«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНА ТОЛЫ САНДЫҚ

Кітап – адам ақыл-ойының інжу-маржаны. Кітапты бала күнінен серік еткен адамдардың ішінен Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Қаныш Сәтбаев сынды атақты тұлғалар шыққан. Себебі, олар жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен бірдей екендігін білген. Озық технологиялар дамыған заманда компьютердегі электронды ойындардан гөрі мұқабаға қапталған қызықты оқиғаларға толы кітап оқуды дәстүрге айналдырған балалар бар екен. Оларды “Балалар әлемі” бетінде қалың оқырманға таныстыру үшін “Қандай кітап оқыдың?” деген айдар аштық. Құрметті жас оқырмандар, сіздер де оқыған әңгімелеріңіз бен ертегілеріңізден түйген ойларыңыз болса, редакциямызға жолдауларыңызға болады.

“Анам маған Ыбырай Алтынсариннің “Кел, балалар, оқылық!” атты кітабын сатып алды. Онда Ыбырай атамыздың балаларға арнап шығарған өлеңдері, әңгімелері мен ертегілері басылған екен. Мектепте әдебиет сабағында мұғаліміміз оның шығармалары туралы айтқан болатын. Ал атам маған оның Асан мен Үсен туралы әңгімесін айтып берді. Атамның аузынан естіген хикаяның авторы Ыбырай Алтынсарин екендігін мен ол кезде білген жоқпын. Маған автордың мен сияқты баланың оқуына жеңіл, қысқа әрі нұсқа ертегілері ұнады. Соның ішінде “Асыл шөп” атты әңгімесі тартымды. Онда Зылиха мен Бәтима атты екі қыз бала жайында жазылған. Олар бір жәшік жеміс көтеріп қалаға келе жатқанда Зылиха: аһлап-үһлеп, “шаршадым” деген екен. Ал Бәтима болса, жәшіктің ауырлығына қарамастан, қуанып келе жатады. Сонда Зылиха: “Сен неге мәз болып келесің?” – деп сұрайды. Оған Бәтима: “Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым”, – дейді. Зылиха шөптің атын білгісі келеді. “Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, оның аты “сабыр”, – деген екен Бәтима. Оқырманды сабырлы болуға үйрететін ғибратты әңгіме деп ойлаймын. Екі қыздың оқиғасынан қандай істе болсын сабырлы болуымыз керек екендігін түсіндім. Әсіресе, сабақ оқуда”.

Олжас ҚАЛИАҚПАРОВ,

5-сынып оқушысы.

Аққайың ауданы,

Дайындық ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp