Есік қағып тұрған 2015 жылдың ақпан айында облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 95 жыл толмақ. Абыз жасына келген “Солтүстік Қазақстанның” бұл мерейтойы – өңіріміздің мәдени және рухани өміріндегі айтулы оқиға, баршамызға ортақ қуаныш. Олай болса, нақ бүгін басылымға бауыр басқан, қай кезде де өздерінің сүйікті газеттерінен көз жазып қалмаған жанашырларымызбен жүздесіп, олармен бірге өткенге ой жүгіртіп, тындырылған істерді саралаудың, алда тұрған міндеттерді бірлесе айқындаудың еш артықтығы жоқ. Осы мақсатты көздеген сапарымызды ауылдан бастауды жөн көрген біз алдымен ат басын Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылына тіреген едік.
Ауылдағы орта мектепте өткен кездесуге, негізінен, мұғалімдер қатысты десек те, басқа салалардың өкілдері де болды. Бірінші болып сөз алған облыстық газеттің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов “Солтүстік Қазақстан” газетінің еліміздегі байырғы басылымдардың бірі екенін, алдағы ақпан айында алғашқы санының оқырман қолына тигеніне 95 жыл толатынын, баспасөз – заман үні, өз дәуірінің айнасы екенін айта келіп, өткен ғасыр басындағы алмағайып кезеңде негізі қаланған басылымның да талай соқтықпалы, соқпақсыз, тар жол, тайғақ кешулерден өткенін, оның ғұмыр кезеңдері қилы-қилы оқиғаларға толы болғанын еске салды.
– “Солтүстік Қазақстанның” арғы тегі – “Россияның Коммунистік партиясының Омбы губірналық комитеті жанындағы мұсылман секциясы һәм Омбы губревкомының қазақ газеті”, “Кедей сөзі”, – деді басылымның бас редакторы. – “Кедей сөзінің” алғашқы санының Омбыда шығарылуы кездейсоқтық емес. Өткен ғасырдың басында губернияның ғана емес, әдебиет пен ғылымның да орталығы болған мұнда исі қазақтың игі жақсыларының тоғысқаны тарихтан белгілі. Солардың бірі емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев “Кедей сөзінің” редакциялық алқасының мүшесі болды.
Жарасбай Қабдоллаұлы замана ағымына сай газет атауы өзгеріп отырғанын айтты. Қазақ автономиясы құрылуына байланысты Омбы губерниясының әкімшілік аумағында өзгерістер болып, Ақмола губерниясы ұйымдастырылды, оның орталығы Петропавл қаласы болып бекітілді. Соның өзінде 1921 жылдың 5 наурызында, ұйымдастырушылық жұмыстарда кездескен қиындықтарға байланысты, “Бостандық туы” деген атау алған газеттің тұңғыш саны төрт мың данамен Омбыдағы қазақ өкілдігінің баспаханасында басылып шықты. Бұл 1921 жылдың 7 наурызы еді. Газет осы атаумен аптасына екі реттен жеті жыл бойы шығып тұрды.
1928 жылдың күзінен 1932 жылдың көктеміне дейін Петропавл округтік партия және атқару комитеттерінің үні болған “Кеңес ауылы” газетін басқару, уақытында шығарып тұру жеңіл болған жоқ. Бұл Сталиннің бүкіл елдегі билікті бір өзінің қолына алып, тізгінді сыңар езулете тартқан қанкешті тұсы еді. Оның үстіне Голощекиннің “Кіші Октябрі” қазақ даласын індеттей іріңдетіп, қоғадай қиған кезде қазақ қауымында әшкерелеу, жар астынан – жау, бөрік астынан бөрі іздеу кеселге айналды. Өзгерістер өктемдікпен орнықтырылды. Бұл газетке де зор кесел әкелді.
1932 жылы Ақмола губерниясының бірсыпыра аумағы Қарағанды облысы деп аталып, Петропавл қаласы оның орталығы болып жарияланғанда газеттің аты “Ленин туы” деп өзгертілді. Соқадан бастап, аждаһадай зымыранға қол жеткізген заманның бейнесін жасаған алпыс жылдан аса белестің айнасы болған “Ленин туы” 1993 жылы “Солтүстік Қазақстан” атауына ие болды.
Әр кез қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген қара шаңырақ қандай атпен шықса да сөзінен жаңылған емес: өз заманының түбегейлі, түйінді мәселелерін көтеріп, қалың бұқара үніне, жұмылдырушы күшке айнала білді.
“Ұлт зиялыларының өздерінің мақалаларын, әңгіме-жырларын осы газетте жариялағаны, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов, Сейітжан Омаров, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Саин, Асқар Тоқмағамбетов, Шахмет Құсайынов, Ғалым Малдыбаев, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілов, Сейітжан Омаров, Сафуан Шаймерденов сынды ақын-жазушылардың осында қалам тербеп, әдебиет асуларына өрлегені біз үшін зор мақтаныш, – деді бас редактор. – Осының өзінен-ақ газеттің берісі – облыста, әрісі республика көлемінде журналистиканың ғана емес, сонымен бірге әдебиеттің де бір мектебі болғаны анық аңғарылады”.
Қысқа қайырғанда, халық “қара шаңырақ” деп қастерлейтін өңіріміздегі белді де беделді басылымның жүріп өткен жолы тағылымды. Өткен кезеңнің басты сипаты өсіп, өркендеу болды десек, осы игі дәстүр бүгін де жалғасуда. Заман тынысын дөп басып, Есіл өңірінің жасампаз істерге толы шежірелі тарихын жазуға зор еңбек сіңірген, әр нөмірі халқымыздың жылнамасына айналған, сан жылдар бойы халықтың көкейіндегі өзекті тақырыптарды қозғап, жұртымыздың жанашыры, өңірімізді дамытудың жаршысы мен жыршысы бола білген басылым солтүстікқазақстандықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, өңірімізде болып жатқан маңызды оқиғаларды дер кезінде оқырманға жеткізуді басты міндеті санайды. Осылай Тәуелсіздікпен бірге түлеген газетіміздің елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсатын, жалпы халықтық мүдделерді, басты құндылықтарды негізгі тақырыбына айналдырып, қазіргі таңда Қазақ елінің іргелі өңірі – Солтүстік Қазақстан облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазуға құлшыныс танытып отырғаны әмбе жұртқа аян.
Солтүстікқазақстандықтардың Отанның болашағы, Қазақстан халқының бірлігі үшін атқарып жатқан игілікті істері де аз емес. Қай кезде де уақыт талабы мен заман сұранысына сай қоғамдық сананың қозғаушы күші бола білген “Солтүстік Қазақстан” газеті тәуелсіз елдік санамызды қалыптастыруда, халық мұрасының асыл қазыналарын насихаттауда, ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда елеулі еңбек сіңіріп келеді.
Басылымның әрбір нөмірі оқырмандарымызды рухани байлыққа, адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуімен жұртшылық қауымның көңілінен шығып отыр. Әсіресе, қасиетті қазақ тілінің абыройының асқақтауына “Солтүстік Қазақстанның” сіңірген еңбегі ересен екеніне ешкімнің де күмәні болмауға тиіс.
ңгімеден жиынға қатысушылар да шет қалған жоқ. Кезек-кезегімен сөз алып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді, газеттің мазмұны мен сапасына қатысты ойларын ортаға салды.
Талғат ТЕМЕНОВ, “Ыбыраев” шаруа қожалығының басшысы:
– Тәжірибесі мол, қаламы қарымды журналистері, жас мамандары жеткілікті, қозғар ойы терең басылымның әр санын қалт жібермей оқып отыратындардың бірі – менмін. “Солтүстік Қазақстан” газеті – шын мәнінде өңіріміздің айнасы. Оқимын, білемін деген адамға бұл газетте барлығы да бар. Газет тұрғындарды елдегі саясаттан, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар етумен қатар, қол босаған демалыс күндері жата-жастанып оқитын әдеби дүниелерді де жариялап тұрады. Мысалы, мен өзім “Тұғыры биік тұлғалар”, “Ел есіндегі есімдер”, “Орайы келген сұхбат” айдарларымен берілетін материалдарды сүйсініп оқимын. Әрине, ауыл шаруашылығы саласында істегендіктен, өндіріс мәселелері де назарымнан тыс қалмайды. Облысымызда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отырамын. Тілшілер қауымы озаттар тәжірибесін таратуға көп көңіл бөледі. Бұл да дұрыс деп ойлаймын. “Бірдің үлгісі – мыңға” дегендей, нарық кезінде қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын халықтың түсінгені жөн.
Ауылдарда жұмыспен қамту, сапалы қызмет көрсету, сүт, ет өнімдерін сату сияқты мәселелер жеткілікті. Ауыл түзелу үшін әр саланың білікті де тәжірибелі мамандарына газет бетінде сөз беріп отыру керек. Құдайға шүкір, “Солтүстік Қазақстан” газетінде мазмұнды мақалалар жарық көруде. Сан алуан тақырыпты көтеріп, көпшілік үшін қажетті ақпараттарды ұсынып, яғни біздің рухани сұранысымызды өтеп келе жатқан газет – бір жағынан тәрбие мектебі, өнеге таратушы. Сондықтан да, біз газеттің қоғамдағы рөлін жоғары бағалаймыз.
Газетте материалдардың орналастырылуы, безендірілуі де маған ұнайды. Теледидар мен радио, Интернет жақсы дамыған заманда жұрт газетке бұрыла қояр ма екен деп ойлаушы едім. Байқаймын, таралымы жақсы, оқырмандары кеміген емес. Бұл дегеніңіз, “Солтүстік Қазақстан” бәсекеге қабілетті деген сөз. Соған қарағанда, газеттің де артықшылықтары аз болмағаны ғой. Меніңше, осы мүмкіндікті толық пайдалану үшін терең талдауға құрылған материалдарды жиі жариялау керек. Журналистер жетістіктеріміз жайлы жаза отырып, өмірдің әр саласында орын алып отырған кемшіліктерді де орап өтпесе екен деймін. Біздің қол жеткізген табыстарымызды ешкім тартып әкетпейді. Ал кемшіліктерді дер кезінде байқап, түзетіп отырмасақ, көп нәрседен ұтылып қаларымыз анық. Халқымыз “Сын түзелмей, мін түзелмейді” деп бекерге айтпаған ғой.
Сәуле ҚҰСАЙЫНОВА, кітапханашы:
– Біздің ауылда мерзімді басылымдарға деген сұраныс жоғары. Көптеген тұрғындарымыз “Солтүстік Қазақстан” газетіне жыл сайын ешқандай үгіт-насихатсыз жазылады. Жаңа Талғат Қабиұлы газет баршаның – алдыңғы толқынның да, жастардың да тілегін қанағаттандырып отыр деді ғой, ол рас. Ауылымызда газеттің “Ұлпан” деп аталатын қосымшасын үзбей оқитын қыз-келіншектер көп. Кездескен жерде оқыған, естіген жаңалықтарын бір-біріне айтып, пікір алмасып жатады. Сол қосымшадан алтын құрсақ аналарымыз жайлы көптеген материалдар оқыдым. Облысымызда еңбек пен қоғамдық істі ұштастырып жүрген аналар аз емес. Қай саланы алсақ та қыз-келіншектердің қолтаңбасы айшықты. Осының бәрін бізге жеткізіп жатқан – газет.
Газет – халықтың шынайы жанашыры. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Өткенде осы біздің ауданда тұратын бір мүгедек жанның өзіне тиесілі тегін дәрі-дәрмекті ала алмай жүргені туралы материал жарияланды. Кейін осы сынға тиісті ұйымдардың басшылары жауап беріп, кемшіліктің түзетілгенін хабарлады. Осының өзі-ақ облыстық газетіміздің беделі жоғары екенін көрсетеді.
Мен өзімнің қызметіме байланысты ауыл тұрғындарын мерзімді басылымдарды оқуға шақырып, санасына қозғау салып отырамын. Сондайда “оқитын дүниелер аз” деген сынды да құлағым шалып қалады. Бұл сөздердің де жаны бар шығар. Газет алдағы уақыттарда өзіміздің өңірден шыққан қаламгерлердің көркем шығармаларын үзбей жариялап тұрса деген тілегіміз бар. Халық “Өлі разы болмай, тірі байымайды” дейді ғой, өткендерді де ұмытпағанымыз жөн. Тағы бір айтайын дегенім – тақырыптық беттер жүйелі берілсе. Жастарымыз “Табиғат және адам”, “Спорт” беттерін күтіп жүреді.
Бекет БАЯХМЕТОВ, М.Ахметбеков атындағы орта мектеп директорының патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі:
– “Солтүстік Қазақстан” – өзіміздің ежелгі сырласымыз, ақылшымыз, 95-ке толғалы отыр екен, құтты болсын! Мен ойлаймын: осындай абыз жасқа келген басылым азулы болуы, қоғам өмірінде болып жатқан келеңсіздіктерді ешкімнің қасы мен қабағына қарамай сынап, жағдайдың жақсаруына ықпал етуі қажет. Бұрын газеттерде фельетон деген жанр болушы еді. Оны жұрттың бәрі таласып-тармасып оқитын. Ал сол фельетонға іліккендер елдің бетіне қарай алмайтын. Қазір осының бірі де жоқ, тек ана жерде анау болды, мына жерде мынау болды деген сияқты жеңіл хабарлар беріледі. Ол хабарларды біз газетсіз де біліп отырмыз. Оның үстіне газет біздің қолымызға кеш тиеді. Осыны ескеріп, журналистер қысқа хабар берумен ғана шектелмей, болған оқиғаны тарқатыңқырап, тереңірек жазса, бізге сол пайдалы.
Қазір “Балық басынан шіриді” дегендей, басшылардың өзі тәртіпті жиі бұзатын болды. Олардың арасында жемқорлар да аз емес. Әрине, олар заң бойынша өздерінің жазасын алады. Ал жастарды осындай сорақылықтардан сақтандыру үшін шындықты жазу керек. Мен бұл арада біреуді қаралау немесе болмағанды болғандай етіп көрсету жайында айтып тұрған жоқпын. Сынның шын болғаны жөн. Бізде, тіпті, алысқа бармай-ақ, осы ауылды алғанның өзінде шешілмей жатқан мәселелер аз ба?! Журналистер соларды батыл көтерсе, кемшілікке кім кінәлі екенін ашық айтса, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
ездесу барысында келесі жылға газетке жазылу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда Жарасбай Қабдоллаұлы туған тіліміздің жанашыры – “Солтүстік Қазақстанның” мен қазақпын деген әр отбасының төрінде тұруы керектігін баса айтты.
Талғат ТЕМЕНОВ:
– Ал басылымға жазылу мәселесіне келер болсақ, тұрғындардың газетті жаздыртуға жағдайы жоқ деп ойламаймын. Мәселе – оқуға деген ықыластың төмендігінде. Өзім жыл сайын ауылдағы 3-4 адамға шаруашылықтың атынан газет жаздырып беремін. Меніңше, жағдай осылай жалғаса берсе, күндердің-күнінде оқырмандар қатары сиреп қалуы мүмкін. Өйткені, қазіргі балалар кітап оқымайды. Бәрі қажетті ақпаратыңды жылдам тауып беретін ғаламторға арқа сүйеп алған. Қалай десек те, Интернет кітапты алмастыра алмайды, әдебиеттен сусындамаған баланың ой-өрісі дамымайды. Сондықтан біз балаларды ең алдымен кітап оқуға баулуымыз керек. Бұл ретте көп мәселе ата-аналарға байланысты екенін айтқым келеді
Сәуле ҚҰСАЙЫНОВА:
– Кітапқа деген қызығушылық төмен деген пікірге қосыла қоймаймын. Біздің ауыл тұрғындарының, әсіресе, балалардың кітапқа деген құштарлығы ерекше. Таңғы 9-дан қас қарайғанға дейінгі жұмыс күні ішінде кітапхананың есігі бір жабылмайды. Мұндағы әр кітап өз оқырмандарын табады.
іздің газет оқырмандарымен кездесуіміз осы аудандағы Кеңес ауылында жалғасты.
Балапан БАЗАРБЕКОВА, Кеңес орта мектебінің директоры:
– Біздің ұжымымыз аудандық және облыстық газетке тегіс жазылады. Маңызды мақалаларды саралап, талдап, оның төңірегінде ой бөлісу – мұғалімдер арасында қалыптасқан дәстүр. Газет арқылы білімімізді жетілдіріп, “Тағылым” қосымшасында берілетін өзге ұстаздардың тәжірибесін үйреніп-меңгереміз. Біздің арамызда газетке өз мақалаларын жолдап тұратын ұстаздар да бар. Жылдан-жылға газеттің мазмұны жақсарып келе жатқанын айтуға тиіспіз. “Солтүстік Қазақстаннан” әркім өзінің іздегенін табады. Осы ретте “Заман және заң”, “Денсаулық”, “Иман таразы”, “Мәдениет” сияқты тұрақты беттердің беріліп тұруы – өте құптарлық іс. Биылдан бастап жастарға арналған “Жас қыран” деп аталатын қосымша шыға бастады. Онда да жастар тәрбиесіне қатысты көптеген көкейкесті мәселелер көтерілуде. Бір кездері қарапайым еңбек адамдары керексіз болып қалған сияқты еді, қазір шағын болса да, мақалалар беріле бастады. Сол сияқты, “Кеммін деме, теңмін де!” деген айдармен беріліп жатқан мақалалардың да айтары көп. Біздің жастарымыз өмір тек қуаныштардан тұрмайтынын, қиындықтар да болатынын білуге тиіс.
Біз үшін “Солтүстік Қазақстан” газетінің орны бөлек. Бір аптада екі рет пошта арқылы келетін газетті асыға тосамыз. Алдағы уақытта да дәстүрінен таймай, халықтың мүддесінен шыға беруіне тілектеспін.
Газеттің бас редакторы қорытынды сөзінде қалың оқырман кез келген басылымның тірегі екенін, олардың әрқайсысының жүрегіне жол табу журналистер үшін биік парыз болып табылатынын айтты. “Мәңгілік Ел болу асыл мұратымызға айналып отырған сындарлы шақта ізденіс арнасы бұрынғыдан да кеңейе түспек. Жаңарған, жасарған байырғы басылым елмен бірге жасампаз істердің бел ортасында жүретініне сіздерді сендіреміз”, – деді ол.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Шал ақын ауданы.