«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ОТБАСЫНДАҒЫ ОРЫС ҚЫЗЫ

Көңілді жүзін секпіл басқан сары шашты қыз Екатерина Восипенок – мектептің беткеұстар белсендісі, мақтанышы. Ол білім ошағында, сыныпта және одан тыс өтетін барлық шаралардың бел ортасында жүреді. Үйінде де, мектепте де барлығына үлгеретін, жанып тұрған қыз шаршауды білмейді. Осы көпшілдігімен кімге болса да көмекке дайын тұратын мінезі үшін мұғалімдерге де, оқушыларға да ерекше сыйлы және олар ақжарқын қызды үнемі осы қалпында көруге үйреніп алған. Бірақ ол үнемі осындай болған жоқ еді…

Катяның бұған дейінгі өмірінде қиыншылық кездесіп, ол сабақты жиі босататын. Қарны тойып, тамақ ішпей, ата-ана мейіріміне сусаған, әке-шешелеріне еркелеп, жегені алдында, жемегені артында желкілдеп өсіп келе жатқан құрбыларына қызыға да қызғана қарап, көзінің жасын сығып алатын кездері де аз болған жоқ. Өзі тойып тамақ ішпесе де, үйінде барын соңынан ерген бауырларының аузына тосатын. Оның үстіне жаман ауруға шалдығып, төсек тартып жатқан шешесінің күтімі де баланың үлкені – Катяның мойнында болды. Ақ сүтін емізген анасының ауруы күн санап меңдеп, күш-қуаты оның көз алдында кеміп бара жатты…

Анасы айығады деген үміт арманға айналды. Олардың шешелерінің жағдайынан хабардар қамқоршылық органдары кішкентайларды жетімдер үйіне орналастырды. Сол кезде №13 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Дина Баймақышева Катя үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны хал үстіндегі анасын күтуге алып қалды. Бар-жоғы сегіз жастағы бүлдіршін анасының сауығатынынын үміттеніп, жанын салып күтсе де, қатал тағдыр оларды аямады. Ол қанша тырысқанымен, сұм ажал өмірдегі ең қымбаттысы – туған анасын алып тынды…  

Анасынан айрылған қыз да Балалар үйіне орналастырылды. Көз алдында өміріндегі ең жақын адамының о дүниелік болғанын көрген қаршадай қыздың денсаулығы сыр берді. Жаңа ортада дос таппай, бір-бірінен айнымайтын сүреңсіз күн кешті. Басына түскен ауыр жағдай әлі алды-артын танып үлгермеген жас қыздың қабырғасын қайыстырды. Оған осы күйден шығуға көмектесетін ізгі ниетті жандар кездеспегенде оның болашағы қандай боларын кім білсін?

Балалар үйіне түскен қыздың жағдайын үнемі хабар болып, оны Дина Баймақышева баланың жан күйзелісін ұғынып, жұбайымен ақылдаса отырып, Катяны қолдарына алды.

Өзін асырап алған жандардың мейірімін сезінген орыс қызы жаңа отбасына, ондағы жағдай мен тұрмысқа тез үйренді, өзінің “жаңа” әке-шешесіне де бауыр басып, оларды “мама”, “папа” деп атай бастады. Және ол жай атау ғана емес, баланың жұдырықтай жүрегінен жарып шыққан, шынайы сезіммен айтылған сөздер болатын. Катяның денсаулығы да түзеле бастады. Бұрын арманы болған әдемі киімдер мен ойыншықтар шындыққа айналды. Ол аз уақыттың ішінде қазақша әндер үйреніп, мектепте өтетін мерекелік кештерде тамылжыта шырқайтын болды.

Бастапқы мамандығы технология пәнінің мұғалімі болған Дина Қапезқызының қолы епсекті, шебер жан. Қазір “жаңа анасының” өнерін Катя да үйреніп, қолы боста сүйікті ісімен айналысуды әдетке айналдырған. Өзінің туған бауырларымен байланысын үзбеген оның бүгінгі отбасында екі ағасы, әжесі бар. Әкесінің Қарлығаш есімді әпкесіне Катяның бауыр басып кеткені соншалық – тіпті, өзіне сол тәтесінің есімін қойып алыпты. Орыс қызының қазақ отбасындағы салт-дәстүрді, қонақжайлылықты, басқа да асыл құндылықтарды жатырқамай, тез қабылдауы оның тұлға ретінде мінез-құлқының қалыптасуына оң әсерін тигізген. Қазір ол қазақша түсінеді.

– Шынымды айтсам, бастапқыда өзге этностың қызын бауырыма басқанымды жұрт қалай қабылдайды, туған баламдай жақсы көре алар ма екенмін деп қорықтым. Қазір оның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен өзіме ұқсастық іздеп, елжіреп қарап отырғанымды байқамай да қаламын. Сөйтіп отырып, оны жақсы көретінімді ұғамын. Егер менің өз балаларым болмаса, асырап алған баланы олармен тең дәрежеде жақсы көруге болатынын түсінбес едім, – дейді Дина Қапезқызы ағынан жарылып.

Баймақышевтардың өздерінің ұлдары ержетіп, өз алдына үй болды. Қазір олардың екеуі де Тараз қаласында әскери қызметте. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі: “Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін!” – деп жырлағанындай, қазақтың қанына біткен дарқандығынан болар, әке-шешелері Катяны асырап алу туралы ниеттерін айтқанда олар қарсылық білдірмепті.

Катя қай жағынан болсын әке-шешесін үлгі тұтып, оларға ұқсағысы келеді. Мойындарына асылып еркелейді. Міне, бір кездері қорғансыздың күнін кешкен орыс қызы қазақ отбасындағы ата-анасының сүйіспеншілігі мен мейірім шуағына бөленіп жүр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp