
Ұлттық құндылықты дәріптеу – парыз. Оның ішінде салт-дәстүрді, ел ішінде ғана емес, әлемдік аренаға алып шығу маңызды. Көкпар, ат жарысы, садақ ату, сонымен қатар күрес дегенде делебесі қозбайтын қазақ жоқ екені сөзсіз. Алдағы уақытта елімізде қазақ күресі академиясын ашу жоспарлануда. Бұл – қуанышты жаңалық. Себебі, Қажымұқандай жауырыны жерге тимеген балуандарды даярлау үшін кәсіби мамандарды даярлайтын орталық керек-ақ. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақ күресі федерациясының президенті, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жиналған қауымға жағымды жаңалықты жеткізді.
– Қазақ күресін дамытудың стратегиясында 2020 жылы қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу жоспарланған болатын. Міне, осыған байланысты қазақ күресі елордадағы бес мектептің бағдарламасына енгізіледі. Бұл қадам мамандардың жетіспеушілігін тудыруы мүмкін. Сондықтан біз мамандар дайындайтын Қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Академия мамандарды ғана оқытып қана қоймай, төрешілердің біліктілігін арттыру, ұлттық күрестің ғылыми-тәжірибелік тұрғыда зерттелуін қамтамасыз етеді. Яғни, барлық әлемдік спорт ретінде біз де қазақ күресін ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз керек, – деді Дәурен Абаев.
Сурет baq.kz сайтынан алынды.