«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Қозыбаев оқулары – 2020: қазақстандық ғылымның дамуындағы басым бағыттар, заманауи жетістіктер мен инновациялар” тақырыбында дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Академиктің мұрасын жан-жақты зерттеуге бағытталған онлайн шараға жергілікті ғалымдармен бірге бірнеше елдің өкілдері қатысып, баяндама оқыды.

Конференция басталмас бұрын білім ордасының оқытушылары мен қадірлі қонақтары Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ғалымның бюсті орнатылған маңда шара қатысушылары оның білім мен ғылымға қосқан зор үлесін сөз етіп, пандемия жағдайында конференцияны өткізуге ұйытқы болған оқу орнының басшылығына алғыс білдірді. Бұдан соң олар университет қабырғасындағы Абай ғылыми-әдістемелік орталығының лентасын ашылу салтанатының куәсі болды. Хакім атындағы орталық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мысалы, Вячеслав Ким есімді кәсіпкердің ұжымы ойлап тапқан цифрлық қабырға телефондағы бағдарламаның көмегімен ақынның кез келген шығармасынан ақпарат бере алады. “Бұл бағдарлама “Look AR” деп аталады. Ол студенттерге қосымша білім беру мақсатында ойлап табылған. Қондырғының көмегімен қабырғадағы суреттерден Абай туралы кез келген мағлұматты алуға және оның шығармаларын экраннан оқуға болады”, – дейді кәсіпкер. Сонымен қатар шара алдында ғалымдардың еңбектері топтастырылған бес томдық “Манаштану мәселелері” атты кітаптың тұсауы кесілді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай бұл орталық жастардың Абайды тануға, оның шығармашылығымен кеңірек танысуға мол мүмкіндік беретінін айтып, заманауи тақта болашақта Абай ілімін насихаттау мен оны кеңінен зерттеуде зор маңызға ие болатынын жеткізді.
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында 15 ғалым онлайн-байланыс арқылы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде баяндама оқыды. Алдымен өңір басшысының орынбасары Ғани Нығыметов облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау хатын оқып берді. Онда: “Академик Манаш Қозы­баев – әйгілі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. Ғалым ұлтымыздың рухани дүниелеріне, отандық тарихтың өркендеуіне, халықтың тарихи санасының қа­лып­тасуына көп еңбек сіңірді”, – де­лінген. Ғани Сақтағанұлы ғалым­ның қазақтың жоқтаушысы екенін, бүкіл саналы ғұмырын қазақ ғылы­мын өркендетуге арнағанын тілге тиек етті. “Кең жүректі, дарқан кө­ңілді ағамызды еске алып, осындай конференция өткізіп отырған университет ұжымына алғысымды айтқым келеді. Ұлы адамдардың артында іздеушісі болғаны дұрыс. Бұл конференцияның жөні бөлек. Қоғам қайраткерінің есімін еске түсіру мақсатында осындай игі шаралардың өткізіліп тұрғаны орынды. “Ғалымның хаты өлмейді” деген осы”, – деді ол.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Ербол Исақаев оқу орнының бүгінгі жетістіктерімен таныстырды. Манаш Қозыбаевтың жары Сара Пішенбайқызы онлайн байланыс арқылы конференция қатысушыларына сәлемін жолдап, тарих ғылымына елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері туралы әсерлі естелігімен бөлісті. Ал Франция елінде тұратын қазақ мәдени орталығының өкілі Абдулсәмет Алтай Манаш Қабашұлының есімі француз ғалымдарына жақсы таныс, оның мұрасы ерекше құрметке ие екенін атап өтті. “Манаш Қозыбаев – еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары отандық тарихтың дамуына еңбек сіңіре білген үлкен азамат. Қазақ ғылымында ағартушылық қызмет атқарған тұлға. Ұлттың руханияты, ұлттың мәдениеті мен тарихы қандай болуы керектігін зерттеп-зерделеп берген қайраткер десек, артық айтқандық болмас”, – деді шетелдегі қандасымыз.
Өзге ғалымдар талай ірі тұлғалардың есімін тірілтіп, рухын аспандатқан Манаш Қабашұлының тарихи деректерге негізделген еңбектерінің астарында, ең біріншіден, ұлтқа деген сүйіспеншілік жатыр деп ой түйді. Олардың пікірінше, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясындағы барлық мақсат-міндеттер, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі осындай еліне жанашыр азаматтардың мұрасы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Тарихшының еңбектері әлі толық зерттелмей жатқанын ескеріп, университет басшылығы оқу ордасы жанынан Манаш Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ашқан. Соның нәтижесінде студенттерге бүгінде “Манаштану” тақырыбын терең танып-білуге жол ашылуда.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp