«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНАЛЫ ҚОСТАНАЙ МҰРАЛАРЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс” дей келе, қоғамда жаңа рухани дәстүр қалыптастыратын “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Бүгінде республика деңгейінде жүзеге асырылып жатқан осынау бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі мұражай бірлестіктері бір-бірлеріне саяхат жасап, көшпелі көрмелерін өткізуде. Кеше облыстық тарихи-өлкетану және бейнелеу өнері мұражайлары сөресіне қасиетті Қостанай өңірінің терең тарихы мен тұғырлы тұлғаларын, көркем табиғатын көрсететін жәдігерлері қойылды. Қазақстанның әрбір облысының тарихи-мәдени мұраларын жас ұрпақ санасына сіңіріп, насихаттау, жұртшылықтың мәдени орындарға деген қызығушылығын арттыру, аймақтар арасындағы іскерлік және шығармашылық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан солтүстікқазақстандықтардың қатары қалың болды. Жиынның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ермек Рахимов қостанайлық меймандарға ризашылық білдіріп, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Сонау 1915 жылы негізі қаланған Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 134 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың біразы еліміздің бірқатар қаласында өткен түрлі көрме-жобаларда жұртшылық назарына ұсынылды. Солтүстікқазақстандықтар Қостанай облысының табиғат ландшафттарымен, кен байлықтарымен, тарихымен және қазіргі келбетімен танысты. Көрмеге минералдардың сирек кездесетін үлгілері, қола дәуірінің, тас, ерте темір ғасырларына жататын археологиялық бірегей жәдігерлер: қазақ жауынгерлерінің, батырларының қару-жарақтары, аңшының құрал-жабдықтары, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер мен өлке халықтарының тұрмыстық заттары қойылды. Сонымен қатар мұражайдың көркемсурет жиынтығынан 20-дан астам раритет экспозицияға ұсынылды. Іс-шара шеңберінде жүзеге асырылған “Өнердің өшпес өрнегі” атты көрме экспозициясында – Ә.Қастеев, Н.Хлудов, С.Айтбаев, С. Романов, С.Мәмбеев, Б.Урманче, Ж.Шәрденов, Э.Бабад, Х.Наурызбаев сияқты тағы да басқа Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін салушылар мен қылқалам шеберлерінің, Қостанайдың танымал суретшілері, кескіндемешілер – А.Шестаковтың, зергер-қолөнер шебері Л.Игошиннің, мүсінші С.Ищановтың туындылары қойылды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp