Облыс орталығындағы Достық үйінде немістердің өңірімізге жер аударылғанына 75 жыл толуына орай еске алу шарасы ұйымдастырылды. Бұл қиын-қыстау заман кейінгі буынға тарих қана болса, аға буын үшін – тағдырдың тәлкегі.
Жанары жасқа толған ақсақалдардың бірі – Адольф Кохтың отбасы Солтүстік Қазақстан жеріне Пятигорск қаласынан еріксіз көшірілген. Еңбекке жарамды өзге де қандастары сияқты ол да жұмысқа жегіліп, 13 жасында шахтаға түскен. Ал Эмма Шефер тағдырдың айдауымен Мамлют ауданына тұрақтаған. 90 жастағы кейуана тарихтың қойнауында қалған сол жылдарды күрсіне еске алды.
– Жұмысқа бару үшін 7 шақырым жаяу жүретінбіз. Қай жерге жұмыс күші қажет болса, сонда жіберетін. Құм тасыдым, құрылыста істедім. Кейін ауыл шаруашылығына араластым. Әйел, бала, еркек деп бөлмей, бәрін бірдей ауыр жұмысқа салды, – дейді ол.
Бүгінгі таңда өңірімізде 20 мыңдай неміс этнос өкілі басқалармен терезесі тең жағдайда тұрып жатыр. Сұрқия саясаттың құрбанына айналған аталарын еске алған бүгінгі ұрпақ қазақ халқының арқасында аман қалғандарын айтып, елімізге тыныштық пен бірлік тіледі.
Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН,
журналист.