«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

Қазақ күресі – ертеден жеткен ұлттық спортымыз. Бүгінде төл өнердің тасы өрге домалай бастағаны қуантады. Қызылжар өңірінде күрес түрлерінің, оның ішінде қазақ күресінің дамуына өзіндік үлесін қосып, жанашырлық танытып жүрген азаматтардың бірі – Бауыржан Құлжанов.

Спорт ардагерінің есімі Қызылжар өңірінің ғана емес, республикамыздың күрес мамандары мен жанкүйерлеріне жақсы таныс. Балуан қазақ күресінен өңіріміздегі алғашқы спорт шебері екенін айту артық болмас. Соңғы жылдары облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті қызметін атқаруда. Бауыржан Ниязұлы 1953 жылы Аққайың ауданындағы Еркіндік ауылында дүниеге келген. Үйдің үлкені болғандықтан, артынан ерген тоғыз бірдей іні-қарындасына үлгі көрсетуі тиіс еді. Ата-ананың тәрбие-тәлімін бойына сіңірген ол адалдық, жанашырлық, бауырмалдық, көпшілдік сияқты асыл қасиеттерді жастайынан бойына сіңіріп өсті.
Жастайынан спортқа жақын болған жерлесіміз мектеп қабырғасында жүріп-ақ қазақ күресінен аудандық турнирлерге үзбей қатысты. Әскери борышын өтеген жылдары әскерилер арасында ұйымдастырылған жарыстарда үздіктер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, 1972 жылы Орта Азия округінің чемпионы атанды. Отан алдындағы борышын өтеп оралғаннан кейін “Спартак” ерікті спорт қоғамында жаттығып, бапкер болып еңбек етті. Залда төккен тер зая кеткен жоқ. Екі жылдан кейін жерлесіміз Шымкент облысында өткен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жарыста алтын алқа тағынды. Шеберлігі шыңдала түскен ол одан кейін де талай додада топ жарды. Арада аз уақыт өткеннен кейін Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлденің иегері атанды. Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан қазақша күрестен тұңғыш спорт шебері атанған Бауыржан Ниязұлы ел біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы болғанын да айта кеткен жөн.
Петропавл индустриялық-педагогикалық техникумын, Омбы дене тәрбиесі мемлекеттік институтының жаттықтырушылар мектебін және Ресей кеден академиясын тамамдаған ол “Автотрестте” спорт жөніндегі әдістемеші, кейін комсомол ұйымының хатшысы болды. Комсомолда қызмет атқарған жылдары жастарды бұқаралық спортпен айналысуға жұмылдырды. Ал 1980 жылдан бастап облыстық комсомол комитетінің спорттық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі ретінде балалар арасында “Былғары доп” және “Алтын шайба” жарыстарын өткізуге бастамашы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін облыстық “Ақ бидай” және “Солтүстік” спартакиадаларын алғашқы ұйымдастырушылардың бірі ретінде өңір тарихына енді. Бүгінге дейін жыл сайын өткізіліп тұратын бұл спартакиадалар ауыл жастары үшін үлкен спортқа апаратын баспалдақ іспетті.
1990 жылы жерлесіміз облыстық ішкі істер департаментінің жанындағы “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының басшысы болып тағайындалды. Басшылыққа келген жылы елімізде алғашқы “Викти” спорт клубын құрады. Осы клубта елімізге танымал спортшылар Александр Винокуров пен Вадим Шакшакбаев жаттығып, шеберліктерін шыңдады.
Жерлесіміздің есімі Солтүстік Қазақстан облысының кеден қызметінің бірінші басшысы ретінде облыстық энциклопедияға жазылған. Бұл 1992 жылдың маусым айы болатын. Сыртқы күштер Оңтүстік Азиядан жеткізілетін есірткіні Қазақстан арқылы Ресейге, Шығыс, Батыс Еуропаға кедергісіз өткізуге тырысты. Бауыржан Ниязұлының айтуынша, ол кезде кеден бекеттері тұрғызылмаған, басқарма орналасатын ғимарат та жоқ кез. Бауыржан Ниязұлының Петропавл қаласының шетінде орналасқан “Металлист” стадионының маңындағы ашық алаңқайда кинология орталығын ашып, басқарғанын да көпшілік біле жүргені жөн.
Бауыржан Құлжанов зейнет жасына жеткенімен, күрестен алыстап кеткен жоқ. Жерлесіміз облыстағы күрес түрлерімен шұғылданып жүрген балуандар мен бапкерлерді үнемі қолдап, олардың түйінді мәселелерін шешуге көмектесуде. Аудан орталықтары мен шалғай аудандарда қазақ күресінен сайыстар ұйымдастыруға мұрындық болуда. Петропавл қаласында қазақ күресінен ел біріншіліктерінің өткізілуіне өзіндік үлесін қосты.
Бауыржан Ниязұлының Петропавл қаласының құрметті азаматы атануы да кездейсоқтық емес. Бұл көп жылдар бойы жастарды қазақ күресіне баулыған оның еңбегіне берілген баға деп білеміз. Бірнеше жыл қатарынан облыстық күрес федерациясының президенті, құрметті президенті лауазымдарын атқарған ардагер спортшы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қарсаңында Ұлттық Олимпиада комитетінің күміс алқасына ие болды. Ал үш жылдан кейін “Динамо” ерікті спорт қоғамының құрылғанына 90 жыл толуына орай елімізде олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлттық Олимпиада комитетінің “Алтын орденімен” марапатталды. Дәл сол жылы “Динамо қозғалысын алға дамытқаны үшін” төсбелгісі табысталса, 2018 жылы республикалық қазақ күресі федерациясының арнайы марапатын кеудесіне тақты. Жерлесіміз былтыр облыстық қазақ күресі федерациясының жыл қорытындысы бойынша еліміздегі “Үздік спорттық федерация” аталымында жеңімпаз атануына өз үлесін қосты.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp