«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯ

Өмір жолында кездесетін қиындықтарға мойынсұнбай, дәуір жүгін алға сүйреген аяулы жандардың бірі – Сара Біржанова. 93 жастағы қария Тайынша ауданына қарасты Петровка ауылында тұрады. Қайсарлықты қанат еткен Сара әже – көпбалалы ана. Бауырынан тараған ұл-қыздарына қазақы тәрбие беріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ардақты ананың тілегі де, ниеті де бір. Ол – ел амандығы.

Бүгінгі таңда ұлы Ораз бен келіні Эльмираның қолында тұрып жатқан ана – қарапайым қазақ әйелдеріне тән сабырлы мінезімен ерекшелене білген жандардың бірі. Өмірден көрген-түйгені мол қария Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары мен тың көтеру сияқты тарихи оқиғалардың куәгері болған. Үй шаруасы, бала-шаға тәрбиесімен қатар өзіне жүктелген жұмысты да жауапкершілікпен атқаруға тырысқан Сара әжей – айналасына ақыл-парасатымен нұр шашып, құрметке бөленген ұлағатты жан.

– Отбасында татулық, сыйластық болған кезде ғана бірлік пен береке орнайды. Жастар осы жағына мән берсе, бірін-бірі бағаласа, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол.  

Жаныңды шуаққа бөлеп, ескілікті әңгімелерді тереңнен бастайтын қария – он саусағынан өнер тамған ісмер. Жастайынан ине-жіпке жақын болған шебердің қолынан шыққан әрбір нәрсесінің ұлттық нақышта жасалғанын байқау көзі қырағы адамға қиын емес. Тоқсанның төріне шықса да, қыздарына, келіндеріне өнеге көрсетіп, немере-жиен қызығына бөленіп отырған осындай асыл қазыналарымыздың ортамызда жүргені түсіне білген адам үшін бір ғанибет емес пе?!

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp