«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ СЫНЫБЫ ЖАБЫЛА МА?

Петропавл қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №43 аралас орта мектепте бүгінгі күні, даярлық тобы мен шағын орталықтағы балаларды қоспағанда, қазақша оқитын 1-сыныпта – сегіз, 2-сыныпта – бес оқушы қалған. Оқу жылының соңына дейін ол оқушылар сол маңайдағы әл-Фараби мектеп-лицейіне, қазақ мектеп-гимназиясына және №23 орта мектептегі қазақ сыныптарына таратылмақшы. Бірақ балаларын аталмыш мектепке берген кейбір ата-аналар оған қарсы. Мән-жайды білмек болып, білім ошағына біз де ат басын тіредік.

Білім ошағын жеті жылдан бері басқарып келе жатқан орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Роза Саркен бізді мектептің жалпы жағдайымен таныстырды. Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектеп 624 оқушыға шақталған. Бүгінгі таңда онда даярлық сыныптары мен шағын орталықтарды қосқанда, 869 бала білім алуда. Мектептегі оқушы санының мөлшерден тыс болуына орай білім ошағы екі ауысымда жұмыс істейді. Уақыт талабына қарай орысша және қазақша ашылған шағын орталыққа екі кабинет бөлінген. Жаңа үлгідегі арнайы жабдықталған бес кабинетте (екі биология, мультимедия, физика және химия) тек сол сабақтар ғана өтеді.  

Білім ошағы екі жыл бұрын аттестаттаудан өткен. Мұндағы 59 мұғалімнің 40 пайызы – бірінші және жоғары санатты ұстаздар. Жаңаша тәсілмен оқытатын деңгейлік курстардан өтіп келіп, басқаларына тәжірибе таратып жүрген мұғалімдер де бар. “Білім негізі – бастауышта” дегендей, бірінші кезекте деңгейлік курстарда бастауыш буын мен қазақ тілінің ұстаздары біліктіліктерін арттырған.

Өткен жылғы түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіші 72 пайызды құраған. Биыл 46 түлектің 18-і Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға өтініш білдірсе, қалғандары колледждерге түсу үшін мемлекеттік емтихан тапсырмақшы. Мектеп оқушылары спортпен жаппай айналысатындықтан, оның қай түрінен болсын, қала бойынша сегіз жыл қатарынан көш басында. Хореографиядан, музыкадан сабақ беретін мұғалімдері бар. 6-7-сыныптардың ер балаларынан құралған хор мен оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше вокалдық топтар жұмыс істейді. Мәнерлеп оқу, қолданбалы қолөнер, “Жас математик”, “Жас биолог”, тағы басқа да үйірмелерге балалар өз қызығушылықтары бойынша топтасқан. “Жыл сайын Ғ.Мүсіреповтің туған күніне орай шаралар өткізіліп, мектепішілік рейтинг бойынша ең үздік көрсеткіштерімен көзге түскен сынып оның бюстіне гүл шоқтарын қою мәртебесіне ие болады. Мектепте “Ғ.Мүсіреповті тану” үйірмесі жұмыс істейді”, – дейді Роза Сәкенқызы.

Әу баста бұл аумақтағы қазақ мектептерінде орын болмаған соң, Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектепте 2009 жылы мемлекеттік тілде даярлық тобы ашылған. Кейін онда оқыған бүлдіршіндер бірінші қазақ сыныбына қабылданған. Алайда, бастауыш буында оқып жүріп, олардың көбі сол аумақтағы әл-Фараби мектеп-лицейіне, қазақ мектеп-гимназиясына кетіп қалған. “Мен қызымның таза қазақ мектебінде оқығанын қаладым. Сондықтан әл-Фараби мектеп-лицейіне бердім. Қазір оныма өкінбеймін. Ондағы жағдай аралас мектептегіге қарағанда әлдеқайда жақсы”, – дейді Әсем Амангелдіқызы.

Бүгінгі таңда 1 және 2-сыныпта бар-жоғы 13 оқушы отыр. Бір кабинетте екі ауысыммен оқып жүрген бұл балаларға 10 жыл ұстаздық өтілі бар Сәуле Қасенова сабақ береді. М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін бітіріп, Жамбыл ауданында бастауыш сыныптарға сабақ беріп келген екінші санатты ұстаз аталмыш мектепте төрт жылдан бері еңбек етуде. “Бұған дейін әр сыныпқа жеке мұғалім сабақ беріп келген едік. 1-сыныптың мұғалімі болған әріптесім Гүлсара Шалабаева үшінші тоқсанда балабақшаға қазақ тілінің маманы болып ауысып кетті. Қазір екі сыныпты да мен оқытып жүрмін”, – дейді Сәуле Мағзұмқызы.

Мектеп басшысы талап бойынша бір сыныпты ашу үшін кемінде, 12-15 оқушы болуы керектігін айтқан. Бес немесе сегіз бала үшін толық жүктемемен екі мұғалімді ұстау бүгінгі дағдарыс заманында бюджетке де тиімсіз. Сондықтан, ата-аналармен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Оларға өздерінің таңдаулары бойынша осы аумақтағы қазақ мектептері мен №23 орта мектептегі қазақ сыныптарына балаларын апару туралы ұсыныс жасаған. “Біз де ашылған сыныптарды еш негізсіз жаба алмаймыз. Алдымен осы аумақтағы қай мектепте орын барын тауып, сол оқу орнының басшысымен және ата-аналарымен келісіп таратамыз. Ол үшін ата-аналардан сауалнама алдық. Барлығы бүгінгі күні өз балаларын қай мектепке беретіндіктерін анықтап жатыр. Мысалы, келесі оқу жылында 3-сыныпқа баратын бес балаға қазақ мектеп-гимназиясынан орын табылып тұр”, – деген Роза Саркеннің сөзін қазақ мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Жақанова да растады. “Бізде 2-сыныпта 14 бала оқып жатыр. Соларға қосымша №43 орта мектептің бес баласын мұғалімімен бірге алуға келістім. Өйткені, сыныптағы оқушы саны 24-25-ке жетсе, оларды ағылшын, орыс тілдері, дене шынықтыру, тағы басқа пәндер бойынша топтарға бөліп оқытуға болады”, – деді ол.

Тағдыры қыл үстінде тұрған қазақ сыныбының мәселелері жалғыз бұл емес. Ата-аналар балаларын даярлық сыныбына әкеледі де, кейін кейбірі таза қазақ мектебіне, енді біреулері өздері орыстілді болғандықтан, баласын орыс мектебіне ауыстырады. “Ондай тұрақсыздық мұғалімге де қиын, ол да сынып жабылып қалып, жұмыссыз қалудан қорқады. Сондықтан, бізге мұғалімдер де тұрақтамай, басқа жерден орын тапса, кетіп қояды”, – деген директордың мемлекеттік тіл жөніндегі орынбасары Айжан Ибраева қазақ сыныптарындағы бала санының аздығы мен оларға талапқа сай орынның жоқтығы да үлкен қиындық туғызатынын айтты.

Мұндағы даярлық тобы мен шағын орталықтың балалары және қазақ сыныптарының оқушылары мектептің өрт жағдайында пайдаланылатын қосалқы есігі жағында оқып жатыр. Онда балғындардың ойнайтын жері киім ілетін шкафтармен бөлініп қойылыпты. Бұл өрт қауіпсіздігін сақтау ережесі мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің талаптарына қайшы әрекет екендігі айтпаса да түсінікті. Шағын орталықтағы балалар аядай екі кабинетте қысылып отыр. Құдай жамандықтың бетін аулақ қылсын, әлдеқалай өрт шыға қалса, қосалқы есік жағынан далаға шығуға мүмкіндік жоқ деуге болады. Ол жердегі өтетін жолға екі кісі қатар келсе, сыймайды.

Балалары осы мектепте оқитын ата-аналардың пікірін де білмек болып әңгімеге тарттым.

Айжан Өстемірова: “Немерем Ернар Сердәлі 2-сыныпта оқиды. Біз, ата-аналар, қазақ сыныптарының таратылуына негіз жоқ деп ойлаймыз және оған жол бермейміз. Баламыздың оқуына толық мүмкіндік жасалуын талап етеміз. Бір-екі жыл оқытып жабатын болса, басында ашпау керек еді”.

Жұлдыз Қазиева: “Менің үш балам бар. Ұлым биыл даярлық тобына барады. Қызымның біреуін денсаулығына байланысты есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатына күн сайын апарамын. Оның тірек-қимыл аппараттары да зақымданған. Екінші қызым үйдің жанындағы №43 орта мектептің 2-ші сыныбын бітіреді. Жаңа оқу жылынан ол сынып таратылмақшы. Денсаулығында кінәраты бар қызымды қыстыгүндері тасу қиын болып жүргенде, екінші қызымды да басқа мектепке апарып, алып келуге тура келеді. Сондықтан мен де сыныптың таратылуына қарсымын”.

Жанар Чуватаева мен жалғызбасты ана Әсел Есімова:

“Біз мекенжайымыз бойынша осы мектепке қараймыз, үйіміз де жақын. Бала санының аздығын сылтау етіп, қазақ сыныптарын жабамыз дегенге қарсымыз”.

“№43 орта мектептегі қазақ сыныптары жабыла ма?”, деген сұрағымызға қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова: “Аталмыш мектептегі жағдайды ескере отырып, ата-аналарға сол аумақтағы білім ошақтарында орын бар екендігі жөнінде құлағдар етіп, ұсыныс айтылды. Бірақ ата-аналар ол мектептерге балаларын ауыстыруға келісімін бермесе, қазақ сыныбын сақтап қаламыз. Өйткені, біздің өңірде қазақ тілін дамыту – өткір мәселе”, – деді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp