«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСУДА

Жас волонтерлер археологиялық қазба жұмыстарына тартылды. Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар қалаларынан және Ақмола облысынан келген бір топ студент қыркүйек айының басында Уәлиханов ауданындағы “Қызыл оба” қонысына аттанды.

Бір қызығы, қазба жұмыстарына қатысқан 9 жастың болашақ мамандығының археология мен тарихқа еш қатысы жоқ. Жоғары оқу орындарының бакалавр мен магистранттары негізінен менеджер, энергетик, экономист және журналистика мамандығын меңгеруде. Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Рахат Мәмбеталиновтың айтуынша, “Қызыл обадағы” қазба жұмыстарына қатысатын волонтерлерді республикалық “Asyl мura” волонтерлік ұйымы іріктеген.

– Биыл пандемияға байланысты экскурсия жүргізудің қажеттілігі болған жоқ. Қызылжар өңіріне келген волонтерлер археологиялық зерттеулерге жұмылдырылды. Ал реставрациялық жұмыстарға құрылысшылар мен археологтардың қатысқаны дұрыс деген пікірді ұстандық. “Қызыл оба” қонысына тартылған жастар жетекшілердің барлық тапсырмаларын асқан жауапкершілікпен және ынтамен орындады, – дейді Рахат Мәмбеталинов.

Белсенді жастар ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бір аптаға келген волонтерлердің арасында бойжеткендер де бар. Бүгіндері тоғыз студенттің біреуі әрі қарай жұмыс істеуге қалды. Ол “Қызыл обада” қазба жұмыстары біткенше, яғни тағы 10 күндей болмақ.

Алдағы жылы да өңірге волонтерлерді тарту көзделуде. “Қызыл оба” қонысынан бөлек, Айыртау ауданындағы “Ботай” қонысында, Қызылжар ауданы Долматово елді мекені маңындағы “Ақ Ирий” қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмек. Мұндағы ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге де волонтелерді іріктеу жоспарлануда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp