
Тайынша ауданына қарасты Донецкое ауылы маңында ортағасырлық егде жастағы әйел адамның мүрдесі табылды.
Осыдан бірер ай бұрын ауыл тұрғындарының бірі құм мен балшық өндірілетін кен орнының жанынан адамның бас сүйегін тауып алған екен. Бұл оқиғаға құқық қорғау қызметкерлері араласып, қажеттілік болмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Содан кейін адамның мүрдесі табылған көне орынды зерттеу М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы археология оқу-ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаковке жүктелген.
– Археологиялық қазба жүргізу нәтижесінде егде жастағы әйел адамның мәйіті жерленгенін анықтадық. Зерттеу жұмыстары барысында балықтың суреті бейнеленген күмістен жасалған айна, ағаш тарақ, қайшының сынығы табылды. Сондықтан қаңқа мен жәдігерлер орта ғасырға тән болуы мүмкін, – дей келе археолог көне айнаны қалпына келтіру қиындық туғызбағанын, бірақ металл бұйымдарды өңдеу үшін арнайы маман қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде тарихи-мәдени қорғау бағдарламасы аясында облыстық прокуратура да тың жаңалықты зерттеуге мүдделі.
Қазіргі таңда оған Челябі археологтары қызығушылық білдіруде. Олардың көмегімен әйел адамның жасы мен қай ғасырда өмір сүргенін анықтап, жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында белгілі болған тың тарихи жаңалық археологтар үшін үлкен олжа. Сондықтан кең көлемді қазба жұмыстарын жүргізу жазда қолға алынбақ.