Жамбыл ауданына қарасты Троицкий ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы алаяқтық жасағаны үшін басы істі болып отыр. Іс материалдарына сүйенсек, бас маман ауыл тұрғындарынан көлік салығын төлеу үшін былтыр бірнеше рет ақша алған. Бірақ жиналған 98 мың 550 теңге қаражаттың көк тиыны да жергілікті бюджетке түспепті. Мемлекеттік қызметші бұл қаржыны өз қажетіне жұмсаған. Сол үшін Троицкий ауылдық округінің әкіміне сөгіс жарияланды.
Бұл туралы Жамбыл аудандық әкімдігінде аудан әкімі Мұратбек Әбішев пен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің қатысуымен өткен кеңесте айтылды. Жиынға сондай-ақ облыстық арнайы мониторингтік топтың басшысы Александр Бодуновсикй, “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалау кеңсесінің басшысы Екатерина Старостина және аудан активі қатысты.
Жамбыл ауданында орын алған олқылықтарды алдағы уақытта болдырмау үшін әкімдік қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы тереңірек меңгеруге, жеке жауапкершілігін арттырып, тәртіптерін жетілдіруге кеңес берілді. Алдын-алу шарасының тиімділігін арттыру үшін әкімдік ұжымына бейнеролик көрсетілді. “Өйткені қазіргі таңда еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру жазалаудан гөрі алдын-алуға бағытталған”, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.
Облыстық арнайы мониторингтік топтың басшысы Александр Бодуновсикй әріптестерін жұмысты жандандыруға шақырды. “Біздің топтың жұмысы негізінен ақыл-кеңес беру сипатында ғана жүргізілгенімен, “халық үніне құлақ асатын” мемлекет біздің барлық бастамаларымызды қолдауға әзір. Инфрақұрылымның қолжетімділігіне, бюджеттің игерілуіне және мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына мониторинг жүргізу қажет”, – деді арнайы мониторинтгтік топтың басшысы.
Кеңес аяқталған соң қатысушылар Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығына ат басын бұрып, оның жұмысымен танысты.
Сурет https://www.n-vartovsk.ru сайтынан алынды.