Көне заманнан бері елді сумен қамтамасыз ету – ең керекті, ертеңге қалдыруды құптамайтын, күнделікті өмір желісін үзуге болмайтын, малы үшін, жаны үшін өте қат құндылықтардың бірі. Өзен, көл жағалаған елдерде ауызсу мәселесі жеңіл шешілгенмен, түз далада, алыс жайлауларда бұл жайт күрт өзгеріп, қиыннан қамтамасыз етілетін тұрмыстық дағдарыстарға алып келеді. Сондықтан құдық қазып, халықтың шөлін басу – аса ұқыптылық пен есепті, қажырлы еңбекті қажет ететін еңбектің түрі.
Жеріне байланысты судың шығуы мен көлемі де әртүрлі болады. Кейбір жерлерде су алты-жеті метрден шықса, кейбір жерлерде өте терең қабаттардан алынады. Осыған байланысты қазу жұмыстары да әртүрлі әдістермен іске асырылады. Мысалы, өте тереңнен шығатын су көзін «шыңырау» дейді. Мұндай құдықтар Сарыарқаның батысында, Үстірт даласында, Ақтау жағында көптеп кездеседі. Солтүстік Қазақстан даласында судың көзі жақын болады.
Кейбір жерлерде су шықпаған жағдайда соқыр құдықтар пайдаға асады. «Соқыр» құдықтардың тереңдігі үш метрден он метрге дейін болады. «Соқыр» құдықтың су шығатын көзі болмайды. Негізінен қазылған құдыққа қар суы мен жаңбыр суы жиналады. Ауылдың маңында осындай «соқыр» құдықтың бірнешеуі болады. Құдықтың ішін талмен өреді немесе терекпен тереді. Тал мен теректің ерекшелігі – судың борсуына жол бермейді. Шығыс Қазақстан жағында құдықтың ішін майлы қарағаймен қаптайды. Майлы қарағайдың ерекшелігі – антисептикалық қасиетінің күштілігі және уақыт өткен сайын қатайып, тасқа айналуында. Ешқашан шірімейді. Кейде жаңа құдық қазғанда ескі құдықтың ішіне салған майлы қарағайды қайтадан пайдаланған. Қазылған құдықтың түбін екі-үш елідей шиыршық таспен табандайды.
Суды шелек немесе «месі» арқылы, ашамай ағашқа иық салып, жоғары көтереді. «Месі» – өгіздің терісінен жасалған ыдыс, көлемі жиырма литрдей. Құдықтың маңайына иін (мойын) көтеріп, некен-саяқ заттар түсіп кетпесін деп бетін жауып қояды. «Соқыр» құдықтар жыл сайын, көзі бар құдықтар үш-төрт жылда бір рет тазаланып отырады. Жиналған су мал мен жанның қажеттілігі үшін пайдаланылады.
Қыс уақытында қар суы пайдаланылған. Қатқан көлдерден, өзендерден тоң жинап, жертөле қазып, сонда мұз күйінде сақтай білген. Жертөленің ішін ағаштан қиып, төбесін қалың жауып, жазды күндері де мұзды керегіне пайдаланған. Мұз сақтайтын жерді «тоңғақ» деп атаған. «Тоңғақтың» ішінде жазғытұры сүт-ет өнімдерін сақтаған.
Каспий теңізінің шығысындағы Бетпақдалада судың қаттығынан «соқыр» құдықтар пайдаланылады, о жақта «тақыр» дейді. Малы көп, ер балалары көп үйлердің «тақыры» да көп болады. Бағытына қарай, малдың жосуына байланысты тап-тап болып бөлінеді.Көшкен кезде суы көп жиналған тақырлардың бойымен жүреді. Бір таптың бойында бірнеше «тақыр» болуы мүмкін. Қазылған соқыр құдықтың бойына төрт тас қойып, оның үстіне кең жалпақ тас қойып жабады. Жауған қар мен жауынның суы жиналып, сол құдықта сақталады. Ол жерлер көне мұхиттың табаны болғандықтан су сіңіп кетпейді.
Маңғыстау жағында көбіне су өте тереңнен шығатындықтан ол құдықтарды «шыңырау» дейді. Құдық қазу ісі өте күрделі және өте қауіпты болғандықтан, бұл жұмыспен білетін адамдар ғана айналысқан. Маңғыстауда Адай руының ішінде Қараш атаның ұрпақтары ғана айналысады екен. «Қараш тіккені – күрке, асқаны – бақыраш, иті – үрегеш, қызы – күлегеш, ақбоз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге міне алмас» деген сөз бар сол кісілердің еңбегіне байланысты. Бұл – касталық түрде ықшамдалған еңбектің түрі.
Құдықтар өте терең болғандықтан қабырғасы босап, іші құлап қалмау үшін «шегендейді», яғни таспен не сексеуілмен ішін өрген. Сексеуілмен өру үшін оны бір жыл бой кептіріп, қағы қалыптасқаннан кейін пайдаланады, әйтпесе су борсып, адамның уланып қалу қаупі бар. Екі «шыңырауды» қатар қазып, арасын бір-бірімен қосып, су көлемін көбейтеді. Бірнеше «шыңырауды» бір-бірімен қосуды «кәріз» дейді. Бұл – су қорының мол болуына және сақталуына өте қажет амалдың түрі. Кейбір «кәріздердің» ұзындығы бірнеше шақырымға созылған. Мал құдыққа түсіп кетпеу үшін «жал тосқауыл» жасаған.
Ал енді тастақ жерде құдық қазу өте қиын болғандықтан, ең бірінші қабатын кең қылып қазып алып, сосын ортасынан сүйменмен тасты бауыздайды. Бауыздау ені екі сүйем, тереңдігі отыз-қырық сантиметрге жеткесін, бауыздалған қабатты шетінен сындыра береді. Құдықтың ішіндегі тас пен балшықты шығару үшін түйенің көнінен көншелек «долы» жасалады. «Долыны» арқанға байлап, аша арқылы көлікпен сүйреп шығарады. «Долыға» әжеп-тәуір тасбалшық сияды. Құдық қаланып болғаннан соң, аузын тас қақпақпен жабады, оны «әйкел» дейді. «Шыңырау» құдықты қазудың құны – жүз қой. Малы көп адамдар одан да көп берген. Жібек жолының бойында көптеген құдықтар қазған адамның атымен аталып, жолаушы мен керуеншілерге таныс болған.
Біздің Қызылжар өңірінде де, әсіресе «Жолдыөзектің», «Тұз жолының», Абылайдың қара жолының бойында осындай құдықтар көп болған. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан жайлауға көшу рәсімі өзінің түпкілікті мәнін жоғалтты. «Байжатақ», «жатақ» деген әлеуметтік, шаруашылық топтар пайда бола бастады. Яғни жайлауға негізінен малмен бірге бақташылар ғана көшіп, қожайындары қыстау маңында күн көріске керек малдарын алып қалып амалдады. Әлти мен Торсан, Аңдамас пен Көшкі, Атығай Жылғараның балалары Мұса, Әлібек осындай әдіске көшіп, ағаштан үй салып, арпа мен тары егіп, шаруашылық реңін өзгерте бастады. Әлтидің жұртында құдық көп жыл сақталып, бертінге дейін қолданыста болған. Адам өміріндегі судың орны қандай қажет десек, сол суды берген құдықтар да – ел тарихының бір ұмытылмас қатпары.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
өлкетанушы.