«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫ

Одақ көлеміндегі ең алғашқы журналистика институты 1934 жылы Алматыда ашылуы бекер емес. Өйткені, оған сұраныс болды, халықтың көкейіне сенім мен білім ұялатуға дайын жастардың тарапынан ұсыныс та дер кезінде жасалды. Соның нәтижесінде саламыздың қыр-сырына баулитын тұңғыш мектеп – Қазақ коммунистік журналистика институты құрылды. 1934 жылы оның алғашқы басшысы болып жерлесіміз Үмітбай Балқашев тағайындалды. Аталмыш лауазымға оның көп жылдық жұмыс тәжірибесі әбден лайық еді.

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің фойесінде қарашаңыраққа басшылық еткен барлық декандардың суреттері қаз-қатар тізілген. Галереядағы екінші суретке еріксіз назарыңыз түседі: көзқарасы қатал, батыр тұлғалы азамат. Өзі толтырған сауалнамада Үмітбай Балқашев 1898 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келгендігін айтқан. Қазақ автономиясының астанасы – Орынборда жұмысшы факультетінде оқыған, Мәскеу мемлекеттік университеті педагогика факультетінің қоғамдық-экономикалық бөлімінің студенті бола жүріп, партия қатарына өткен. Осы кезде Үмітбай Меңдекеұлы өзінің жерлесі, ақын Мағжан Жұмабаевпен жақын араласуға мүмкіндік алады. Ташкенттегі қызметінен соң Мағжан Мәскеуде жоғары әдебиет-көркем-өнер институтында оқи жүріп, Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінің студенттеріне тіл үйретеді.

Үмітбай Балқашев еңбек жолын Ақмола губерниясы Еменалы болысындағы Қазақ кеңестік мектебінде мұғалім болып бастады. Одан кейін Петропавл қаласындағы уездік комсомол ұяшығында ұйымдастырушы-нұсқаушы, Еменалы болысындағы комсомол комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Мәскеуден оралған соң Алматыдағы қазақ мемлекеттік баспасында саяси редактор, қазақ педагогикалық институтының сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі, сол институтта диалектикалық және тарихи материализм кафедрасында ассистент, доцент, аталмыш оқу орны директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.

Ұстаздықты ұлағатты кәсіп деп білген Үмітбай Балқашев журналистердің ұстаханасын басқара жүріп, философиядан дәріс оқыды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін үзбей маман даярлады. Майдан баспасөзін қолдау мақсатында 1942 жылы Мәскеудегі Қазақ өкілеттілігінің қарамағына ауысты. Соғыс басталған шақта Үмітбай Балқашев майдандағы “Отан үшiн” және “Қызыл Армия” қазақ газеттерінің редакторы болды.

Мына бір дерекке ерекше назарымыз түсті: майдан даласына аттанарда ол өзі тұрған бөлмені босатып кетеді. Эвакуация кезінде, 1941 жылдың қазанынан 1943 жылдың көктеміне дейін ол бөлмеде белгілі мәскеулік жазушы-сатирик М.Зощенко тұрған. Жазушы көршілерінің қайырымдылығының арқасында (Балқашевтің жары мен үш баласы көршілес бөлмеде тұрды) аштықтан аман қалғанын және “Перед восходом солнца” повесін бастауға мүмкіндік туғанын ерекше тебіреніспен еске алады. Аталмыш шығарманың алғысөзінде М.Зощенко қазақтың қаласы мен оның тұрғындарына деген ерекше ілтипатын жеткізген. Үмітбай Балқашевтің отбасынан мол шапағат көрген жазушы 1943 жылы Мәскеуге орала салып, шаңырақ иесімен кездесуге асығады.

Зерттеуші Р.Соколовский: “Зощенко соғыстың ең ауыр жылдары өзіне пана болған қазақтың қонақжай қаласы мен халқын ұмытқан жоқ. Ол “О юморе в литературе” мақаласында қазақ сықағының фольклорлық бастаулары туралы кеңінен сөз қозғаған. Ол кезде Қазақстанда жазбаша сатира болған жоқ еді. Осы жанрды қалыптастыру жолында еңбектеніп жүрген қазақ әдебиетінің негізін салушылар сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналып, қазақ сатирасы бұрынғыдай ауыз әдебиетінде, нақтырақ айтқанда ақындардың өлеңі мен Алдар көсе туралы ертегілерде ғана өмір сүрді. Күлкі шақырмай қоймайтын бұл ертегілерді орыс тіліне алғаш аударған да – Зощенко. Қазақ фольклорымен жете танысудың арқасында сатираның қазақ халқымен біте қайнасып келе жатқанына жазушының көзі жетіп, сықақ халықтың жазба әдебиетінен де тиісті орын алуы керек деген қорытындыға келді”, – деп жазады.

Сөздің емес, істің адамы ретінде өз ортасында аса сыйлы болған Үмітбай Балқашев қол астындағыларға үнемі қолдау көрсетіп, жауапты жетекші бола білді. Мұрағаттағы құжаттардың арасында оның өз жазбасы да сақталыпты. Онда: “Қазақ журналистика институты университет құзырына өтіп, кредиттің жабылуына байланысты, 1.VII – 7. VII аралығындағы кезеңде институттан жалақы ала алмадым. Сондықтан негізгі еңбекақымнан 1000 рубль және шалғайдағы қызметім үшін 260 рубль үстемеақы төлеуіңізді сұраймын. 12 VIII. 1941 ж.”, – делінген. Әскери журналистер майдандағы сарбаздармен теңестірілетіні белгілі. Балқашев бірге жүрген майдандастарының ерік-жігерін жаныды, жауды тезірек талқандап, Отанға жеңіспен оралуға деген сенімдерін арттыра түсті. Соғыс аяқталған соң ол жоғары оқу орнында сабақ беріп, жүзге тарта ізбасарын даярлады. Үмітбай Балқашевтің өз ұрпақтары да әке атын өшірмей келеді. Қызы Римма Үмітбайқызы – энергетика саласының ардагері, “Ардагер энергетик. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы” (2009) атағының кавалері. Ол ұзақ жылдар бойы “Казсельэнергопроект” институтында қызмет етті.

Өкінішке қарай, қазақ журналистика мектебінің бастауында тұрған азаматтардың есімдері көлеңкеде қалып келеді. Қазақстандағы журналистік жоғары білім беру жүйесінің 80 жылдығы қарсаңында отандық медиа білім ізашарларының еңбегіне лайықты баға берілуі керек деп есептейміз. Әсіресе, Қазақ журналистика институтын бірнеше жыл бойы табан аудармай басқарған бірінші директоры Үмітбай Балқашевтің есімі атаусыз қалмауы тиіс. Бүгінде аталмыш оқу орнының озық дәстүрін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті жалғастыруда.

Қайролла МҰҚАНОВ,

халық ағарту ісінің ардагері,

“Мәдениет қайраткері”,

өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp