Қазақ тілін үйрену туралы ойға қалай келдім? Бүгінде мемлекеттік тілді білу маған не берді? Жалпы қазақ тілінің өмірімдегі рөлі жайында туған өңірімнің басылымында ой тарқатсам деймін.
Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Оседлое ауылының тумасымын. Балалық шақтағы ең жақын досым Әлия есімді қыз болды. Оның анасы мені кіндік қызым дейтін. Сәуле тәтейдің айран, құрт, бауырсақтарын тамсанып жейтінмін. Содан болар, қазақ тағамдарын әлі күнге дейін ерекше жақсы көремін. Әлияның отбасымен тығыз байланыс арқылы “әкел, апар, рахмет” деген қарапайым сөздерден қазақ тілін үйрене бастадым. Досым екеуіміз “мектеп” ойынын ойнаған кезде қазақ тілі мұғалімі болатынмын. Осы мамандық бойынша жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Орыс сыныбында оқығандықтан, “қазақ тілін сөйлесу құралы ретінде үйреніп алуға болады ғой” деген ойда болдым.
Құрбыммен серуендеген кезде “Бұл сөзді қалай қолданған дұрыс, аудармасы қалай?” деген сұрақтарды қойып, оның сыныптастарымен қазақша сөйлескенін тыңдайтынмын. Әңгіменің төркінін ұғып, оны мазмұндауға, аударуға тырыстым. Кейде ол мені түзеп, үйретіп отырды. Осылайша мектепте қазақ тілі мұғалімнің сөздерін бірден түсініп, берілген тапсырмаларды оңай орындадым. Қазақ тілі менің сүйікті пәніме айналды. Мұғалім мазмұндаманы 5-ке жазады деп, әрқашан мені барлық сынып алдына үлгі ететін.
Жетінші сыныптан бастап аудандық, кейін облыстық Абай оқуларына қатыса бастадым. Өлеңдерді жаттау арқылы қазақ тіліне тән дыбыстарды жақсы айтуды үйрендім. Ал өлеңнің мағынасын түсіну үшін бөлек сөздерді сөздік арқылы аударуға тырысатынмын. 11-сыныпта Абайдың 65 шығармасын жатқа білдім. Ұлы ақынның Қарасөздерінің үзінділері әлі күнге дейін жадымда жатталып қалыпты.
Жоғары оқу орнына түсетін кез келді. Сол жылы олимпиадалардың, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездескен өңірдің бұрынғы басшысы Тайыр Мансұров қазақ филологиясына түсем деген 10 талапкерге әкімнің гранттары бөлінетінін жеткізді. Осы кездесуден кейін жүрегім қалаған мамандықтар – журналистика мен қазақ филологиясын таңдау таразысына салып, ойландым.
Мемлекеттік тілге деген махаббатым балалық арманымды жеңді. 2005 жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Қазақ тілі және әдебиеті” мамандығына оқуға түстім. Әрине, оңай болды деуге келмейді. Ауызша емтихандар, том-том әдебиет, сан алуан пәндер. Және барлығы да қазақтың көркем тілінде! Сол уақытта оқытушылар, топтастарым, бәрі маған көмектесетін. Міне, мен аңсаған тілдік орта! Жыл өте шыдамдылығымның, қалауымның, ең бастысы, тілге деген сүйіспеншілігімнің арқасында оқу да жеңілдей бастады.
4-ші курста оқығанда облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында өзге ұлт өкілдері арасында музыкалық-құттықтау бағдарламасының жүргізушісіне кастинг жарияланды. 4 үміткердің арасынан мені таңдады. Өз туғандарын құттықтауға келген ата-әжелердің тапсырыстарына қазақша жауап беру тілдік қорымды одан әрі жетілдіру мүмкіндігін берді.
2010 жылы жер жаннаты – Көкшетауға келіп, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде “Қазақ тілі және мемлекеттік тілде іс жүргізу” пәндерінің оқытушысы болып қызметке орналастым. Студенттермен өзімнің студенттік күндерімді еске алдым. Мемлекеттік тілді меңгергісі келетін талапты жастардың қатары қалың екен. Өз тәжірибеммен бөлісе отыра, оларға орыс тіліндегі телехикаяларды қазақ тіліндегі субтитрлермен көргенімді, қазақ тілінде газеттер оқып, бейтаныс сөздерді блокнотқа жазып алатындығымды айтып отырдым.
Ұстаздық қызметіммен бірге қаланың қоғамдық өміріне қатысуды қатар алып жүрдім. 2011 жылы Елбасының қатысуымен өткен “Нұр Отан” партиясының ХІV съезіне қатыстым. Ол кезде мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшесі болатынмын.
Белгілі бір нәтижеге қол жеткізген сайын жаңа белестерді бағындыруды армандайсың. 2012 жылы Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы қызметіне орналастым. Мектеп ұжымы – көпэтносты. Мұнда мен түрлі елдерден келген мұғалімдермен араластым, тіл үйрендім. Сол жылы үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білетін жастар арасындағы “Тіл шебері” байқауына қатысып, республикада 3-орынды иеленген болатынмын.
2012 жылы Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту бойынша орталық құрылып, маған оның төрайымы болу жауапкершілігі жүктелді. Орталықтың мүшелері – өзім сияқты қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері.
Менің өмірімдегі ерекше сәттердің бірі – 2014 жылы 7 наурызда Елбасымыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған қыз-келіншектердің қатарында болуым. Мемлекет басшысымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адам сол кездесудің әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны шындық екен. Сол күнді еске алсам, ерекше күйге бөленемін.
Өмірімнің парақтарын ой елегінен өткізе отырып, осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерім, бағындырған белестерім болса, олардың барлығы қазақ тілінің арқасында екенін ерекше мақтаныш етемін. Әрине, білгенімнен білмейтінім көп, сондықтан алар асуларым әлі алда деп ойлаймын.
Мен – болашағы шуақты, халқы бақытты, бірлігі мен ынтымағы жарасқан егемен, тәуелсіз, Мәңгілік Қазақ елінің азаматымын! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тіліміз тұғырлы болғай!
Алена ЮМАКУЛОВА,
Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту жөніндегі орталықтың төрайымы.
Көкшетау қаласы.