Облыстағы балабақшаларды сенімді басқаруға беру мәселесі көптен бері көтеріліп жүр. Ақыры осы қаңқу сөз расқа айналып, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелейтін 85 мекеменің үшеуіне бизнес өкілдері иелік ететін болды. Білім басқармасының іс-шаралар жоспары аясында алғаш рет қолға алынып отырған қанатқақты бағдарлама тиімділікпен жүзеге асырылса, экономикалық, басқадай да ұтымды жақтары аз болмасы анық. Басты мақсат өзара әріптестік шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік ауқымын кеңейтіп, әкімшілік шығындарды азайтуға, бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталмақ. Осыған орай мүлікті сенімгерлікпен басқару тәртібі бойынша білім басқармасы мен жеке бизнес өкілдері өзара мәмілеге келіп, міндеттерін айқындаған. Алайда, игі іс басталмай жатып, ата-аналар тарапынан шу шықты. Облыс орталығындағы “Ивушка” балабақшасының меңгерушісі З.Токареваның “балалар саны жеткіліксіз, осы себепті қазақ тобы жабылады. Орыс топтарына, болмаса басқа балабақшаға ауысыңыздар” деген үзілді-кесілді мәлімдемесі отқа май құйғандай әсер етіп, ата-аналардың ашуын тудырған. Бұл орайда қалалық білім бөлімі де ата-аналардың мәселесін шешіп беруге асықпаған.
Интернет желілерін бірнеше күн бойы алатайдай дүрліктірген мәселе бойынша жиын ұйымдастырылатынын (11 қаңтар) естігеннен кейін қатысуды, мән-жайға тереңірек қанығуды ұйғардық. Ата-аналардың, “Ұлт тағдыры – Қызылжар” қоғамдық бірлестігі өкілдерінің, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың, қалалық білім бөлімінің жетекшісі Сара Рамазанованың, 300 орындық “Ивушка” балабақшасының қазіргі қожайыны, “GRAND Broker” компаниясының директоры Андрей Токаревтың қатысуымен өткен басқосу көптеген келеңсіздіктердің бетін ашып берді. Алина Қуандықова, Ақнұр Ақжанова, Гүлнұр Мырзашева, Альбина Қасымова, тағы басқа ата-аналар оқиғаны боямасыз баяндап берді. Мәселені байыпты шешудің орнына қиындыққа душар етіп, қыстың көзі қырауда әрлі-берлі сандалтып қойған балабақша меңгерушісі Зинаида Токареваның, қалалық білім бөлімі мамандарының бассыздықтарына не айтарсың?
– Тендер қорытындысы шыққалы қашан! Әлі күнге дейін ұжымдық келісімшарт қолымызға тиген жоқ. Енді аяқасты 14 бүлдіршіннің тағдырын ойыншық етпек. Қит етсе, қызмет көрсету бағасын көтереміз деп шыға келеді. Не үшін десек, жағалай қымбатшылық деп алақандарын жаяды. Осы сөзден кейін бірқатар ата-аналар балаларын алып кетті. Әйтпесе, топ толық болатын. Жаңа қожайынның ұстанған бағытынан да, бағдарламасынан да хабарсызбыз. Ашықтық, өзара сенім болмаған жерде жоғарыдағыдай келеңсіздіктер орын алады. Балабақшаға да, қызметкерлеріне де ризамыз. Әр кез құшақ жайып қарсы алады. Тып-тыныш жұмыс істеп жатқан мекемені сенімді басқаруға бергені түсініксіз. Жаңа қожайын бағаны өсіріп жібере ме деген күдігіміз де бар, – десті ата-аналар.
Владимир Ткаченко өз сөзінде екіжақты келісім қатаң сақталатынын, топ жабылмайтынын, ата-ана әр бала үшін айына 14,5 мың теңге төлейтінін, бұдан әрі баға көтерілмейтінін, қосымша қызмет түрлері (хореграфия, логопед, ағылшын тілі, каратэ, т.б) ерікті түрде екенін айта келіп, балабақша меңгерушісінің әбестігі үшін кешірім сұрады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Сара Миронқызы әр бала үшін жергілікті бюджеттен айына 30 мың теңге қарастырылатынын, бұл қаражат жалақы, материалдық-техникалық базаны жақсарту, мекемені жөндеу секілді мұқтаждықтарға жұмсалатынын сөз етті. Сонда дейміз-ау, “инвестордың” міндеті қосымша қызметтер ұсынумен ғана шектелетін болғаны ма? Осы сауалды Андрей Евгеньевичке қойып, қанша қаржы бөлмек ниетін сұрап едік, мардымды жауап ала алмадық. Әлде сенімді басқаруды бюджет қаражатынан “жонып алу” деп түсіне ме екен?
Балабақшаларды сенімді басқаруға беру арқылы тәлім-тәрбие, оқу үрдісін оңтайландырып, тиынды теңгеге айналдырып жүрген кәсіпкерлер елімізде аз емес. Мысалы, Ақтөбе облысында былтыр 9 балабақша жеке кәсіпкерлер иелігіне өтіп, жарты миллиард теңге үнемделген. Бір атап өтерлігі, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі ұйымға бір баланы тәрбиелеуге және оқытуға 19354 теңге көлемінде шығын өтелген. Ата-ананың төлем мөлшері 10000-11500 теңгені құраған. Бізде қалай? Керісінше, жергілікті бюджетке әжептәуір салмақ түскелі тұр. Бұл да – ойланатын мәселе. Екіншіден, нысанды сенімді басқаруға берудің шартында көрсетілгендей, нысанды кейін сатып алу құқығы беріле ме? Ата-аналар, ұжым бұл жайттан да хабарсыз.
Жиында сөйлегендердің мына ұсыныс-пікірлері де көңілге қонады. Он жылға сенімді басқаруға берілетін нысанның материалдық-техникалық деңгейін ескермей болмайды. Е.Токарев пайдалануға берілгеніне әлі көп бола қоймаған “Балдәурен” балабақшасына да иелік еткен. Кәсіпкердің қаржылық әлеуеті қандай дәрежеде, жұмыс тәжірибесі жеткілікті ме, әлде көлденең көк аттыдай тосыннан қосылып, мемлекет қаражатын малданып қана отыра бере ме – бұл тендерлік комиссия арына сын. Кез келген бизнес өкілінің түпкі мақсаты табыс табу, пайдаға кенелу, былайша айтқанда, құйған инвестицияны еселеп қайтару десек, кіріс көздері ненің есебінен құралады, қайдан жинақталады деген сауалдың да бизнес-жоспарда қамтылғаны артықтық етпейді. Қалыпты жұмыс істеп тұрған балабақшалардан гөрі пайдалану мерзімі өткен, материалдық жағдайы сын көтермейтін санаттағылар қамқорлыққа алынса, бюджет үшін әлдеқайда тиімді болары сөзсіз.
Қаншама балабақша жөндеу күтіп тұр. Соларға қаржы құйып, тәжірибе ретінде неге сынақ жүргізіп көрмеске? Кәсіпкер қандай қызмет сапасын ұсына алады, тамақтандыруды, оқу-тәрбие үрдісін қалай жақсартпақ? Өз басқаруына алғаннан кейін төлемақы мөлшерін қымбаттатып жібермей ме? Міне, осы мәселелер төңірегінде алдын ала шарт-талаптар қойылса, ата-аналар да алаңдамас еді.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ.