Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында салық саласының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап көрсеткен болатын.
Бұл – кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жұмыс. Салықтық және кедендік қызмет механизмі мен құқық қорғау блогын біріктірген, жоғары тиімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік кірістер органы құрылды. Бұл органның басты міндеті тек салық пен төлемдерді жинау ғана емес, сонымен қатар сыртқы экономикалық айналымды дамыту, бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Экономикалық дағдарысқа қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті болжамды көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етті. 2015 жылдың қорытындысы бойынша республика бюджетіне 59 801,5 млн. теңге сомасында салық пен төлем түсті, бұл жоспардың 102,3 пайызын құрайды. Ал жергілікті бюджетке 31 912,1 млн. теңге қаржы аударылды.
Өткен жылы қалада аумағы 14 853 шаршы метр жеңіл атлетика манежі және мұз айдыны бар Спорт сарайы салынды. Жобаның құны – 3 млрд. теңге. Сондай-ақ, петропавлдықтар үшін көліктерін тіркеп, жүргізу куәліктерін алатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, оған 850 млн. теңге жұмсалды. Мұның барлығы облыстық бюджеттің ақшасына салынды.
Бюджет түсімінің артуы үшін қосымша резервтерді іздестіру бағытында жұмыс жүргізілуде. Камералды бақылау нәтижелері бойынша жалған кәсіпкерлікпен айналысатын салық төлеушілер анықталуда және мемлекетке келтірілген шығынды өндіріп алу мақсатында департамент жұмыс жүргізуде. Камералды бақылау жүйесі салық төлеушілердің өз еріктерімен анықталған бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Өткен жылы камералды бақылау нәтижесінде облыс бойынша бюджетке қосымша 1,5 млрд. теңге түсті. Департаменттің экономикалық тергеу қызметі жалған кәсіпкерліктің жолын кесу және алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізуде. Өткен жылы заңды тұлғаның тіркелуін заңсыз деп тану туралы сотқа 26 шағым түскен болатын, оның 22-сі қанағаттандырылды. Былтыр облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінде жалған кәсіпкерлік бойынша 122 қылмыстық іс қаралды, 4 қылмыстық іс тоқтатылды.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында жалған кәсіпкерлікпен айналысатын ұйымдастырылған қылмыстық топқа қатысты (9 кәсіпорын) қылмыстық іс сотқа жіберілді. Мемлекетке келтірілген шығын сомасы 4,0 млрд. теңгені құрады. Аталмыш қылмыстық іс бойынша айыпталушыларға банк шотындағы ақшаны алуға тыйым салынды. Әкімшілендіру жұмысы бойынша салық төлеушілерден берешекті өндіріп алу шаралары жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысында облыс бойынша берешек сомасы 500 млн. теңгеге азайды. Осы орайда бизнес субъектілері өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, барлық төлемдерді, оның ішінде салықты уақытында төлеуі қажеттігін еске саламыз. Өйткені, кабинеттен шықпай-ақ ақпараттық технологиялардың көмегімен жүргізілетін барлық операциялар бақылауда болады. Үстіміздегі жылы электронды есеп айырысулар мен декларацияларды ұсыну бойынша бизнес қауымдастықтар ерекше белсенділік танытуда. Қазіргі таңда департаментте электронды түрде ұсынылатын мемлекеттік қызметтің 34 түрі немесе барлық қызметтің 65 пайызы автоматтандырылған. Мемлекеттік қызмет көрсетуде ақпараттық жүйелер қолданылады. Сонымен қатар, “Электрондық үкімет” порталы арқылы қызметтер тізімдемесі кеңейтілген.
Салық және кедендік тәуекелдерді басқару жүйелерін құру жөніндегі жұмыс аяқталуда. Оның аясында бақылау үшін салық төлеушілерді таңдау тиімділігі артады. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану Қазақстан Республикасының Салық кодексімен бекітілді. Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізілетін тексерістер салық заңнамасының бұзушылықтарын болдырмауға ықпал етеді. Қазір кедендік және салық органдарының бірігуінің нәтижесінде бизнестегі бірнеше қайтара жүргізілетін тексерістердің жүктемесі азайды.
Кедендік рәсімдерден өтуде және автоматтандырылған жүйені енгізуде “Бір терезе” қағидасының жүзеге асырылуы кедендік және салықтық жүйе интеграциясы мемлекеттік кірістер органдары үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен белгіленген қадамдар болатын. Келген уақыттан сатылымға шыққанша тауарды бақылау жүйесі енгізілді. Электронды есеп-фактуралар жүйесінің енгізілуі Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде әкелінген тауарларға бақылауды жүргізуге және бизнес шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Жүргізіліп жатқан барлық жұмыс салық саласының мөлдірлігін арттыруға ықпал етеді. Кассалық чектерді беруде тұрғындарды қоғамдық бақылауға тарту мақсатында олардың азаматтық жауапкершілігі мен бюджет түсімдерін арттыру үшін бірінші рет “Чекті суретке түсіріп, тосын сый ұтып ал!” акциясы ұйымдастырылды. Барлық түскен чектер салықтық әкімшілендіру аясында БСН (ЖСН) бойынша салық төлеушінің кірісіне талдау жүргізуде қолданылды. “Чекті суретке түсіріп, тосын сый ұтып ал!” акциясы осы жылы да жалғасын табады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті “WhatsApp” қосымшасы арқылы азаматтардан экономикалық құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты қабылдайды. Енді қазақстандықтар +77001020202 ресми нөміріне өз өтініштерін жолдай алады. Бұл жүйе 2015 жылғы 11 шілдеден бастап жұмыс істейтінін де ерекше айтып өткен жөн. Телефонға түскен барлық мақсаттағы хабарламалар тәуекелдерді басқару жүйесіне жолданады немесе ол бойынша жедел іс-шаралар өткізілетін болады. Ал құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда тергеу жүргізіліп, заңнамаға сәйкес өндіріп алу шаралары қолданылатын болады.
Салық төлеу – әр азамат пен бизнес субъектісінің міндеті болып саналады. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген. Үздік салық төлеуші сеніміне өз міндетін білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, уақытында салық төлейтін адам ғана ие болады. Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсетуде алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – облыстың бизнес субъектілері мен азаматтарының ақпараттандыру деңгейін арттыру. Ол үшін тұрақты түрде қолданыстағы салық және кеден заңнамаларын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әр аптаның бейсенбі күндері облыс бойынша барлық санаттағы салық төлеушілер үшін “Бірыңғай кеңес беру күндері” өткізіледі. Қазақстанның барлық азаматтары ықтимал салық төлеушілер болып табылады. Алайда, барлығы бірдей салық төлеуге дайын емес. Ел экономикасының дамуы, мемлекеттің қорғаныс қабілеті, зейнетақының уақтылы әрі толық төленуі, мұғалімдер мен дәрігерлердің, өзге де бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы салық пен төлемдерге байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан біздер үшін әр төлемнің маңызы зор.
Данияр ЖАНӘЛІНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.