Бейнетке төзу, үмітпен өмір сүру қазақы болмыстың басты ерекшелігі іспетті, оған өзіміз де мойынұсынып, «Әй, қазақ, жүрген жерің азап» деп күңкілдеп қоямыз. «Тағдырдың басқа салғанын көрерміз», «Сабыр түбі – сары алтын», «Басқа түскен баспақшыл», «Маңдайға жазылғаны», «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», «Көппен көрген ұлы той» сияқты мақал-мәтелдері бар қайран қазаққа төзімділікке негізделген фаталистік ұстаным тән. Қазақ төзімді, бірақ, көнбіс емес. Көнбістік – ынжықтық пен надандыққа үзеңгілес ұғым.
Кеудесінде жаны бар тіршілік иелерінің барлығының бойында шыдам бар, бірақ, шыдам шексіз емес.Төзімділіктің де түбі бар, сабыр да сарқылады, тағат таусылады, үміт үзіледі. Сондықтан да, халық даналығы «Шыдамның да шегі бар», «Үндемегеннен үйдей бәле шығады», «Жуастан жуан шығады» дейді. Мұның барлығын айтып отырған себебіміз – күнделікті өмірде болсын, саясатта болсын, адамдардың шыдамдылығын шегінен шығармау аса маңызды. Халық шыдамды, илегенге көнеді дейтін саясаткерлердің билігі түбінде төзімі таусылған халықтың көтерілістерінен құлап тынады. Өткен тарихта солай болған, қазір де солай. Әлемде жиі болып жатқан төңкерістер мен бүліктер, түрлі жанжалдар халықтың төзімі таусылғанда бұрқ ете қалған саяси процестер. Қазақ тарихында да ұлт-азаттық көтерілістер көп болғаны белгілі. Бір қарағанда, қазақтан асқан төзімді халық жоқ сияқты көрінеді. Алайда, төзімі таусылғанда, момын қазақ та бас көтереді, ал, бір көтерілсе, қазақты тоқтату қиын. Биыл 550 жылдығы тойланатын Қазақ хандығының құрылуы да қазақ ру-тайпаларының Әбілқайыр ханның озбырлығына қарсы бас көтеріп, өз алдына дербес мемлекет құруымен, ұлттық рухтың өрлеуімен тікелей байланысты. Тарихқа жүгінсек, Жәнібек сұлтан мен Керей сұлтан халқын ертіп Жетісуға көшпес бұрын, 1428 жылдан бастап Әбілқайыр ханның оппозициялық саяси қарсыластары болған. Себебі, Әбілқайырдың 17 жасында хан сайлануы оның жеке қасиеттеріне емес, шашбауын көтеруші саяси күштерге, бай-шонжарлардан тұратын қысым жасаушы топтарға байланысты еді. Соған сәйкес, Әбілқайыр хан өз билігін нығайту және өзін қолдайтын үстем саяси элитаның мүдделерін қанағаттандыру жолында 20 жылға жуық зорлық-зомбылық жасап, елге ылаң салып, қарсыласқан Жошы ұрпақтарын, бағынбаған ру-тайпалардың көсемдерін басып-жаншумен айналысқан. Бұл өз кезегінде оған деген күшті наразылықты туғызып, қол астындағы халықтың төзімін тоздырды. Осындай кезеңде, яғни, 1465 жылдары Ұрұс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар бабаларынан мұраға алған ел мен жерден бас тартып, Шу өзені бойында Қазақ хандығын құрды. Егер де, қазақ көнбіс халық болса, ата-бабаларымыз Әбілқайыр ханның езгісіне қарсы шығып, одан бөлініп, өз алдына егемен ел болып, дербес хандық құрар ма еді?..
…Мәселені қорытып айтар болсақ, біз тәуелсіздігімізді нығайтып, егемен Қазақ елін «Мәңгілік елге» айналдырамыз десек, ең алдымен ұлттық мүдделерімізді қорғай білуіміз қажет. Ол үшін әрбір қазақтың бойында ұлттық мүддемізге нұқсан келтіруші кез-келген қастық әрекетке төзбеушілік танытатын жігерлі өр мінез, намысқа толы ұлттық рух қажет. БҰҰ «Төзімділік ұстанымдарының декларациясында» адам баласының төзбеушілік танытуы тиіс жағымсыз құбылыстар көрсетілген. Дискриминацияға, ұлттық-мәдени әралуандықты мойындамаушылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына, жемқорлыққа, қылмыстың кез-келген түріне, ұлттық намыс пен құндылықтардың аяққа тапталуына ешқашан да төзбеуіміз керек. Шыдамдылықтың та жөні бар, шыдамсыздықтың да орны бар.

Сейілбек МҰСАТАЕВ,
профессор, саяси ғылымдар докторы.
(«Ақиқат» журналы, №3, 2015 жыл).