шырайын аша түсті.

Біз осы жолғы сапарымызда шетте жүрсе де, “Қазақстан” ұғымын жүрегінің түкпірінде сақтап, парасат-біліктілігімен, еңбекқорлығымен қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытып жүрген намысшыл, мінезді, жігерлі қандастарымыздың мәнді мәдени өмірі мен қалыпты тыныс-тіршілігіне қанығып, риза болып қайттық.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қорған облысы,

Макушин ауданы,

Обутковское селосы.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp