«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ОРТАҚ ҚАЗЫНАСЫ

Облысымызға жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Айыртау ауданындағы Ботай қонысына барды. Өңірдегі туризм саласының  даму барысымен танысып,  «Ботай – ұлы дала мәдениеті» халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушыларымен кездесті.

Суретшілер, археологтар және тарихқа құмар жастармен болған кездесуде Ботай мәдениетін әлемге таныту, туристер тарту жайы кеңінен сөз болды. Симпозиумға әлемнің бірнеше елінен келген қылқалам шеберлері Айыртау ауданының көрікті келбетін кенеп бетіне түсіреді. Апталық шара нәтижесінде қаладағы арт-галереяда сурет көрмесі ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Мәдени шаралар легі ертеңіне облыс орта­лығында жалғасты. Елордалық мейман өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге жуыр­да ашылған «Ботай» монументінде болды. Мә­дени нысан Қала күніне орай бой көтерген. Алыстан менмұндалап көз тартатын мону­мент жылқының алғаш рет Қызылжар топы­рағында қолға үйретілгенін айғақтап тұр. Биіктігі 14 метрді құрайды. Нысанның төменгі бөлігі граниттен қашалса, жоғары жағы, яғни ат, ер адамның бейнесі, жер шары мен таңбалы тастар қоладан жасалған. Аумағы толығымен абаттандырылған.

«Ескерткіштің дизайны жан-жақты ойласты­рылыпты. Тұмса табиғатымен танымал, тарихы терең теріскейде осындай нысандар көптеп ашылғаны дұрыс», – деді Ермек Көшербаев.

Содан кейін вице-премьер мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңа жатақханасында болып, оқу орнының жетістіктерімен танысты. Ашыл­ған сәтте елдегі ең үлкен жатақхана саналған нысан 1200 адамға шақталған.

– Шетелдік университеттердің ең бірінші филиалы осы өңірде ашылды. Биыл алғашқы лектегі 30 бала АҚШ-қа аттанады. Олар мұхит­тың арғы жағында биотехнология, компью­терлік инженерия, инклюзивті педагогика ма­мандықтары бойынша білім алмақ. Келесі жылы Америкаға 130-дан астам студент бара­ды деп күтілуде. Бағдарлама қабылданған ал­ғашқы жылы еліміздің 6-ақ облысынан талап­керлер оқуға өтініш білдірсе, былтыр 18, биыл 19 өңірден түлектер келді. Бұл Қызылжарды академиялық орталық етіп қана қоймай, өңірдің экономикасын да дамытуға септесуде, – деді Саясат Нұрбек.

Соңғы жылдары жергілікті университетте ғылымды қаржыландыру 6 есеге артқан. Бүгін­де оқу орны бюджетінің 26 пайызы ғылымға тиесілі. Биыл университет мега-грант жеңім­пазы атанды. Оның аясында зертханалар са­лынып, генетикалық зерттеу орталығы ашылады деп жоспарланған.

Ботай мәдениеті – ежелгі адамдар қонысы ғана емес, төл тарихымыздағы сабақтастықты төрткүл дүниеге жарқыратып көрсеткен құнды ескерткіш. Оны жан-жақты зерттеу әлі күнге дейін өзекті. Бұл туралы облыс орталығында өткен «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конферен­цияда кеңінен айтылды. Айтулы шараға Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен отандық және Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Әзірбайжан сияқты алыс-жақын шетелдерден келген зерттеуші ғалымдар қатысты.

Конференцияны тарих ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Халықаралық кампу­сының атқарушы директоры Әсет Жеңісов жүргізді. Конференцияның өтуіне Түркі мәде­ниеті және мұрасы қоры қолдау көрсеткен. Жиында Ермек Көшербаев құттықтау сөз сөй­леп, Ботай мәдениетінің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары «Бо­тай – Ұлы дала мәдениеті» конференциясын еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастыру ту­ралы бастама көтерді. Ботай мәдениетін көп­ке таныту ұлт тарихын бірнеше мыңжылдыққа дейін шегеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жиынға арнайы қатысқан қонақтарға ризашылығын білдіріп, бұл уақыт пен кеңістікті жалғайтын, тарихты бүгінмен байланыстыратын үлкен ру­хани оқиға екенін жеткізді.

– Солтүстік Қазақстан облысы – Ботай мәдениетінің бесігі. Ботай қонысы әлем ғылы­мына тың жаңалық әкеліп, Еуразия даласы­ның адамзат өркениетіндегі рөлін қайта қарау­ға мүмкіндік берді. Ботай – біздің өңірдің брендіне айналды. Бұл – біз үшін ғылыми ғана емес, мәдени, туристік және танымдық бағыт. Осы бағытта біз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. «Ботай» музей-қорығы қайта жаңғыртылып, жаңа туристік бағыттар жасақ­талуда, шетелдік ғалымдармен әріптестік байланыс орнатудамыз, – деді Ғауез Торсанұлы. Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен тарих ғылымдарының док­торы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зейнолла Самашев, Фран­циядан келген археолог, биоантрополог Бен­дезу-Сарминто Хулио сынды отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасады. Конфе­ренцияға Ботай қонысына қазба жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның археология ғылымы­ның жетістігін әлемге танытқан белгілі ғалым, марқұм Виктор Зайберттің отбасы мүшелері де қатысқанын айта кеткен жөн. Ғалымдар тара­пынан жерлесіміз жайлы жылы естеліктер ай­тылды. Конференция жұмысы одан әрі сек­циялық отырыспен жалғасты.

Диас АЯҒАН,

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp