– Дәмеш Сапарқызы, сахнада жүргеніңізге 30 жылдан астам уақыт өткен екен. Қазіргі көрерменнің бұрынғы көрерменнен ерекшелігі бар ма?
– Қазіргі көрермен – талғампаз, ізденімпаз және жан-жақты. Бұрын көрермен көбіне теледидар мен радио арқылы ақпарат алып, өнер туындыларын солар арқылы бағаласа, бүгінде интернет пен әлеуметтік желілердің арқасында әлемнің түкпір-түкпіріндегі өнер иелерін, түрлі жанрлар мен стильдерді көріп, салыстыра алады.
Сондықтан қазіргі көрерменнің талғамы кеңейіп, сапаға деген талабы да жоғарылады. Ол тек көңіл көтеруді ғана емес, ой салатын, сапалы мазмұн мен терең мағынаны іздейді. Бұған қоса, бүгінгі көрермен әртістің кәсібилігіне, сахна мәдениетіне, тіпті мінез-құлқы мен әлеуметтік ұстанымына да мән береді. Яғни бүгінгі аудитория – заманауи, саналы және сыни көзқарасы қалыптасқан көрермен.
– Мәдениет саласындағы жаңа тенденциялар деп нені айтар едіңіз?
– Қазір мәдениет саласында ерекше бір жаңғыру, ұлттық болмысқа қайта оралу үрдісі байқалады. Соңғы жылдары ұлттық киім мен ұлттық музыкаға деген қызығушылық артып келеді. Бір кездері сахнадан жоғалып кеткен ұлттық нақыштағы киім үлгілері қайта жаңғырып, заманауи сәнмен үйлестіріліп, сахна мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Өз тәжірибемнен айтар болсам, мен де ұлттық элементтерді өз шығармашылығыма енгізуге тырысамын. Мысалы, екі жыл бұрынғы концертімде Шыңғысхан туралы көрген фильмнен әсер алып, сондағы Бөртенің киімінен шабыттанып, соның үлгісімен арнайы костюм тіктірдім.
Сонымен қатар соңғы уақытта ұмыт бола бастаған қазақтың ескі әндері мен күйлері жаңаша сипат алып, заманауи музыкалық бағыттармен синтезделіп, тыңдарманға жаңа леппен жетіп жатыр.
– Жасанды интеллект деп жатырмыз ғой, өнер саласына ол жетті ме?
– Жасанды интеллект өнерге де келеді ғой, бірақ қалай келеді, қандай өзгешеліктер әкеледі, ол жағын әзірге айта алмаймын. Бұл да бір жаңалық болып енетіні анық.
– Қай сала болмасын тәжірибе алмасу арқылы дамиды. Сіздер шетелдерге фестиваль, байқауларға жиі шығасыздар ма?
– Тәжірибе алмасу – кез келген шығармашылық ұжымның дамуына жол ашатын қадам. Өнер адамдары үшін бұл ауадай қажет. Себебі тек осындай сапарлар арқылы ғана жаңа әсер алып, өз шеберлігіңді шыңдайсың.
Біздің филармония ұжымы да халықаралық деңгейдегі байқау, фестивальдарға қатысады. Былтыр Пекин қаласында өткен ірі халықаралық байқауға барып қайттық. Жақында Қазан қаласына жол жүреміз, ал бұған дейін Түркияға бірнеше рет барып, өнер көрсеткенбіз. Әр елдің сахнасы мен көрермені – ерекше әлем. Соларды көріп, салыстыра отырып, өзіміздің деңгейімізді бағалаймыз, жаңа идеялар аламыз.
– Қазіргі өнер саласындағы басты мәселе деп нені атар едіңіз?
– Ұлттық музыканы әлі де дамыта түсу керек. Қазақстан тәуелсіздігін алғанына біраз уақыт өтсе де, ұлттық музыканы нотаға түсіру, оны жүйелеу және дамыту ісі әлі де жеткілікті деңгейде емес. Кәсіби музыканттар үшін ноталық жазба – негізгі құрал, сондықтан халық музыкасының мол қазынасын жинақтап, оны жаңа сапада ұсыну маңызды.
Ұлттық музыканы тек өткеннің мұрасы ретінде сақтап қою жеткіліксіз. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сынды ұлы тұлғалардың өнерін жаңа заман талабына сай түрлендіріп, заманауи бағыттармен үйлестіру қажет. Мысалы, «Ұлытау» тобының шығармашылығы осы бағытта үлгі бола алады – олар дәстүрлі әуендерді заманауи синтезбен ұштастырып, жаңа биікке көтеріп жүр.
– Кейде әнші–бишілер той жағалап кетті деген де сын айтылады. Осы саланың өкілі ретінде өнер қызметкерлерінің бүгінгі мәртебесі туралы ойыңыз қандай?
– Әнші-бишілердің тойда өнер көрсетуін теріс көрмеймін. Себебі той – халықтың қуанышы, өнерге деген сұраныс бар орта. Қазіргі қазақтың тойлары бұрынғыдай емес, көбіне театрландырылған сипатта, жоғары деңгейде өтеді. Мен өзім де шақырылған жерге барып, өнер көрсетуге қарсы емеспін.
Өнер қызметкерлерінің мәртебесіне келсек. Мәселен, «Мәдениет саласының үздігі» сынды құрметті атақ – өнер адамдарының еңбегін бағалаудың айқын көрінісі. Бұрын мұндай марапаттарға 15-20 жыл еңбек еткен соң ғана қол жеткізсек, қазір 5-10 жыл ішінде өзінің таланты мен еңбегін дәлелдеген жастар да алып жүр.
– «Ән – халықтың айнасы» дейді. Сіздің ойыңызша, қазіргі әндер қоғамның шындығын көрсете ала ма?
– Қазіргі өмір қандай болса, әніміз де, сәніміз де сондай. Музыка әрбір кезеңнің, уақыттың, қоғамның көңілкүйін білдіреді ғой. Егер бұрын ойлы, терең толғанысқа құрылған күйлер мен мұңды әндер көбірек болса, қазір патриоттық рухтағы, салтанатты әрі позитивті туындылар басым.
– Қазір әнші көп. Әннің де естісі бар, есері бар. Ізіңізді басып келе жатқан әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма?
– Көпке топырақ шашуға болмайды. Егер өнердегі миссиясын түсінсе, өз репертуарымен жұмыс істейді. Көп жыл сахнада жүрген кейбір орындаушылардың өзі 5-6 әннің айналасынан шыға алмай, шығармашылық тоқырауға ұшырап жатады. Мұндайда дамуға деген ұмтылыс пен заман ағымына бейімделу өте маңызды.
Керісінше, қазіргі жастардың арасында өз репертуарын байытып, классикалық туындыларды да, халық әндерін де, заманауи эстрадалық бағыттағы шығармаларды да тамаша орындайтын таланттар бар.
– Бір мысал, өткен жылдары «Ұйқым келмейді» деген ән шықты. Одан бөлек, мазмұны, айтар ойы түсініксіз әндер жетерлік. Бұған не себеп?
– Бұрын да мұндай әндер болды, бірақ халыққа жетпеді. Әндер тек теледидар мен радиодан ғана берілгендіктен, көптеген сүзгіден өтетін. Арнайы комиссия жұмыс істеді. Қазір кез келген адамға интернет қолжетімді. Дегенмен бұл әндер бүгін айтылса, ертең ұмытылады. Мұндай әндер әлі де болады. Оны тоқтата алмаймыз.
– Бұрын дәстүр ретінде қабылданып жүрген қыз алып қашу енді қылмыс санатына жатқызылды. Жалпы қазіргі уақытта тыйым керек немесе керісінше, жандандыруды қажет ететін құндылықтар бар ма?
– Бұрын да қызды тек келісімімен ғана алып қашатын. Ал көшеде келе жатқан қызды бас салып алып қашу – қылмыс. Сондықтан бұл заң кішкене кеш қабылданды.
Ал енді жандандыруды қажет ететін құндылықтарға келсек, халқымыздың бай мәдени мұрасының ішінде ұмытылып бара жатқан маңызды бағыттар бар. Соның бірі – жыр жанры. Бүгінде жыр айту, жыр тыңдау дәстүрі сиреп кетті. Бұл өнер әсіресе Сыр елінде – Қызылордада жақсы сақталғанымен, басқа аймақтарда, мысалы, Солтүстікте кенже қалып отыр.
Мектеп бағдарламасына жыр оқу мен жатқа айтуды енгізу қажет. Мәселен, Алматы облысында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ауылында балалар ақынның өлеңдерін жатқа біледі. Ал бізде Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттау әлі де жеткіліксіз деңгейде. Мағжан оқулары өтеді, оның өткенін кейде білмей қаламыз. Заманға сай басқаша бір форматта, қызықты тәсілдермен ұйымдастырса деген тілек бар.
– Жақында Ақан сері атындағы облыстық филармония 61-ші концерттік маусымын ашты. Бұл маусымның ерекшелігі неде?
– Филармонияның ұжымы үлкен ғой, сондықтан Сегіз сері атындағы оркестр жаңа маусымның ашылуында бөлек концерт беріп, ұлттық аспаптар мен халық әндерінің бай мұрасын көрерменге ұсынды. Өнерпаздар ұжымы көрерменге сапалы әрі мазмұнды бағдарлама ұсынуды көздеді.
Осы тұста айтылуы тиіс өзекті мәселенің бірі – қазақ көрерменінің азаюы. Қазір, өкінішке қарай, той мен концерт бір күнге қатар келсе, көпшілік тойды таңдайды. Сол себепті концертті қай күнге қоярымызды білмей дал боламыз.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».