«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Қазақ қоғамында орын алып жатқан түрлі жағдайлар алты перзент тәрбиелеп өсірген ана ретінде менің де қабырғама тастай ба­та­ды. Күйінесің. Жаның ауырады. Ақыр со­ңында өз ұлтының болашағына балта ша­уып жүрген жастардың ерсі әрекеттеріне куә болып, олардың ата-аналары қайда қарап отыр деп іштей қынжыласың.

Жуырда әлеуметтік желілерді шулатқан қазақ қызының қара нәсілді жігітке ұзатылып бара жатқаны өз елінің ертеңіне алаңдайтын әрбір адамды бейжай қалдырмағаны шын­дық. Мен бұл бейнежазбаларды селт етпей қарап отыра алмадым. Ұлтымыздың арына, болашағына бала­на­тын қазақ қыздарының бүгіндері көлденең көк аттының жетегінде кетіп жатқаны қын­жылтпай қоймайды. Тілі мен діні, танымы мен түсінігі ұлттық құндылықтарымызға мүл­дем жат өзге этнос өкілдерімен көңіл жарас­тыру, ақыр соңында олардың некелі жарла­рына айналу мәселесі бүгінде әбестік бол­май барады. Тіпті, бұрнағы жылдары Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өзге ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шыққан қа­зақ қыздарын әспеттеп, елдің алдына сүйіншілей шығарғанымыз да есімізде. Сол шарада аруларымыздың сөзінен өзгенің түтінін түтетуді намыс санамайтындарын айқын аңға­рып, жағамызды ұстаған едік. Енді, міне, бұл жағдай ұлттық деңгейдегі өзекті мә­се­леге айналды. Шетелдіктермен құдандалы болып жатқанымызды жалпақ жұртқа жариялауды абырой санай бастадық.
“Қыз – ұлттың ары” деген сөзді қайран ба­баларымыз қалай қапысыз айтқан десе­ңізші! Осы мағынасы терең мақалды мысал етіп айта бастасақ, кейбір жастарымыз ке­шегі қысылтаяң заманда ғұмыр кешкен Алаш арыстарының көбінің орыстан қыз ал­ғанын айтады. Ол шындық. Әйтсе де, Алаш ардақтыларының дені мұндай қадамға ұлт­тың ертеңін ойлап барды емес пе? Орыстың оқыған, тоқыған, көкірек көздері ашық қыз­дарын жар етіп, оларды ұлтты сүюге, қазаққа қызмет етуге тәрбиеледі. Мұндай мысалдарды архив құжаттарынан да табуға болады.
Облыстық “Soltústik Qazaq­stan” газетінде жарияланған мақалада “2018 жылы үш жүзден астам қазақ қызы өзге этнос өкілінің жары атаныпты” дегенді оқыған едім. Бұл бір біздің өңіріміздегі жағдай. Еліміздің барша аймағын алып қарасақ, бұл көрсеткіштің бірнеше еселенері сөзсіз.
Қазақ қай кезде де қызының қылығын бойжете бастаған күннен қадағалаған еді ғой. Тіпті, “қызым – үйде, қылығы – түзде” деп қызғалдақтарын түрлі бей­әдеп қылықтардан сақтандырып отыр­ған. Мұның бәрін біз шешемізден естіп өстік. Біз тұрған ауылда тың игеру жылдары көшіп келген өзге этнос өкілдері көп болды. Со­лардың бірқатарымен құдандалы болған отба­сыларды көріп марқұм анамыз төрт қызына: “Көзі соқыр, аяғы ақсақ” болса да қазақтың жігітіне тұрмысқа шығасыңдар. Мені жерге қаратпаңдар. Өз ұлттарыңа қыз­мет қылыңдар. Абыройларыңа кір жұқтыр­маңдар”, – деуші еді. Біз болсақ: “көзі соқыр жігітке ұзатпақшы ма?” деп ренжіитінбіз. Олай айтуының себебін кейін түсіндік. Бала-шағасын асыраудың қамымен қара жұмысқа жегіліп жүрсе де өз халқының, қазағының на­мысын дүниелік қызықтан жоғары қойған екен ғой.
Әңгіме орайы келіп тұрған соң тағы бір мысал айта кетейін. Бізге көрші Воз­вышенка ауылында қазақтың бой десе бойы, ой десе ойы бар жас жігіті орыстың қы­зын жар етіп алды. Өзі Мәскеуде оқып кел­ген еді. Елді мекен тұрғындары біразға дейін екеуінің бақытты отбасы болып кететініне сенімсіздікпен қарап жүрді. Ауылдың кейбір тілі жеңіл әйелдері сып-сып әңгіме тара­та­тын да еді. Ол келіншек ораза ұстап, бес уа­қыт намазын оқымаса да күйеуімнің дінінде­мін, яғни мұсылманмын дейтін. Қазақшасы да тәуір еді. Басынан ақ жаулығын тастама­ды. Екі балалы болып, перзенттері үйлі-жай­лы болғанда, ауыр дерттен өмірден озып кетті. Сонда мәйітті жуындыруға кірген үл­кен әпкеміз әлгі әйелдің мойнынан крест та­ғылған алқаны көріпті. Сол күні аудан ор­та­лығынан келген молда да мүрдені қай зи­ратқа қоярын білмей, ақсақалдармен ақыл­даса келе, амалсыздан мұсылманша жер­ле­ген екен. Қазақ жігітімен отыз жылдан ас­там отасып, ұлтымыздың салт-дәстүрін ұс­тан­ған, қол жайып, Алладан дұға тілеген жанның ішкі сенімі көз жұмғанға дейін өз дінінде қалған екен ғой. Бұл оқиғаны артында қалған жолдасы да біраз уақытқа дейін ұмыта алмаған көрінеді. Басқа ұлттан қыз алған жігіттердің жөні бөлек, ал қызда­ры­мыздың тілі де, түрі де, діні де біздің бол­мысымызға үш қайнаса сорпасы қосылмай­тын басқа ұлт өкілдеріне кетіп жатқаны, тіпті, қиын жағдай емес пе? Ол өмірге алып кел­ген сәбидің ертеңін ойлау, тіпті, қорқы­нышты.
Қазір елдің ертеңіне, ұрпақтың бола­шағына алаңдайтын аға буын азайып бара­ды. Жаһандану заманы деп жанталасып жатыр­мыз. Қызымызға жөнді тәлім-тәрбие беру­ден, ұлымызға өсиет айтудан қалып бара­мыз. Қазір қыздардың көбі ақшасы бар, жағ­дайы жақсы жігіттермен көңіл қосады. Неге? Оларға “әй” дейтін әженің, “қой” дейтін қо­жаның аздығынан осы жағдайға душар болып отырмыз. Біз небір теперішті көрген халықпыз. Сонау зұлмат замандардың өзінде қызымызды өзге елдің босағасына күң қыл­мадық. Осының бәрі тарих. Тарихты жас ұр­паққа ұғындыра алмай жүрміз. Теледидарды қоссаң сарнаған әншілер, сөзі сұйық әртістер. Бейне бір аспаннан салбырап түсе қалғандай, ақыл айтқанда алдарына жан сал­майды.
Біздің халқымыз “отбасы, ошақ қасы” де­ген қарапайым тіркестің төңірегіне өмірдің барлық қызығын, ана мен әкенің, ер мен әйелдің негізгі міндеттерін тоғыстырды емес пе? Отбасы құндылығына, ұлттың бола­ша­ғына бейқам қарайтын қыздар, “нағыз бақыт – байлықта” дейтін жас аналар көбейді. Мен де анамын. Қыздарымның ертеңіне алаңдаймын. Бізге “қызға қырық үйден тыйым” дәстүрін мықтап қолға алу керек сияқты. Жас жеткіншектердің бойына елжандылық, отан­сүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді сіңі­ріп, балабақшалар мен мектептерде қыздар тәрбиесімен айналысатын бірлестіктер құрылса, олардың жұмыстары басшылық тара­пынан жіті қадағаланса игі іс болушы еді. Мүмкін сол кезде ғана қазақ қызда­ры­ның өзге ұлт өкілдерінің етегінен ұстап кету оқиғалары азаяр.
Халқымыздың арғы-бергі тарихында бе­делі бес атанға жүк болған аналар, қара­шаңырақтың берекесін кетірмей, үстем ет­кен келіндер аз болмаған ғой. Заңғар жа­зушы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған, ел анасы атанған Ұлпан бейнесі “нағыз қазақ әйелі” деген бірауыз сөздің даңқын асырып тұр емес пе?! Әзілхан Нұршайықовтың “Ма­хаббат, қызық мол жылдарындағы” басты кейіпкер – Меңтайдың бойынан қазақ қызы­на тән қылық пен мінезді көресіз, үйренесіз. Сол шығармадағы “Апамның айтқандарын” қа­зақтың әрбір қызы өмірлік ұстаным етіп, жаттап алса, ұлтымыздың басын өрге емес, көрге сүйрейтін жайттардың тамырына бал­та шабылар еді.


Алтыншаш ЖҰМАҒАЗИНА,
зейнеткер.
Мағжан Жұмабаев ауданы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp