Елімізді теңдікке бастап, азаттық идеясының жаршысы болған Алаш арыстары ғылым, білім, ағартушылық ұстанымдарды еркіндік үшін күрестің басты қозғаушы күшіне айналдырды. Өткен ғасырдың басында газет-журнал шығару ісі де елі, жұрты үшін жүрегі езілген арда азаматтардың осы ниетінен туған бастама еді. «Айқап» пен «Қазақстанның» ізін ала 1913 жылы тұңғыш жалпыұлттық басылым «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.
Газеттің 2 ақпанда жарық көрген алғашқы санының беташар мақаласында шығарушылар ғасыр басында Америкада 12, Францияда 8-9, Германияда 8, Ресейде 2 мыңнан астам басылым бар екенін айтады. Сол кездің өзінде татар оқығандары 30-ға жуық газет-журнал шығарып тұрған. «Миллет халін ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, талаптанған бір ісіміз. Құдай сәтін салғай, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік», – дейді қазақтың ақсақ қойдай артта қалып қойғанына қапамаған зиялылар.
«Қазақ» газеті жарық көрген сәттен бастап кең байтақ атырапты мекендеген 6 миллион қазақтың басын қосып, бір-бірімен тілдестірген басылымға айналды. Қазақ даласы мен Ресейдің әр жерінен оқыған азаматтар, ауқатты байлар Орынбордағы редакцияға хат жолдап, қолдау білдірді. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бастаған шығарушылар әлемдік саясаттағы ахуалды халыққа түсіндірді. Қазақтан солдат алу, думаға ұлтымыздың атынан депутат сайлау, білім беру, ғылымды қолдау, білім іздеген жастардың жайы сияқты мәселелер дүркін-дүркін көтеріліп, Алаш азаматтары оқырманға үндеу тастап отырды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры Зарқын Тайшыбайдың айтуынша, тұңғыш ұлттық басылымда елдің әр өңіріндегі елеулі оқиғалар мен келіп түскен хат-хабарлар да жарияланып тұрды. Соның ішінде қызылжарлық зиялылар да «Қазақтың» тұрақты авторына айналды. Мысалы, осы қалада еңбек еткен Мұхаммедораз Нұрбаев атты мұғалім Қызылжарда балалар білім алатын оқу ғимаратының жоқтығын жеткізіп, Баймұхаммед Майкөтов пен Өтеш Жарасовтың бірігіп мектеп салып жатқанын жазады. 1914 жылдың басында Қызылжарда аталған мектеп ашылып, балалардың күзден бері оқып жатқаны айтылған. Ал Ахмет Жанталин Қасымбек қажының ауылында мұғалім ұстап, бала оқытқаны туралы хабар жариялапты. Кейін Қасымбек қажы өзі қолдап оқытқан балалардың білімін тексеру үшін ашық емтихан өткізген. Оған Преснов, Айыртау, Бәйімбет болыстарының адамдары қатысып, төте оқудың артықшылығына көз жеткізген. Газет мамандары теріскейлік Ғабдолла Шоқаевқа ел аузындағы ескі сөздерді теріп жазып жібергені үшін алғыс айтыпты. Нәсіболла Ғабдалсатаров болса Петропавл қаласының солтүстігін мекен еткен 150 қазақ отбасының жайын баян еткен. Мал бағып, кірпіш соғып, кіре тартып күн көретін жұртшылық балаларын оқытар жер таппай әбден қиналыпты.
Басылымның айналасына топтасқан санаулы ғана азаматқа ұлан-ғайыр далаға тарыдай шашылған қазаққа газет жеткізіп, оны тоқтаусыз шығарып тұру оңай болған жоқ. Ел мүддесі үшін ештеңеден аянбайтын ауқаттылар берген қаржының арқасында әупірімдеп бір жыл жұмыс істеді. 1913 жылдың желтоқсанында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Азамат серіктігін» құрып, «Қазақты» осы серіктіктің атынан шығара бастады. «Азамат серіктігіне» кіру жарнасы 100 сом деп белгіленді. Баспасөз ісі алға басса, олардың берген қаражаты еселенуі де, кейін кетсе, кері қайтпауы да мүмкін еді. Әрине ұлтым деген азаматтар бұл серіктікке қара шаруаның қамын ойлап, ақша табу үшін емес, ел ісіне жәрдем беру үшін қосылары анық. «Бұл серіктік – купес серіктігі емес, кәсіпші серіктігі емес, «Азамат серіктігі». Бұған кіретін адамдар жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшамен серіктес болмай, көңілмен, ниетімен де серіктес болуы қажет», – дейді Алаш арыстары. Наурыздың соңына дейін бұл серіктікке 21 адам кірген.
Үмітбай Меңдекеұлы «Игілікті іс» атты мақаласында қазіргі Қызылжар қаласының маңында мекендеген Тілеп жұртындағы оң бастаманы баян етеді. Ауыл мұғалімі Нұғыман Оранкиннің сөзіне құлақ асқан ауыл ақсақалдары қайыр-садақаның бәрін босқа шашпай, бала оқытатын орын салу жолында жұмсамақ екен.
«Қазақтың» тұрақты авторларының бірі – Жұмағали Тілеулин. Оның денсаулық, тәнді күту туралы еңбектері бірнеше жыл бойы газет нөмірлеріне бөлік-бөлігімен беріліп отырған.
Түркіге ортақ ақын Мағжан Жұмабаевтың да тұңғыш ұлт басылымында ізі қалғанын атап өткен жөн. Мұнда ақынның «Туған жер», «Орал тауы» жырлары қатталып қалған.
Алаш идеясы ұлттық қозғалысқа айналған жылдардың қазақ ренессансы атануы тегін емес. Небәрі ондаған жыл ішінде білім беру, ғылым, әдебиет ісі жолға қойылып, бірнеше ғасыр бодандық құрсауында жатқан ел жарық күнді қайта көрді. Заман жайын аңдаған атұстар азаматтар жер-жерде мектеп ашып, тапқанын бала оқытуға жұмсады. Осы уақыт ішінде «Қазақ» газетінде де ауыл-ауылға мұғалім қажеттігі туралы хабарландырулар жиі басылды. 1914 жылдың шілдесінде өз мекенжайын Петропавл уезі, Николаевское ауылы деп көрсеткен Ғабдолла Шоқай өзіне мұғалімдік қызмет іздейтінін жазыпты.
«Тұтас қазақтың қара таныған азаматтарының басын біріктірген басылымда қазақ жастарының білім алуы туралы жиі жазылған. Ал оқуға мүмкіндігі жоқтар үшін жылу жиналған. Мысалы, Омбыда оқитын Дінмұхамед Әділов үшін 22 сом жинап берген 12 қызылжарлықтың есімі газетке басылған. Басылым шығып тұрған 5 жыл ішінде «Қазақтағы» Қызылжар хабарлары үзілген жоқ», – дейді жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов.
Газет шығарушысы ретінде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардың есімдері көрсетіліп келсе, 1918 жылғы соңғы сандарының бірінде уақытша шығарушы ретінде Жанұзақ Жәнібековтің есімі жазылған. Кей деректерде оның 1889 жылы Қызылжардағы кедей отбасында дүниеге келгені айтылады. Ол 1912-1913 жылдары осындағы баспаханада жұмыс істеп, 1913 жылы Міржақып Дулатовтың шақыртуымен Орынбордағы «Қазақ» газетінің редакциясына ауысады. Қазы Нұрмұхамедұлының қазасына орай әйгілі «Алаштың тұңғыш құрбаны» мақаласын жазды. Торғайда Алаштың облыстық комитеті құрылғанда, оның басшылық құрамына енді. Өзінің «Орынбор жайы» мақаласында ел ішіне кеткен «Қазақ» азаматтарының әлі Орынборға оралмағанын жазған. Газеттің 261-нөмірін өзі шығарған.
Өкінішке қарай, Ресейдегі толқыныстар мен қақтығыстар онсыз да биліктен қысым көріп, елдің қолдауымен ғана шығып тұрған газеттің жұмысын қиындата түсті. Орынбордағы большевиктер лаңында газет баспаханасы тартып алынып, 266 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетін шығару ісі тоқтады.
«Қазақ» ұлт мүддесі жолында жұмыс істейтін баспасөздің үлгісіне айналды. Тұңғыш газеттің ізін ала қазақ даласының әр бұрышында азаттық аңсарын ту еткен газет-журналдар шыға бастады. Қызылжардағы Алаш зиялылары «Жас азамат» газетін шығаруды қолға алды. Семейдегі «Сарыарқа» апталығына Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлихан Бөкейханов редакторлық етті. «Сарыарқаның» бірінші санына Жүсіпбек Аймауытов «Тұр, бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл, жастар» деген мақала жариялапты. 1920 жылдан бастап Түркістан республикасының кіндік комитетінің қасынан «Ақжол» газеті шығып, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанбек Қожанов, Бернияз Күлеевтердің жазбалары басылды.
Халықтың көзі мен құлағы болған арда басылымдардың арқасында өткен ғасырдан бергі қазақ тарихы тұтас қатталып, бүгінге жетті. Газет-журналдар ұйқыдағы ұлттың санасына қозғау салып, қазақ оқығандарының басын біріктіріп, ұлтымыздың еркіндікке деген ұмтылысының айғағы болды. Жаңа замандағы қазақ баспасөзі де осы ақ жолдан айнымай, шындық пен бостандықты басты бағдары етіп келеді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».