«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚ” ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Ұлты неміс болса да, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын жетік білген көрнекті жазушы, публицист, зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Карлович Бельгер саналы ғұмырында: “Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым”, – деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті.

Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Гераға көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, “Гете мен Абай”, “Асылға абай болайық!” сияқты екі мыңға тарта мақала және көркем әңгімелер жазды. Қазақтың тілі, мәдениеті, өнері, бірлік, ұлтаралық ымыраластық туралы қалдырған қадау-қадау қағидалары қаны неміс болса да, жүрегі “қазақ” деп соққан жазушының бітім-болмысын өзгелерден даралап, ақиқаттың жаршысына айналдырғаны бек шындық.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Қазақ халқының неміс ұлы” деген атаумен өткізілген аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда да қазақтың шын жанашырының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы, түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен шығармалары әңгімеге арқау болды.

Жиынға қатысқан жергілікті білім ордаларының оқытушылары, тіл мамандары, студенттер қауымы алдымен “Герольд Бельгер” деректі фильмін тамашалады. Онда жазушының ерке Есілдің жағасындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында өткен балалық шағынан бастап, өмір кеңістігінде, өнер жазирасында дара соқпағын салған қаламгерлік ғұмыры қамтылған.

Конференцияның ұйымдастырылуына ұйытқы болған “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная жиналғандарды шараның көздеген мақсатымен таныстырып,Г.Бельгердің өмірі мен шығармашылығына тоқталып өтті.

“Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер” кафедрасының меңгерушісі Нұрболат Әбуов немістердің біздің өңірімізге күштеп жер аударылу тарихы туралы айтып берді. “1941 жылы ол ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылған. Қаламгер осыдан бастап өңіріміздегі қазақ ауылында өсті. Жас құрақтай жеті жасында халқымыздың қонақжайлығына куә болған ол қазақ әдебиетінің, тілінің нағыз жанашырына айналды”, – деді Нұрболат Әскерұлы.

Алматыдағы “Видергебурт” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Дедерер, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Александр Мерк, осы оқу орнының шет тілі пәнінің оқытушысы Галина Глухова ұшан-теңіз білімі, ерен еңбекқорлығы арқылы ұлттық бірлігіміз бен татулығымыздың нығаюына атсалысқан тұлғаның артында қалған мол мұрасы жайлы әсерлі сөз сабақтады.

Конференция барысында сөз алған өзге де азаматтар ізгілік пен бірлікті, намыс пен ар-ұятты өміршең шығармаларының өзегіне айналдырған, “мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын” деген бірауыз сөзімен қазақ халқына деген ыстық ықыласын, мәрт махаббатын білдірген кемел тұлғаның өнегелі өмірін, қарапайым мінезін, соны суреткерлігін дәттеді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp