1933 жылы Мәскеуде Алаштың ардақты перзенті Смағұл Садуақасов қайтыс болғанда ақын Мағжан Жұмабаев:
Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айырылып,
Қайран қазақ жүрегінде жара екен, – деп қайғы жұтады.
Смағұл Сәдуақасовтың өзі замандасы туралы: «Мағжан – қазақ жастарының ой-санасының әміршісі» деген пікір білдіріпті.
Смағұл Сәдуақасов – қазақ жастарының қозғалысына үлкен күш салған, алғашқы жастар ұйымдарының жұмысын ұйымдастырып, ой-санасы азат азаматтардың өсіп шығуына мол үлес қосқан тұлға. Сондықтан да қайраткердің осы бағыттағы еңбегіне тоқталғанды жөн көрдім.
1916 жылы Смағұл Сәдуақасов Омбы қаласына оқуға түсуге келеді. Алайда ауыл шаруашылығы мектебінің шәкіртақысын иелене алмай, амалсыз қайтуға мәжбүр болады. Осы сәтте Омбыда оқып жүрген жолдастары оған қол ұшын созып, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Ахмет Әбдірахманұлы, Сүлембек Бижанұлы, Мұхтар Саматұлы сияқты жастар оқуына қажет қаражатты жинап берген. Кейін бәрі 1918 жылы алашшыл «Жас азамат» ұйымының айналасына топтасады.
Төңкерістен кейін жасы жиырмаға жетпеген Смағұл Сәдуақасов Алаш Орданың Ақмола облыстық үкіметін құруға атсалысады. Ал 1918 жылдың 5-13 сәуірі аралығында Омбыда қазақ жастарының съезін ұйымдастырады.
Кеңес үкіметі орнаған тұста Смағұл өзге алаштықтармен қатар жаңа бағытта жұмыс істеуге көшті. 1920 жылы ол Күншығыс ұлттары жастарының бірінші конференциясы на өкіл болып, қазақтардың атынан сөз сөйлеген. Осыдан кейін Күншығыс жастары ұйымының бюро мүшелігіне сайланады. Кейін жалынды жас Орынборға шақырту алып, Аймақтық жастар комитетінің хатшысы болды. Бұл бағыттардағы жұмыстарда біраз тәжірибе жинаған тұлға Орынбордағы қазақ жастарының курсында дәріс оқиды. 1920 жылдың 4 қазанында ол қазақ кеңестерінің бірінші съезіне қатысып, жас коммунистер атынан сөз сөйлейді. Сол жиында ұлтжанды азамат: «Бiз, жacтap, aвтoнoмия ұғымына үлкeн мән бepiп қapaймыз. Хaлықты тәpбиeлeп, бeйнeтқopлapғa бipiктipeтiн бiздiң ұйымымыз ғaнa дeп қapaймыз. …Жacтap жаңа кезеңдегі өмipгe өз бacтapын бaйлaп кipicтi. Үлкeн aғaлapдың осы жoлдa aдacпай, түзy жүріп, келешек ұрпаққа тaбыстауына ceнeмiн», – деп барша елге үндеу тастаған екен.
Алайда Алаш қайраткерінің жастар ұйымдарындағы қызметі туралы жиі айтыла бермейді. Бұл туралы академик Диқан Қамзабек былай жазады: «Peтi кeлгeндe aйта кеткен де дұрыс шығар, бүгінгі таңдағы жacтap қoзғaлыcының бacшылapы C.Cәдyaқacұлы хaқындa аса көп біле бермейді дece бoлғaндaй. «Oлapдaн Қaзaқcтaндa aлғaшқы жacтap одaғының ұйытқыcы бoлғaн кiмдep?» деп cұpacaңыз, Ғaни Мұpaтбaeвты ғaнa aйтуы мүмкiн. Aлaйдa oлap Ғaни түpкi жәнe мұcылмaн хaлықтaрынa opтaқ Oтaн бoлғaн Түpкicтaн Aвтoнoмиялы pecпyбликacы жacтapынa жeтeкшiлiк eткeнiн бiлe бepмece кepeк. Болaшaқтa «Қaзaқ aвтoнoмияcы» рeспyбликaдaғы жacтap одaғының тұңғыш хaтшыcы кiм бoлғaн?» дeгeн caуaлғa дұрыc жayaп бepiлce eкeн дeймiз».
Смағұл Сәдуақасовтың жастар бірлестіктеріндегі қызметі туралы айтқанда Омбыдағы «Бірлік» ұйымы туралы да айтпай кетуге болмайды. 1913 жылы құрылған ұйымның тізгінін алашшыл жастар ұстаған. Әлі күнге табылмай келе жатқан «Балапан» қолжазба журналы да «Бірліктегі» жастардың арқасында шығып тұрған. Смағұл Сәдуақасов «Жастарға жаңа жол» кітабында қазақ даласында 1917 жылы 21 жастар ұйымы болғанын жазады. Ондағылар ақылдаса келе ортақ ұйым құруды ұйғарып, оған «Жас азамат» деген атау береді. Кейін Қызылжарда осы аттас газет шығады. Өз еңбегінде қайраткер бұл жұмыстарының мақсатын былай көрсеткен: «Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау. Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сезімін сіңіре беру».
Дина КҮМІСБЕКҚЫЗЫ,
Имантау орта мектебінің оқушысы.
Айыртау ауданы.