«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗБАҒА БАЙМЫЗ, АЛ ИГЕРІЛУІ ҚАЛАЙ?

Қалайы жер қойнауында өте сирек кезде­сетіндіктен, өте қымбат металл санатына жатады. Лондон қор биржасында оның 1 тоннасы 21-23 мың АҚШ долларына дейін бағаланады. Алдағы уақытта баға арта түсуі әбден ықтимал. Өйткені әлемдік на­рықтағы жылдық сұраныс 357-400 мың тоннаны құрап, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.

Соңғы жылдары бірқатар салада бұл металға деген қа­жеттіліктің өсуінен жетіспеушілік байқалды. Мамандар мұндай теңгерімсіздікті қалайы қорының аздығымен түсіндіреді. Әлемнің 60-қа жуық елінде бағалы металдың 30 миллион тоннаға жуық қоры барланған. Қытай, Перу, Индонезия, Малайзия, Боливия, Таиланд, Бразилия, Аустралия сияқты мемлекеттер алпауыттар көшін бастап, әлемдік нарықтағы қалайының 80 пайыздайын өндіреді. Алайда аспанасты елі әрі кетсе 100 мың тонна ғана шикізат сатады, себебі ішкі тұтынудан артылмайды.

Күміс түсті, жұмсақ, иілгіш металл біздің заманымыздан алты мың жыл бұрын табы­лып, бастапқыда тұрмыс­тық, әсемдік бұйымдар жасауға пайдаланылған. Ал технологияның қа­рыштап дамыған ке­зеңінде өнеркәсіптік негізде қолданылу аясы ке­ңейіп, бүгінде литий-ионды аккумуляторлар мен электр энергиясын сақтайтын құрал­дар өндірісінде үлкен сұраныс­қа ие. Тек аккумулятордың анодтық материалының өзі ғана жылына 10-20 мың тонна шикізатты қажет етеді. Демек сыртқы әсерге төзімді, берік, суда өзгермейтін, жасанды жолмен көптеген радиоактивті изотоптар алынатын артық­шылық қасиеттері тұтынуды ұлғайтпаса, бәсеңдетпесі анық. Ең бастысы, қалайы жалатыл­ған темір ешқашан тотықпай­ды. Соңғы ғасырларда оның мыспен құймасы қола өнеркәсібін қарқынды дамы­туға мүмкіндік берді.

Қазақстан – пайдалы қазба­лары мол мемлекет, 3 мыңнан астам кен орны ашылған. Кен ресурстары және әралуандығы жөнінен Орталық Азияда топ бастап тұр. Қуатты минералдық шикізат базасы – бүгіндері даму стратегиямызды анықтай­тын негізгі факторлардың бірі, ұлттық экономикамызды қа­лыптастырудағы рөлі айрықша. Дегенмен әлемдік нарыққа шығарылатын жерасты қазы­намыз есепсіз емес екенін ес­керсек, өңделген күйінде экс­порттау әлдеқайда пайдалы.

Солтүстік Қазақстан облы­сы да – минералды шикізатқа бай. Еліміздегі қалайының – 65, цирконийдің – 36, уран- ның – 19, титанның – 5, вольфрамның 1,1 пайызына ие. Өңір бойынша 286 кен орны барлан­ған.

Орталық Азиядағы ірі кен орны

Қазақстандағы қалайының 65 пайызы жинақталған Сы­рымбет кен орны 4,5 шақырым аумақты алып жатыр. Вольфрам, мыс, тағы басқа эле­менттер қосындысы 99 млн. тоннаны құрайды, карьердің тереңдігі 230 метрге дейін же­теді. Бір тонна кеннен шама­мен 0,45 пайыз қалайы алынады. Жоғары экологиялық стандарттарға негізделген жоба 2019 жылдан бастап то­лық күшіне еніп, Қазақстанды әлемдегі қалайы өндірісі бо­йынша үздіктер қатарына қо­сады деген үміт әзірге ақтал­май тұр. Оның әлемдегі ең ірі қалайы өндірушілердің онды­ғына қосылып отырғаны қуантқанмен, шаттануға әлі ертерек. Өйткені кейбіреулер үшін таусылмайтындай көрі­нетін мол байлығымызға сырт­тан да, іштен де азын-аулақ қаржы құйып, майшелпекке кенелгісі келетіндер аз емес. Өзгелер көз сұғын қадап отыр­ған аталмыш қазба түсті ме­талл өндірудің жергілікті ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасына бірнеше рет енгізіліп, әлеуеті зор өндірістік жоба ретінде баға­ланғанымен, қаражат тапшы­лығы талайлардың қолын бай­лап келді. Тіпті қалталы қар­жыгерлердің өздері бағдарла­маны іске қосуға басында тәуе­кел еткенімен, кейін тауы ша­ғылып, салы суға кеткен. Билік тұтқасын ұстап отырған кейбір урашыл шенеуніктер ебіл- жебіл индустрияландыру картасына кіргізіп, тау-металлур­гиялық кешен 2018 жылы іске қосылады деп алаулатып-жа­лаулатып жібергені бар. «Біз өз тарапымыздан инфрақұры­лым тартуға көмектесеміз. Кен орнына дейін жол салы­нады, темір жол тартылады. Кен байыту фабрикасы толық қуатына көшкенде 600-700 адам жұмысқа орналасады» деген «міндеттемелердің» бірі де орындалмай, құрғақ сөз күйінде қалған. «Tin One Mining» АҚ-ның вице-прези­денті Дмитрий Ханның: «Инвестиция мөлшері бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке (100 млрд. теңге) жуықтады. Акцияның төрттен бірін «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры иелен­гендіктен, мемлекет жауап­кершілігі жоғалмайды. Электр желілері тартылып, 50 мега­ваттық станса орнатылады. Ке­лесі жылы (2019 ж.) кенді өң­деп, дайын өнім етіп шығара­тын комбинат іске қосылады», – деген сөзі асатпай жа­тып құлдықтың керін келтір­ген. Осылайша ширек ғасырға жуық геологиялық іздеу-бар­лау және кешенді сараптама­лық жұмыстар жүргізіліп, қала­йыдан бөлек 70-тен астам ми­нерал қоры анықталған, шын ниет етсе, табысты салаға ай­налдыруға мүмкіндігі мол, әлеуеті зор Қазақстандағы ал­ғашқы және Орталық Азияда баламасы жоқ Сырымбет кен орнында жұмыс әлі басталған жоқ.

Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің «Solidcore Resorces» компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несиспен кездесуінде еліміз үшін стратегиялық маңызы зор «Сырымбет» қалайы кен ор­нын игеру мәселелері күмәнді көңілге қайтадан үміт отын жа­ғып, күдікті сейілткендей бол­ды. Бұл жолғы инвесторлар өте әлеуетті әрі бизнестің майын шайқап ішкендей көрінді. Ал­ғашқы жұмыс сапары барысында-ақ өндірісті дамыту жос­парына сәйкес, болашақта ат­қарылатын сан-салалы іс-ша­ралар тізбегі ұсынылды. Жалпы құны 150 млрд. теңгені құрай­тын жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере отырып, 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Компания құрамындағы «Tin One Mining» АҚ мен Айыртау агротехникалық колледжі ара­сында ынтымақтастық мемо­рандумы жасалып, тау-кен өндірісі саласына қажетті білікті мамандар даярлауға келісті. Жобаны толық іске қосу 2028 жылға жоспарланған.

Кешеуілдеген жоба, оталған орман

«Tin One Mining» – «Сы­рымбет» қалайы кен орнын игеруге құқығы бар отандық инвестор. Алайда соңғы бақы­лау акциясының көп бөлігі «Lancasner Holdind Pte»-ге тиесілі болғандықтан, бас құ­рылтайшы талаптарымен санасуға мәжбүр. Ол тараптан қар­жылық қолдау көрсетілмесе, толыққанды инвестиция құюға әлеуеті жете бермейтіні анық. Оның үстіне 2023 жылы жыл­дық шығыны 8,6 есеге көбей­ген. 2024 жылды 1,2 млрд. теңге шығынмен аяқтаған. Меншікті капитал біршама қысқарған. Бұдан бөлек, акцияларының төрттен бірі сатылып кеткен. Кен орнын игеруге қатысты түрлі дайындық жұмыстары (геологиялық барлау, гидрогео­логиялық зерттеу, тау жыныс­тары мен топырақтарды бұрғы­лау, эксперименттік талдау, тиісті консалтингтік агенттік­терге объект ресурстарының қорлары жөнінде есеп беру, ал­дын ала банктік техникалық- экономикалық негіздеме жа­сау) толық орындалды деп айту қиын. 2022 жылы кен орны­ның алаңында Қазақстан даму банкінен қаржы тарта отырып, 410 млн. долларға өндіріс күші 2,5 млн.теңгеге байыту комби­натын тұрғызу жобасы жүзеге аспай қалған. Құрылыс сол күйі басталған жоқ.

Былтыр ресейлік «Solidcore Pesouces» компаниясы қалайы кен орнының жартысын сатып алғаны (82,6 млн. доллар) белгілі болды. Оның бас атқа­рушы директоры Виталий Не­сис – ресейлік кәсіпкер. Ал құрылтайшылары «төрт дос» ата­нып кеткен Қазақстанның белгілі азаматтары мен жұбай­лары. «Сырымбетке» не се­бепті қызығушылық көрсет­кенін В.Несис сұхбаттарының бірінде былай түсіндірген: «Соңғы бес жылда қалайыға де­ген сұраныс екі есе артып, әр тоннасы 25-33 мың долларға бағалануда. Мұнда 286 мың тонна қалайы, 74 мың тонна мырыш қорының бары барлан­ған. Жобаның инвестициялық қуаты 250 млн. долларға жуықтайды. Қалайы өндіруді 2048 жылға дейін жалғастырамыз».

Құрылтайшылардың жиі ауысуы, соның салдарынан жауапкершіліктің төмендеуі ау­қымды жобаның толыққанды іске асырылуын тым ұзаққа со­зып жіберген сияқты.

Кезінде компанияның 48 гектардан астам орманды ал­қапты отап, ол жерден құра­мында қалайы бар пайдалы қазба өндірмек болған әрекеті­не қоғам тарапынан үлкен қар­сылық туып, сынға ұшыраған болатын. Жергілікті билік ком­панияның бұл әрекетін қыз­ғыштай қорғап, ағашты кесу, өндіріс көлемін арттырудан туындағанын, «Имантау-Шал­қар» курорттық аймағына кір­мейтінін айтып, барынша ақ­талуға тырысқан. 97 гектар ал­қапқа ағаш көшеттерін отыр­ғызу уәдесі де орындалмай қал­ған. Осылайша жайқала өскен қайың ағашы «құрбан» болып кете барған.

Жаңа құрылтайшылар орын алған олқылықтардан қоры­тынды шығарып, нақты түзету шараларын жан-жақты қарас­тырып, озық жобаның толық­қанды жүзеге асуына мүдделілік танытады деген ойдамыз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp