Қызылжарда Мағжан орталығы ашылды. Салтанатты шараға өңірімізге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, есімдері елімізге белгілі ғалымдар мен қаламгерлер қатысып, қазақтың бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен жыр пайғамбарының ғұмыры жайлы сөз сабақтап, жылы лебіздерін білдірді.
Петропавлдағы сәулет ескерткіші саналатын бұрынғы Қалыңдық үйіне жөндеу жүргізіліп, ол жерде ұлт ақынының есімін иеленген орталық пайда болды. Орталық маңындағы Мағжан аллеясына жиналған меймандар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актерлері әзірлеген театрландырылған көріністі тамашалады. Одан кейін жиналғандарды айтулы оқиғамен Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев құттықтады.
– Тарихи тұлғаларды ұлықтау баршамыздың парызымыз екені ақиқат. Биыл халқымыз ұлы Абайдың 180 жылдығын атап өтті. Алдағы күзде Жұмекен Нәжімеденовтің мерейтойын өткіземіз. Осынау екі мерейлі шараның арасында Мағжан орталығының ашылып жатқаны қуантады. Бұл орталық Мағжан мұрасын көпке танытып, өскелең ұрпаққа насихаттауда елеулі орын алады деп сенемін. Қазақта жалғыз ғана Мағжан бар. Біз үшін бұл өңірдегі әр азамат Мағжан сияқты жалғыз, – деді Ермек Көшербаев.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысынан түлеп ұшқан әр жастың жүрегінде Мағжан рухы, ол аңсаған еркіндік пен білімге құштарлық, ұлтқа деген сүйіспеншілік болуы керектігін айтты. Өңір басшысы орталықтың мешіт маңында ашылып жатқанына ерекше назар аударды. Бұл имандылық ордасына жас Мағжан өз әкесіне еріп келген. Аталған орын ақынның тұлға болып қалыптасуына әсер еткен.
Шарада сөз алған Ғалым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған орталықтың ашылуы Алаш арыстарының рухына көрсетілген құрмет екенін айтты. Министр ұлт зиялылары елімізде ғылым, білім, әдебиеттің негізін қалаған жандар екенін жеткізді. Бұл қатарда ұлттық педагогика саласында алғаш еңбек жазған Мағжан ақынның да үлесі орасан. Өздері көлеңкесінде отыра алмай кеткен Алаш арыстары еккен ағаштың жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр.
Ашылу салтанатына орай Мағжан орталығы бірқатар жәдігерлермен толықты. «Қаһармандар» қорының президенті Сабыр Қасымов орталық басшысы Жарасбай Сүлейменовке қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысы барысында табылған ақынның бұрын көпке беймәлім болып келген суретін табыстады. Қамауда отырған ақынның суретін НКВД қызметкерлері түсірген. Бұған қоса Сабыр Қасымов азаттықтың алтын бесігі Алматы мен ел ордамыз Астанада ақынға ескерткіш қою, көрші және бауырлас мемлекеттерде Мағжан мұраларын насихаттау, қаламгер шығармашылығын түркі жұртының асыл қазынасы деп танып, ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы ұсыныстарын білдірді.
Ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің, өнертанушы Серік Нұрмолдаев Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді.
Мағжан мұрасы – тек қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің інжу-маржаны. Айтулы оқиға қарсаңында Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының бастамасымен «Біздің Мағжан» кітабы жарық көрген. Түркіге ортақ тұлғаға арналған игі істерге түркиялық «YDA Holding» төрағасы Хусейн Арслан да үлес қосқан. Жиналған жұртшылық жаңа орталықтың ішін аралап көрді. Онда ақынның жұмыс кабинеті, іс-шаралар өткізуге арналған зал, кітапхана, жұмыс бөлмесі бар. Жөндеу жұмыстары барысында мамандар нысанның сол заманға сай келбетін сақтауға тырысқан.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.