Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында «Өзбекәлі» спектаклі сахналанды. Алматылық актерлер ұсынған қойылым «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбайдың «Мәдени майдан» кітабының желісі негізінде әзірленіпті.
Өзбекәлі Жәнібеков – «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» (С.Торайғыров) арыс. Ол қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде ұлтқа қызмет етудің үлкен үлгісін көрсетті. тоталитарлық жүйенің толып жатқан тосқауылдарына қарамай халқының бары мен жоғын хаттады. Ардақты тұлға тайқазанды туған жер төсіне орнатып, Наурыз мерекесін ұлтпен қайта қауыштырды. Драмалық қойылымда дара тұлғаның қайраткерлік жолы әсерлі баян етіледі.
– Өзбекәлі – қазаққа ортақ тұлға. Өткен ғасырларда «мәдени майдан» деген тіркес жиі айтылатын. Бұл ұғым қазіргі қазақ қоғамына да тән. Тұлғаның ұлт, ел, жер үшін атқарған еңбегін жастар біле ме? Біз бұл қойылым арқылы Өзекеңнің елжандылық қырының 1 пайызын да аша алмадық. Қазақтың асыл перзенті туралы фильмдер түсірілуі керек, оның мұрасы оқулықтарда көрініс табуы тиіс, – деді қоюшы режиссер Берікхан Төкенов.
Қойылымда басты кейіпкердің отбасы, қоғам және билік арасындағы қайшылықтары көрсетілді. Мәскеу төрінен айтылған ұсыныстарға келіспей, ел ішінде қалып, туған халқының бақытты болашағы үшін күрескен Өзбекәлі бейнесі – адалдықтың символы. Режиссер негізгі рөлге Диас Жағыпаровты лайық деп таныпты. «Өзбекәлі – жетімдіктің ащы зарын татқан жан. Жастайынан ата-анасынан айырылған ол өмір сынақтарына қасқайып қарсы тұра білді, қанша қысым көрсе де, ұлтқа қызмет етемін деген мақсатынан айныған емес. Рөлді өз деңгейінде алып шықтым ба, жоқ па, оны көзі қарақты көрерменнің еншісіне қалдырдым. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеуді асқақ мұратына айналдырған тұлғаның бейнесін сомдағаным үшін бақыттымын», – дейді актер.
Өзбекәлі Жәнібековтің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жаңғыртқаны ел жадында. Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай сынды Алаш ардақтыларын ақтап алу ісін ұйымдастырып, еңбектерінің насихатталуына көп еңбек сіңірді. Шекара шебіндегі елді мекендерді аралап, қазақ мектептерінің, театрлардың ашылуына себепкер болды. Торғай облысы идеология жөніндегі хатшы қызметіне тағайындалғанда өңірдің рухани дамуына айрықша үлес қосты. «Сазген сазы», «Адырна», «Алтынай» сияқты ансамбльдердің құрылуына ықпал етіп, қазақ мәдениетінің насихатталуына бар күшін салды. Музей ашып, ұлттық этнографияның тамырын тереңдете түсті. Ұлт қайраткерінің осындай іргелі жұмыстары қойылымның мазмұнын байыта түсті. Ал спектакльдегі аты жоқ адам көрерменнің көкейіне көп сұрақ ұялатқаны рас.
1963 жылдардың басында бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында басталған «қой бағу» ұраны бірнеше жылда Қазақстанның бүкіл өңіріне тарады. Ұранның әсерлі болғаны сонша, мектепті алтын медальға бітірген оқушының өзі қой бағып, өкіметке ет өткізуді абырой санаған. Көрермен қойылымдағы қойшының қызы Жанайымның әрекеттеріне сүйсінді. «Әкесінің айтқанын тыңдап, өмірін қой соңында өткізуді ойлаған Жанайымның арман-мұратының өзгеруіне Өзбекәлі Жәнібеков себепкер болды. Он жеті жасар қыз оқу оқып, ақыр соңында сот төрайымы қызметіне тағайындалды», – дейді тағдыры ауыр қыздың образын сомдау оңайға соқпағанын жеткізген актриса Саяжан Орынғалиева.
Көрермен ұлт рухын оятқан, қазақ өнерін биікке көтерген, тарихта өшпес із қалдырған тұлғаның тағдырын сахнадан көру мүмкіндігінің туғанына дән риза. Сахнадағы әр сәтті жүрекпен қабылдап, жанарына жас алғандар аз болмады.
«Жуырда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын оқып шыққан едім. Қойылымнан ерекше әсер алдым. Өзбекәлі өз өмірін сүрген жоқ, ұлт тағдырын кешті. Мен үшін ол – ең сұлу тағдыр иесі», – деді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 2-курс студенті Ұлболсын Сыздық. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Гүлжаухар Сәдуақасова спектакльдегі аты жоқ адамның қазіргі қазақ қоғамында да кездесетініне налиды.
Қойылым соңында облыстың құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов алматылық өнерпаздарға ақ батасын берді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.