“Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?” – деген екен ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Шынымен де, тіл тағдыры ел тағдырымен сабақтас. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру және қазақша сөйлейтін жастарды ынталандыру мақсатында атқарып келе жатқан жұмысы аз емес. Дәстүрлі XVII Тілдер фестивалі қарсаңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановты сөзге тартқан едік.
– Биылғы Тілдер фестивалі Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтарына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл айшықты мерекелердің тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған қазақ тілінің мәртебесін арттыруда өзіндік үлесі зор.
Дәстүрлі Тілдер фестивалі – біржылдық еңбегімізді саралайтын кезең. Биыл да біз жоспарлы түрде ауқымды жұмыс атқардық деп айтуға болады.
Наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарымен кездесті. “Тіл – татулық тірегі” деп аталған кездесуде қыз-жігіттер мемлекеттік тіл төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін жастардың талпынысына кездесуге қатысушылар риза болысты.
Сонымен бірге, “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалі биыл да жалғасын тапты. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шара ұлы жерлесіміздің туған күніне орайластырылып өткізілді. Онда республикамыздың 11 облысынан келген үміткерлер түрлі аталымда бақ сынады. Олар өз өңірлерінде БАҚ өкілдері арқылы өнер мерекесінен алған әсерлерімен күні бүгінге дейін бөлісуде екен.
Соңғы үш жылда Ресей Федерациясының Омбы, Түмен, Қорған облыстарында тұратын қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйрену үшін әдістемелік қолдау көрсету мақсатында 300-ден астам оқу құралы тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында биылғы жылдың сәуір айында Қорған облысының қазақ ұлттық-мәдени бірлестіктері үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай “Онлайн режімі арқылы мемлекеттік тілді оқытудың тиімді жолдары” тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылып, 60-тан астам жаңа оқу құралдары берілді.
Жалпы жыл сайын мемлекеттік және Қазақстан халқы тілдерін насихаттау бойынша 20-дан астам облыстық және 180-нен астам аудандық, қалалық іс-шара өткізіліп тұрады.
– Кемел Қарашаұлы, мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылуда?
– Барлық деңгейдегі өкілді және атқарушы органдарда, мемлекеттік ұйымдарда ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуді қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
“Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңның 25-бабына сәйкес аумақтық атқарушы 44 органда жоспарлы тексеріс өтті. Тексерістер барысында анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктер жыл соңында мекеме басшыларымен өтетін отырыста талқыланатын болады.
Шығыс және кіріс құжаттарға ай сайын мониторинг жүргіземіз. Облысымызда мемлекеттік тілде құжат жүргізудің арасалмағы жылдан-жылға өсуде. Бүгінгі күні облыс бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі – 98, ал кіріс құжаттар 84 пайызға жетті. Мемлекеттік тілде іс жүргізуші мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау мақсатында соңғы үш жылда 191 мемлекеттік тілдегі құжаттардың редакторы арнайы курстан өтті. Яғни, 2005 жылдан 2015 жылға дейін мыңнан астам аудармашы қайта оқытылды. Жергілікті биліктің күнделікті жұмысы барысында ілеспе аударма қолданылады. Облыстық мәслихат, облыс және қалалық әкімдіктің, сонымен қатар облыстың 13 ауданы әкімдігінің мәжіліс залдары ілеспе аударма қондырғыларымен жабдықталған. 3 жыл ішінде облыс бойынша 66 тыңдаушы ілеспе аудармашылардың арнайы курсынан өтті.
– Қазақ тілін оқыту жүйесінде қандай жаңалықтар бар және көңіл көншітерлік нәтижелерге тоқталып өтсеңіз?
– Өткен оқу жылы мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы 124 топта 2624 мемлекеттік қызметші және облыс тұрғындары қазақ тілін оқыды. Оның ішінде 120 топ – қазақ тілінен, 4 топ ағылшын тілінен дәріс тыңдады. Соңғы екі жыл ішінде топ саны 55-ке көбейіп, қосымша 1559 тыңдаушыға мемлекеттік тілді тегін оқытуға мүмкіндік туды. Оларға білікті, тәжірибелі тіл мамандары сабақ береді.
Биыл мемлекеттік тілді оқыту орталығы “Қызылжар” қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығы” ЖШС болып жекешелендірілді. Биылғы оқу жылы осы орталық арқылы мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері және облыс тұрғындары үшін 140 топта 2000-нан астам тыңдаушыға мемлекеттік және ағылшын тілдерін үйретуге мүмкіндік туды.
Қазақ тілінің меңгеру деңгейін анықтау үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген “Қазтест” сынағына соңғы үш жылда 5800-ден астам адам қатысты. 188 тыңдаушы В1 республикалық деңгейдегі сертификатқа ие болды.
15 мыңнан астам адам облыстық оқыту орталығы арқылы сынақтан өтті. Үстіміздегі жылы 414 тыңдаушы облыстық деңгейдегі сертификатқа қол жеткізді. Әрине, жүйелі оқыту нәтижесіз болмасы анық. Уәлиханов, Есіл, Шал ақын аудандарының қатысушыларының қол жеткізген көрсеткіштері көңілден шыққандығын айта кеткен жөн.
“Қызылжар” орталығы тілдерді оқытудың халықаралық тәжірибесімен танысу үшін Түркия Республикасы Гази университетінің жанындағы ТОМЕР “Түрік тілін оқыту, зерттеу және тәжірибе орталығымен” меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды көздеп отырмыз.
– “Тілдің үштұғырлылығы” жобасы аясында өңіріміздің бірнеше мектептері тереңдетілген білім беруде. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов биылғы ұстаздардың тамыз кеңесінде шәкірттердің мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеруі үшін қазақ әдебиеті пәніне қосымша ретінде қазақстан тарихы мен география пәндерін қазақ тілінде оқытуды ұсынып отыр. Осы жөнінде не ойлайсыз?
– Әрине, егер министрдің бастамасы қолға алынатын болса, қазақ тілінің тынысы бұдан бетер ашыла түсер еді. Оқушылар арасында тілдік орта қалыптасары сөзсіз. Бізге керегі де осы!
Қазіргі таңда өңірімізде тілді деңгейлеп меңгерудің халықаралық стандарты негізінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 22 мыңнан астам мектеп жасына дейінгі бүлдіршін тілдерді оқып-үйренуде.
Өткен оқу жылында 67,2% қазақ баласы өз ана тілінде білім алса, өзге этнос өкілінің 293 оқушысы қазақ тілінде оқыды. Жаңа оқу жылында олардың қатары қалыңдай түсетініне сенімдімін.
Сонымен қатар, министр жоғары сыныптарда информатика, физика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылатынын айтты. Бұл өркениетті елдермен тереземізді теңелтуде зор мүмкіндік. Әрине, мұның бәрі – уақыт еншісіндегі мәселелер.
– Біздің облысымыз – өзге этнос өкілдері көп шоғырланған өңірлердің бірі. Этно-мәдени бірлестіктермен тығыз байланыста екендеріңізге көзіміз жетіп жүр…
– Дұрыс айтасыз, біз фестиваль аясында өтетін іс-шараларда ғана емес, этномәдени бірлестіктермен әр уақытта тығыз байланыста болуға тырысамыз. Жоспарлы форумдар, акциялардың барлығына өзге этнос өкілдері тартылады. Әсіресе, Петропавл қаласының №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары біздің тұрақты қолдаушыларымыз.
Жыл сайын үш тілді меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатында “Тіл – тұнық ойдың кәусары” олимпиадасы, “Тіл шебері”, орыс тілі білгірлерінің арасында “Тіл – парасат” байқаулары өткізіледі.
Бүгінгі күні қазақша еркін сөйлейтін өзге этнос өкілдері аз емес. Бұл – түрі басқа болса да, тілегі бір отандастарымыздың тілімізге деген құрметінің артқанына дәлел. Қызылжар аудандық экономика және қаржы бөлімінде бас маман қызметін атқарып жүрген Татьяна Никулина кездескен сайын: “Орыс болсам да, қазақ тіліне деген құрметім, тілге деген сезімім зор”, – дейді. Әрине, қазақ тілінің абыройын асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі қуантады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша этномәдени бірлестіктердің мүшелерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай шынайы құттықтауымды жеткізгім келеді.
– Қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат пен жарнамалардың жағдайы қалай?
– Мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге, кәсіпорындарға жарнамалардағы, көрнекі ақпараттағы қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерін бекітіп беруде әдістемелік көмек көрсетілуде. 2014 жылы – 260, биыл 170-тен артық эскиз бекітілді.
Көрнекі ақпарат пен жарнамаларды тіл заңнамасы талаптарына сәйкестендіру мақсатында Петропавл қаласының 7 көшесіндегі (Мир, Жамбыл, Қазақстан Конституциясы, Букетов, Интернационал, М.Әуезов, Абай) мекемелерге, ұйымдарға, сауда орындарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында айлық жүргізілді. Нәтижесінде 25-тен астам заң бұзушылық пен қателіктер анықталды, оның бірқатары бүгінде түзетілді.
Сондай-ақ, облыстағы жарнама агенттіктерінің барлығы бірдей тіл заңнамалары нормалары мен оларды қолдану қағидаттарын білмейтінін атап өтуіміз қажет. Облыс орталығындағы көшелерде грамматикалық қателер мен заң бұзушылықтар әлі де кездеседі. Оларды заңнама талаптарына сәйкестендіру мақсатында жұмыс жалғасуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.