Облысымызға жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Айыртау ауданындағы Ботай қонысына барды. Өңірдегі туризм саласының даму барысымен танысып, «Ботай – ұлы дала мәдениеті» халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушыларымен кездесті.
Суретшілер, археологтар және тарихқа құмар жастармен болған кездесуде Ботай мәдениетін әлемге таныту, туристер тарту жайы кеңінен сөз болды. Симпозиумға әлемнің бірнеше елінен келген қылқалам шеберлері Айыртау ауданының көрікті келбетін кенеп бетіне түсіреді. Апталық шара нәтижесінде қаладағы арт-галереяда сурет көрмесі ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Мәдени шаралар легі ертеңіне облыс орталығында жалғасты. Елордалық мейман өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге жуырда ашылған «Ботай» монументінде болды. Мәдени нысан Қала күніне орай бой көтерген. Алыстан менмұндалап көз тартатын монумент жылқының алғаш рет Қызылжар топырағында қолға үйретілгенін айғақтап тұр. Биіктігі 14 метрді құрайды. Нысанның төменгі бөлігі граниттен қашалса, жоғары жағы, яғни ат, ер адамның бейнесі, жер шары мен таңбалы тастар қоладан жасалған. Аумағы толығымен абаттандырылған.
«Ескерткіштің дизайны жан-жақты ойластырылыпты. Тұмса табиғатымен танымал, тарихы терең теріскейде осындай нысандар көптеп ашылғаны дұрыс», – деді Ермек Көшербаев.
Содан кейін вице-премьер мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңа жатақханасында болып, оқу орнының жетістіктерімен танысты. Ашылған сәтте елдегі ең үлкен жатақхана саналған нысан 1200 адамға шақталған.
– Шетелдік университеттердің ең бірінші филиалы осы өңірде ашылды. Биыл алғашқы лектегі 30 бала АҚШ-қа аттанады. Олар мұхиттың арғы жағында биотехнология, компьютерлік инженерия, инклюзивті педагогика мамандықтары бойынша білім алмақ. Келесі жылы Америкаға 130-дан астам студент барады деп күтілуде. Бағдарлама қабылданған алғашқы жылы еліміздің 6-ақ облысынан талапкерлер оқуға өтініш білдірсе, былтыр 18, биыл 19 өңірден түлектер келді. Бұл Қызылжарды академиялық орталық етіп қана қоймай, өңірдің экономикасын да дамытуға септесуде, – деді Саясат Нұрбек.
Соңғы жылдары жергілікті университетте ғылымды қаржыландыру 6 есеге артқан. Бүгінде оқу орны бюджетінің 26 пайызы ғылымға тиесілі. Биыл университет мега-грант жеңімпазы атанды. Оның аясында зертханалар салынып, генетикалық зерттеу орталығы ашылады деп жоспарланған.
Ботай мәдениеті – ежелгі адамдар қонысы ғана емес, төл тарихымыздағы сабақтастықты төрткүл дүниеге жарқыратып көрсеткен құнды ескерткіш. Оны жан-жақты зерттеу әлі күнге дейін өзекті. Бұл туралы облыс орталығында өткен «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен айтылды. Айтулы шараға Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен отандық және Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Әзірбайжан сияқты алыс-жақын шетелдерден келген зерттеуші ғалымдар қатысты.
Конференцияны тарих ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Халықаралық кампусының атқарушы директоры Әсет Жеңісов жүргізді. Конференцияның өтуіне Түркі мәдениеті және мұрасы қоры қолдау көрсеткен. Жиында Ермек Көшербаев құттықтау сөз сөйлеп, Ботай мәдениетінің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» конференциясын еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастыру туралы бастама көтерді. Ботай мәдениетін көпке таныту ұлт тарихын бірнеше мыңжылдыққа дейін шегеруге мүмкіндік беретінін айтты.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жиынға арнайы қатысқан қонақтарға ризашылығын білдіріп, бұл уақыт пен кеңістікті жалғайтын, тарихты бүгінмен байланыстыратын үлкен рухани оқиға екенін жеткізді.
– Солтүстік Қазақстан облысы – Ботай мәдениетінің бесігі. Ботай қонысы әлем ғылымына тың жаңалық әкеліп, Еуразия даласының адамзат өркениетіндегі рөлін қайта қарауға мүмкіндік берді. Ботай – біздің өңірдің брендіне айналды. Бұл – біз үшін ғылыми ғана емес, мәдени, туристік және танымдық бағыт. Осы бағытта біз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. «Ботай» музей-қорығы қайта жаңғыртылып, жаңа туристік бағыттар жасақталуда, шетелдік ғалымдармен әріптестік байланыс орнатудамыз, – деді Ғауез Торсанұлы. Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зейнолла Самашев, Франциядан келген археолог, биоантрополог Бендезу-Сарминто Хулио сынды отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасады. Конференцияға Ботай қонысына қазба жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның археология ғылымының жетістігін әлемге танытқан белгілі ғалым, марқұм Виктор Зайберттің отбасы мүшелері де қатысқанын айта кеткен жөн. Ғалымдар тарапынан жерлесіміз жайлы жылы естеліктер айтылды. Конференция жұмысы одан әрі секциялық отырыспен жалғасты.
Диас АЯҒАН,
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.