«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚИТЫН БАЛАЛАР ӘЛІ ДЕ АЗ»

Облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің негізгі міндеті – өңірдегі білім беру ұйымдарының қызметін реттеу, білім сапасын бағалау және қамтамасыз ету. Департамент басшысы Гүлнар Таласбаевамен өңірдегі білім сапасы, кадр тапшылығы, мектептердің жабылуы және педагог мәртебесі жөнінде әңгімелестік.

 – Гүлнар Темірболатқызы, білім сапасы қалай бағаланады, негізгі критерийлер қандай?

– Білім беру сапасы ғима­раттың жағдайына қарап неме­се оқулықтардың бар-жоғымен бағаланбайды. Ең алдымен, білім алушылардың оқу жетістіктері, білім беру бағдарла­маларын меңгеру деңгейі ес­керіледі. Сонымен қатар мек­тептің немесе балабақшаның білім беру қызметі, оқыту-тәр­бие жұмысы, оқу жоспарлары мен әдістемелері, басқару ор­гандарының тиімділігі сияқты аспектілер қарастырылады.

– Өзіңіз айтқандай, білім сапасын бағалау жан-жақты жүргізілетін болса, соңғы жыл­дары жүргізілген тексерістердің нәтижесімен таныстырып өт­сеңіз.

– 2024 жылы біз 211 білім беру ұйымына мемлекеттік ат­тестаттау жүргіздік. Олар – 201 мектеп, 9 балабақша және 1 колледж. Нәтижесінде 9 бала­бақшаның 8-і (88 пайызы) оң қорытынды алды. Ал 201 мек­тептің тек 40-ы ғана (19,9 па­йызы) аттестаттаудан сәтті өтті. Қалған 161 мектеп (80,1 пайыз) «аттестатталмады» деген қоры­тынды алды. Бұл – алаңдатар­лық жағдай.

Мысалы, Уәлиханов ауда­нында аттестаттауға қатысқан 16 мектептің бірде-бірі өте ал­мады. Бұл білім сапасын түбе­гейлі жақсартуды талап етеді. Биылғы 1 жартыжылдықта 38 білім мекемесіне мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. 11 мек­теп аттестаттаудан сәтті өтті.

– Өңір мектептеріндегі білім сапасының төмендеуіне не түрткі болып отыр?

– Бұл жайында айтқанда бірнеше маңызды мәселені атап өтуге болады. Олар – мек­тепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы, ауылдық жерлерде шағын жинақталған мектептердің көптігі, техника­лық және кәсіптік білім беру ұйымдарында шеберханалар­дың заманауи құрал-жабдық­пен жеткілікті қамтылмауы, студенттерге арналған жатақ­хананың аздығы. Сонымен қа­тар педагогтар тапшы. Өңір­дегі 30 мектептің директоры – зейнет жасындағы адамдар.

– Жалпы өңірде кез келген салада кадр тапшылығы өзекті екені белгілі. Соның ішінде білім саласы да бар. Мектептерге қанша мұғалім жетіспейді?

– Бүгінгі таңда облысымыз­дың білім беру жүйесінде 16 мыңнан астам педагог жұмыс іс­тейді. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңға жуық мұғалім еңбек етіп жатыр. Алдымыздағы жаңа оқу жылын­да тағы 955 педагог қажет. Бұл – алдын ала жасалған талдау нә­тижесі. Петропавлда – 280, Ға­бит Мүсірепов атындағы ауданда – 120, Айыртау ауданында 96 мұ­ғалім жетіспейді.

Математика пәні мұғалім­деріне сұраныс көп. Қазір 96 математик қажет. Сондай-ақ 75 мектепке дейінгі тәрбиеші, 67 орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 58 педагог-психолог, 50 қазақ тілі мен әдебиеті, бас­тауыш сынып, физика пәнінен маман керек. Бұл өңірде педа­гог кадрлармен қамтамасыз етуде айтарлықтай мәселе бар екенін көрсетеді. Өткен оқу жылында облыс мек­тептерінде 603 зейнет жа­сындағы мұғалім жұмыс іс­теген. Яғни кадрлық құ­рамды жаңарту да өзекті мәселеге айналған.

Дегенмен оң үрдіс бар. Осы жылы университетті педагогикалық бағытта 493 студент, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары кол­леджді 432 студент тамамда­ды. Барлық түлектер ша­ғын жинақталған мектептерден басқа білім беру ұйымдарына ашық конкурстық негізде жұ­мысқа орналасады. Бұл талап педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға және білім сапасын жақсартуға бағытталған.

Тағы бір маңызды мәселе – педагогикалық қызметті алғаш немесе қайта бастаған азамат­тар міндетті түрде педагогтар­дың біліктілігін бағалау рәсімі­нен өтуі керек. Бұл – олардың кәсіби дайындығын нақтылап, оқушы алдындағы жауап­кершілікті арттыруға бағыттал­ған әділ әрі объективті талап.

– Педагог мәртебесін артты­руда қандай жұмыстар атқары­лып жатыр?

– Соңғы жылдары педагог­тардың еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Балабақша мен кол­ледж педагогтарына да қосым­ша үстемақылар белгіленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы тағайындалды. Біздің облыстан үш педагог осы марапатқа ие болды.

Мұғалімдерді марапаттау үдерісі автоматтандырылған, бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.

– Жеке және мемлекеттік мектептерге қойылатын талап­тарда айырмашылық бар ма?

– Қойылатын талап бәріне ортақ, айырмашылық жоқ. Мемлекеттік аттестаттау меншік түріне қарамастан, бар­лығына бірдей талаппен бес жылда бір рет жүргізіледі. Бұл – Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодекс пен «Білім туралы» Заң талаптарына сай. Біліктілік талаптары, санитар­лық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі, педагогикалық жүктемелер барлығына бірдей тән.

– Бір жылдары өңірде қазақ мектептеріндегі орын тапшы­лығын шешу мақсатында орыс тілді мектептердің жанынан қа­зақ сыныптары ашылған еді. Өңірде қанша қазақ баласы өз ана тілінде білім алып жүр?

– Облыста 444 мектеп бол­са, соның 104-і қазақ тілінде, 108-і – аралас мектеп. Жыл са­йын аралас мектептер саны ар­тып келеді, яғни орыс тілінде оқытатын мектептер біртіндеп қазақ тіліне көшуде. Жаңа оқу жылында осындай мектептер саны үшеуге артты.

Өткен оқу жылында 1-сы­ныпқа қабылданған 6878 оқу­шының 1901-і, яғни 27,6 пайы­зы ғана қазақ тілінде оқуға ниет білдірді. Облыс мектептерінде ұлты қазақ 32 мыңнан астам бала білім алып жатса, оның 14 226-сы орыс тілінде сауатын ашуда. Тек 18 310 бала өз ана тілінде білім алып жүр.

– Жаңа оқу жылына дайын­дық қалай жүргізіліп жатыр?

– Біз жаңа оқу жылына да­йындық аясында білім беру ұйымдарының инфрақұрылы­мына, жылыту маусымына, қауіпсіздік жүйелеріне, оқу­лықтармен қамтамасыз етілуі­не және кадрлық мәселелерге ерекше назар аударып отыр­мыз. Биыл облыста 11 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Со­нымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошағы салынып жатыр. Бұл білім ордалары қазіргі заманға сай, кең, қауіпсіз. Бір мектеп «Орман» шағынауданында іске қосылды. Тағы біреуі «Береке»- де салынып жатыр. Бұл мек­тептерде STEM-зертханалар, спорт залдар, коворкинг ай­мақтар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинеттер бар. Жобаның әрбір кезеңі де­партаменттің бақылауында.

Білім – кез келген ел да­муының негізі. Сондықтан әр баланың сапалы білім алуы – аса маңызды міндет. Сол үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бі­рақ бұл – тек бір мекеменің емес, тұтас қоғамның, ата-ана­ның, мұғалімнің ортақ міндеті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp