«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚАЗАҚ СӨЗ ТЫҢДАУДАН ҚАЛЫП БАРАДЫ»

– Жангелді Уақпанұлы, жыл­қы жылының есігімізден енгеніне бірнеше күн болды. Жаңа жылдан қандай өзгерістер күтесіз?

– Кез келген адам жаңа жыл­дан жақсылық күтері сөзсіз. Жылқы қазақтың төрт түлігінің ішіндегі ең қадірлісі ғой. Был­тыр облыс орталығының кіре­берісінде Ботай ескерткіші бой көтеріп, ата-бабаларымыздың жылқының төл иесі болғанын бекіткендей болдық. Жаңа жыл­дың ауқымды өзгерістерге толы болатынын Президентіміз де атап өтті. Саясат пен экономи­кадағы жаңа бетбұрыстар еліміз­ге игілік әкеледі деп сенемін.

– Өткен күзде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кө­терілген жиында облыс әкімі жас­тар құқық бұзып, жаза баспау үшін ардагерлер ұйымдары бел­сенді жұмыс істеп, тентекті заң­мен ғана емес, ақсақалдардың тәлімімен де тезге салу керектігін айтты. Бұл бағытта қандай жұ­мыстар жүргізіліп жатыр?

– Ең алдымен, осыдан бірне­ше ғасыр бұрын қазақ даласында бірде-бір түрме болмағанын еске салғым келеді. Мұның бәрі бабалар тәлімінің арқасы. Қыл­мыс пен құқық бұзушылықты азайту үшін үйдегі тәрбиені қол­ға алу маңызды. Халықтық дү­ниетаным мен тәрбие жүйесінен ажырамауымыз керек. Еге­мендіктің іргесін бекіткен буын­ның жас ұрпаққа берері мол. Бүгінде мектептердегі тәрбие үрдісі Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы­на негізделген. Бұдан аға буын өкілдері де шет қалған жоқ. Облыстық білім басқармасының жанынан ардагер ұстаздар ке­ңесін құрып, мектептерде кезде­сулер өткізіп келеміз. Оқушы­лар, ата-аналар және ұстаздар­мен белсенді жұмыс жүргіземіз.

Бұл мәселе жастармен бірне­ше рет кездескеннен шешіліп кетпейді. Басты олқылық – от­басы тәрбиесінде. Зерттеуші­лердің айтуынша, бүгінгі ата-ана перзентімен күніне небәрі 10 минут қана сөйлеседі екен. Ал ересектердің телефонда өткі­зетін уақыты 4, балалардікі 6 са­ғаттан асады. Ата-анадан мейірім көрмеген бала теріс әрекетке бейім тұрады. Қазақ танымында «ортаға кіру» деген ұғым бар. Үл­кендердің әңгімелескен ортасы­на әр баланы кіргізбеген. Тек үлкеннің өсиетін жадына тоқып, ата ұлағатын санасына құйған кішкентайлар ғана үлкендермен қатар отырып, кеңеске қатыс­қан. Кей жастардың өз өмірін ойрандауының басты себебі – ортаға кірерлік тәрбие алмаға­нының салдары.

– Жастардың бойынан бойкү­йездік, боркеміктік, өмірден ерте түңілу сияқты құбылыстарды жиі байқаймыз. Кейінгі буын өкіл­дерінің бойында жастық жалын, отты жігер неге азайып кетті?

– Қазақ жас күнінен ер бала­ның белін буып, қамшы ұста­тып, атқа отырғызып, бес жа­сында қолына садақ берген. Ба­баларымыз жастарды ел қорғау­ға тәрбиелеген. Түрік бауырла­рымыз кішкентайларына «Өскенде кім боласың?» десең, «Ғаскер боламын» дейді екен. Осы тәрбиенің арқасында олар тәуелсіздік үшін соғыста бірне­ше елдің әскерін тойтара білді. Ал біздікілер банкир, экономист болуды армандайды. Жастар тәрбиесіне әлеуметтік желі­лердің тигізіп отырған зияны орасан. Жарты күнін желіде өткізетін жастардың ойы шолақ, таным көкжиегі тар болады. Қандай да бір сұраққа қатысты пікірін толық жеткізе алмайтындар молаюда. Ғаламтордың кесірінен шынайы өмірден ал­шақтап бара жатқандар көп. Эк­ранға телмірген ұрпақ үшін тере­зенің сыртында не болып жатқа­ны қызық емес. Сондықтан да ондай жастар өмір ағымымен бетпе-бет келгенде не істерін білмей қиналады. Уақытын бос­қа өткізіп, өмірлік тәжірибе жи­намаған, қарым-қатынасқа тү­суді білмейтін, өзіндік ұстанымы қалыптаспаған жанның салы суға кетіп, аянышты күй кешеді. Ондай балалар күннің көзін көр­мей, көлеңкеде өскен өсімдік сияқты. Баяу жел соқса сабағы үзілгелі тұрады.

– Былтыр ұлтқа тұтқа болған абыздардың бір тобы дүниеден озды. Соларды жоқтаған жазба­лардың арасында «Қазақта ақсақал қалған жоқ», «Елге жол көрсетер азаматтар азайып барады» деген пікірлер жиі ұшырасады. Бұған қатысты ұстанымыңыз қандай?

– Әр заман өз тұлғасын ту­дырады. Үлгі аларлық аға буын өкілдері жоқ емес, бар. Алайда сол баяғы «ауылдағының аузы сасық» деген пиғылымыздың кесірінен жанымызда жүрген азаматтар тасада қалып келеді. «Тұлға қалған жоқ» деп қара ас­панды төндіргенше, үлгі-өнегесі көп, ұрпаққа берері бар жандар­дың қадіріне жеткен жөн.

Тағы бір байқағаным, қазақ сөз тыңдаудан қалып барады. Әлеуметтік желіде жағымды жаңалықтан бұрын теріс пікір тез тарайды. Қашан көрсең біреуді біреу тұқыртып, күйе жаққысы келеді. Көреалмаушылық деген кеселден әлі арыла алмай ке­леміз. Әйтпесе арамызда сөзімен де, ісімен де үлгі боларлық аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымыз бар. Бірақ соларды тыңдайтын орта жоқ. Мерейтойлық іс-ша­раларда ғана болмаса, басқа жерде басымыз қосыла бер­мейді.

Белгілі адамдардың бәрі өз еңбектерімен ұшпаққа шығып кеткен жоқ. Олардың әрқайсы­сының артында жанашыр жұрты, қолдаушылары болды. Өкінішке қарай, бір-бірімізді қолдау жағы кемшін.

– Өзге этностардың зейнет­керлері түрлі іс-шаралар өткізіп, ұйымдар құрып, қоғам өміріне қызығушылықпен қатысады. Қа­ладағы қазақтың ата-әжелерінің белсенділігі бәсең бе, қалай?

– Басқа этностың қарттары өздерін күтеді, уақыттарын тиімді өткізуге тырысады. Спортпен, шығармашылықпен айналысып, жиі бас қосады. Мемлекет жыл сайын ардагер­лерге арналған ұзақ өмір сүру орталықтарына қаржы бөледі. Алайда онда баратындардың арасынан өз зейнеткерлерімізді көрмейміз. Бұрын басшылық қызмет атқарып, елге еңбегі сің­ген азматтардың көбі зейнетке шығып, қалаға келіп, бұйығы өмір кешіп жатыр. Егде жаста­ғылардың өмірі төрт қабырға­ның ішінде өтпеуі керек. Қала­ны былай қойғанда, ауылдағы­лардың өзі бірінің үйіне бірі ба­рудан қалған. Ардагерлер үшін театр, концерттерге тегін билет береді. Сол тегін билетті тарата алмай қиналамыз. Ұйымдастырылған концерттерге келген са­наулы көрерменді көргенде көңіл түседі. Қазақ қарттары қала өміріне әлі бейімделе алмай жатқан сияқты.

– Сіз тоқсаныншы жылдары білім беру саласында белсенді жұ­мыс істеп, қазақ мектебін ашу, оның оқыту моделін жасау, өзіндік бағытын айқындау жо­лында тер төктіңіз. Алайда бүгін­де осы үрдіс бәсеңсіп қалған сияқ­ты. Оның себебі қандай?

– Мен қала халқының қазақ мектептері ашылмай тұрған уа­қыттағы трагедиясымен таныс­пын. Немересінің айтқанын түсінбей «Шұнақ заман-ай» деп зар илеген әжелердің талайын көрдім. Жалғыз қазақ мектебі қала шетіне көшірілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп пен Сафуан Шай­мерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның негізі қаланды. Классикалық гим­назияның директоры болып та­ғайындалғаннан кейін бәріне ортақ оқыту стандартынан бас тарттым. Басқа өңірлерді ара­лап, ұлттық мектептің жобасын жасауға тырыстым. «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» деген жобаны қолға алдық. Қазақтың ұлттық математикасы, ұлттық психологиясы, ұлттық экономи­касын оқыттық. 5 мың теңге жа­лақы алып, тұрмыс тауқыметін тартсақ та ісімізге жан-тәніміз­бен берілдік. Алайда уақыт өте келе саясат жүгі басқа жаққа ауып, «алдымен экономика, кейін идеология» деген ұран шықты. Әркім өз қалтасын қам­пайтудың қамын күйттеп, жаңа­ғы бастамалардың бәрі жайына қалды. Мектеп тәрбие емес, тек білім беретін орын деген пікір бүгін де бар. Бұл өте қате. Қазіргі қазақ мектептеріне жас, іскер мамандар басшы болып келіп жатыр. Солардың үлкен үміт кү­темін.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Türkıstan» газетіне бер­ген сұхбатында өзінің йогамен айналысып, теннис ойнайтынын айтты. Сіз егде тартқан шағыңыз­да өзіңізді сергек сезіну үшін күн тәртібін қалай жоспарлайсыз?

– Жаяу жүру бойға қуат бе­реді. Күн сайын жұмысыма жаяу қатынаймын. Ерте тұрып жат­тығу жасаймын. Қытай емінің пайдасы көп екенін байқап жүрмін. Ғаламтордан мамандардың кеңесін тыңдап, соларды өмірде қолдануға тырысамын. Аптасына бір-екі рет спорт ке­шеніне барып шынығуды әдетке айналдырғанмын. Жалпы қала­да спортпен айналысамын деген ардагерлерге қолайлы жағдай жасалған. Спорт кешендерінде зейнеткерлер үшін арнайы уа­қыт бөлінген. Жақын күндері теннис орталығында да ойын ойнап, ой сергітетін орын пайда болады деп жоспарлануда.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Әңгімелескен

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp