«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚАЗАҚ»-тан ҚАЗІРГЕ ДЕЙІН

Елімізді теңдікке бас­тап, азаттық идеясының жаршысы болған Алаш арыстары ғылым, білім, ағартушылық ұстаным­дарды еркіндік үшін күрестің басты қозғау­шы күшіне айналдыр­ды. Өткен ғасырдың басында газет-журнал шығару ісі де елі, жұр­ты үшін жүрегі езілген арда азаматтардың осы ниетінен туған баста­ма еді. «Айқап» пен «Қазақстанның» ізін ала 1913 жылы тұңғыш жалпыұлттық басылым «Қазақ» газетінің ал­ғашқы нөмірі жарық көрді.

Газеттің 2 ақпанда жарық көрген алғашқы санының бета­шар мақаласында шығарушы­лар ғасыр басында Америкада 12, Францияда 8-9, Германияда 8, Ресейде 2 мыңнан астам ба­сылым бар екенін айтады. Сол кездің өзінде татар оқығандары 30-ға жуық газет-журнал шыға­рып тұрған. «Миллет халін ойы­мызға алып, қызмет етуді мой­нымызға алып, талаптанған бір ісіміз. Құдай сәтін салғай, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік», – дейді қазақтың ақ­сақ қойдай артта қалып қойға­нына қапамаған зиялылар.

«Қазақ» газеті жарық көрген сәттен бастап кең байтақ аты­рапты мекендеген 6 миллион қазақтың басын қосып, бір-бірімен тілдестірген басылымға айналды. Қазақ даласы мен Ре­сейдің әр жерінен оқыған аза­маттар, ауқатты байлар Орын­бордағы редакцияға хат жолдап, қолдау білдірді. Әлихан Бөкей­ханов, Міржақып Дулатов, Ах­мет Байтұрсынов бастаған шы­ғарушылар әлемдік саясаттағы ахуалды халыққа түсіндірді. Қа­зақтан солдат алу, думаға ұлты­мыздың атынан депутат сайлау, білім беру, ғылымды қолдау, білім іздеген жастардың жайы сияқты мәселелер дүркін-дүркін көтеріліп, Алаш азамат­тары оқырманға үндеу тастап отырды.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры Зарқын Тай­шыбайдың айтуынша, тұңғыш ұлттық басылымда елдің әр өңіріндегі елеулі оқиғалар мен келіп түскен хат-хабарлар да жа­рияланып тұрды. Соның ішінде қызылжарлық зиялылар да «Қа­зақтың» тұрақты авторына ай­налды. Мысалы, осы қалада ең­бек еткен Мұхаммедораз Нұр­баев атты мұғалім Қызылжарда балалар білім алатын оқу ғима­ратының жоқтығын жеткізіп, Баймұхаммед Майкөтов пен Өтеш Жарасовтың бірігіп мек­теп салып жатқанын жазады. 1914 жылдың басында Қызыл­жарда аталған мектеп ашылып, балалардың күзден бері оқып жатқаны айтылған. Ал Ахмет Жанталин Қасымбек қажының ауылында мұғалім ұстап, бала оқытқаны туралы хабар жария­лапты. Кейін Қасымбек қажы өзі қолдап оқытқан балалардың білімін тексеру үшін ашық ем­тихан өткізген. Оған Преснов, Айыртау, Бәйімбет болыстары­ның адамдары қатысып, төте оқудың артықшылығына көз жеткізген. Газет мамандары теріскейлік Ғабдолла Шоқаевқа ел аузындағы ескі сөздерді теріп жазып жібергені үшін алғыс ай­тыпты. Нәсіболла Ғабдалсата­ров болса Петропавл қаласы­ның солтүстігін мекен еткен 150 қазақ отбасының жайын баян еткен. Мал бағып, кірпіш со­ғып, кіре тартып күн көретін жұртшылық балаларын оқытар жер таппай әбден қиналыпты.

Басылымның айналасына топтасқан санаулы ғана азамат­қа ұлан-ғайыр далаға тарыдай шашылған қазаққа газет жеткізіп, оны тоқтаусыз шыға­рып тұру оңай болған жоқ. Ел мүддесі үшін ештеңеден аян­байтын ауқаттылар берген қар­жының арқасында әупірімдеп бір жыл жұмыс істеді. 1913 жыл­дың желтоқсанында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Азамат серіктігін» құ­рып, «Қазақты» осы серіктіктің атынан шығара бастады. «Аза­мат серіктігіне» кіру жарнасы 100 сом деп белгіленді. Баспа­сөз ісі алға басса, олардың бер­ген қаражаты еселенуі де, кейін кетсе, кері қайтпауы да мүмкін еді. Әрине ұлтым деген азамат­тар бұл серіктікке қара шаруа­ның қамын ойлап, ақша табу үшін емес, ел ісіне жәрдем беру үшін қосылары анық. «Бұл серіктік – купес серіктігі емес, кәсіпші серіктігі емес, «Азамат серіктігі». Бұған кіретін адамдар жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшамен серіктес болмай, көңілмен, ниетімен де серіктес болуы қажет», – дейді Алаш арыстары. Наурыздың соңына дейін бұл серіктікке 21 адам кір­ген.

Үмітбай Меңдекеұлы «Игілікті іс» атты мақаласында қазіргі Қызылжар қаласының маңында мекендеген Тілеп жұртындағы оң бастаманы баян етеді. Ауыл мұғалімі Нұғыман Оранкиннің сөзіне құлақ асқан ауыл ақсақалдары қайыр-сада­қаның бәрін босқа шашпай, бала оқытатын орын салу жо­лында жұмсамақ екен.

«Қазақтың» тұрақты автор­ларының бірі – Жұмағали Ті­леулин. Оның денсаулық, тәнді күту туралы еңбектері бірнеше жыл бойы газет нөмірлеріне бөлік-бөлігімен беріліп отыр­ған.

Түркіге ортақ ақын Мағжан Жұмабаевтың да тұңғыш ұлт ба­сылымында ізі қалғанын атап өткен жөн. Мұнда ақынның «Туған жер», «Орал тауы» жыр­лары қатталып қалған.

Алаш идеясы ұлттық қозға­лысқа айналған жылдардың қа­зақ ренессансы атануы тегін емес. Небәрі ондаған жыл ішін­де білім беру, ғылым, әдебиет ісі жолға қойылып, бірнеше ғасыр бодандық құрсауында жатқан ел жарық күнді қайта көрді. Заман жайын аңдаған атұстар азамат­тар жер-жерде мектеп ашып, тапқанын бала оқытуға жұмса­ды. Осы уақыт ішінде «Қазақ» газетінде де ауыл-ауылға мұғалім қажеттігі туралы хабарландыру­лар жиі басылды. 1914 жылдың шілдесінде өз мекенжайын Пет­ропавл уезі, Николаевское ауы­лы деп көрсеткен Ғабдолла Шо­қай өзіне мұғалімдік қызмет із­дейтінін жазыпты.

«Тұтас қазақтың қара таны­ған азаматтарының басын біріктірген басылымда қазақ жастарының білім алуы туралы жиі жазылған. Ал оқуға мүмкіндігі жоқтар үшін жылу жиналған. Мысалы, Омбыда оқитын Дінмұхамед Әділов үшін 22 сом жинап берген 12 қызылжарлықтың есімі газетке басылған. Басылым шығып тұр­ған 5 жыл ішінде «Қазақтағы» Қызылжар хабарлары үзілген жоқ», – дейді жазушы-журна­лист Жарасбай Сүлейменов.

Газет шығарушысы ретінде Ахмет Байтұрсынов пен Міржа­қып Дулатовтардың есімдері көрсетіліп келсе, 1918 жылғы соңғы сандарының бірінде уа­қытша шығарушы ретінде Жанұзақ Жәнібековтің есімі жа­зылған. Кей деректерде оның 1889 жылы Қызылжардағы ке­дей отбасында дүниеге келгені айтылады. Ол 1912-1913 жылда­ры осындағы баспаханада жұ­мыс істеп, 1913 жылы Міржа­қып Дулатовтың шақыртуымен Орынбордағы «Қазақ» газетінің редакциясына ауысады. Қазы Нұрмұхамедұлының қазасына орай әйгілі «Алаштың тұңғыш құрбаны» мақаласын жазды. Торғайда Алаштың облыстық комитеті құрылғанда, оның бас­шылық құрамына енді. Өзінің «Орынбор жайы» мақаласында ел ішіне кеткен «Қазақ» азамат­тарының әлі Орынборға орал­мағанын жазған. Газеттің 261-нөмірін өзі шығарған.

Өкінішке қарай, Ресейдегі толқыныстар мен қақтығыстар онсыз да биліктен қысым көріп, елдің қолдауымен ғана шығып тұрған газеттің жұмысын қиын­дата түсті. Орынбордағы боль­шевиктер лаңында газет баспа­ханасы тартып алынып, 266 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетін шығару ісі тоқтады.

«Қазақ» ұлт мүддесі жолын­да жұмыс істейтін баспасөздің үлгісіне айналды. Тұңғыш га­зеттің ізін ала қазақ даласының әр бұрышында азаттық аңсарын ту еткен газет-журналдар шыға бастады. Қызылжардағы Алаш зиялылары «Жас азамат» газетін шығаруды қолға алды. Семей­дегі «Сарыарқа» апталығына Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлихан Бөкейханов редакторлық етті. «Сарыарқа­ның» бірінші санына Жүсіпбек Аймауытов «Тұр, бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл, жастар» деген мақала жариялапты. 1920 жыл­дан бастап Түркістан республи­касының кіндік комитетінің қасынан «Ақжол» газеті шығып, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жан­сүгіров, Сұлтанбек Қожанов, Бернияз Күлеевтердің жазбала­ры басылды.

Халықтың көзі мен құлағы болған арда басылымдардың арқасында өткен ғасырдан бергі қазақ тарихы тұтас қатталып, бүгінге жетті. Газет-журналдар ұйқыдағы ұлттың санасына қоз­ғау салып, қазақ оқығандары­ның басын біріктіріп, ұлтымыз­дың еркіндікке деген ұмтылы­сының айғағы болды. Жаңа за­мандағы қазақ баспасөзі де осы ақ жолдан айнымай, шындық пен бостандықты басты бағда­ры етіп келеді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp