«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОЛИМПИАДА

Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатында VIII республикалық “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Олимпиадаға 138 оқушы қатысса, оның 47-сі – өзге этностар өкілдері.

Жалпы білім беретін мектептерде қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылардың арасында тек қазақ тілінде өтетін олимпиадаға қатысушылар 5 бағытта додаға түсті.

“Тілші-әдебиетшілер” бағыты бойынша 31 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен білімдерін сынады. Аталмыш бағыт бойынша Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Айдана Сағындықова мен Уәлиханов ауданындағы Чехов орта мектебінің 9-сынып оқушысы Виктория Вьюшкина 1-орын алды.

“Сөз шеберлері” сайысына 34 оқушы қатысты. Оның шарты бойынша қатысушы 1 шығарманы (прозалық немесе поэзиялық) немесе одан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқуы тиіс. Шығарманың тақырыбы ұлттық құндылықтарды (тарих, тіл, Отан, ұлттық тәрбие, т.б.) насихаттауға бағытталды. Оқушының мәнерлеп сөйлеу машығына, сөздердің анық айтылуы мен мәнін жете түсінуіне назар аударылды. Петропавл қаласындағы №9 орта мектептің 8-сынып оқушысы Мейіргүл Әбілмәжінова мен Қызылжар ауданындағы Совхоз орта мектебінің 11-сынып оқушысы Сұлтан Надиров осы талап үдесінен көріне білді.

“Әнші-бұлбұлдар” бағыты бойынша өнер көрсеткен 33 оқушының ішінде 1-орынды Тайынша ауданындағы №5 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Аружан Сүлейменова мен Қызылжар ауданы Кондратовка орта мектебінің 9-сынып оқушысы Игорь Уланов бөлісті. Бұл сайыста қазақ халық әндері мен сазгерлерінің шығармалары насихатталды.

“Жас ғалымдар” бағытында 20 оқушы сайысқа түсті. Қатысушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты бір тақырыпты ғылыми тұрғыдан қазақ тілінде түсіндіру қабілеті бағаланды. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 8-сынып оқушысы Айғаным Ұланова үздік шығып, 1-орынды иеленді.

“Жазушылар” бағыты бойынша 20 оқушы бақ сынады. Бұл сайыста жасөспірімдерді отансүйгіштік, ерлік, қаhармандық рухында тәрбиелеу, жазуға талапты балалардың қабiлет-қарымын ұштау, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, шығармашылық ізденіске жұмылдыру көзделді. Жас дарындар жарысында Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектептің 9-сынып оқушысы Сымбат Әбілова мен Қызылжар ауданы Пеньково орта мектебінің 11-сынып оқушысы Анна Дзортова оза шапты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp