Биыл облысымызда жылыту маусымы қыркүйек айының 20-сынан басталады деп күтілуде. Алты ай қыста от жағып, үй жылыту үшін солтүстікқазақстандықтарға 393 мың тонна көмір қажет. Қазір оның тек 98 мың тоннасы жеткізілген.
Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусиннің айтуынша, бүгінгі күні көмір нарығындағы жағдай тұрақты, тапшылық жоқ.
– Қазіргі уақытта облыстың 34 теміржол тұйығында 45 мың тонна қара отын бар. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуге байланысты ешқандай қиындық жоқ. Облыс әкімдігі көмірді қоймаға тасымалдайтын кәсіпкерлермен, көмір кеніштерімен, “Қазақстан темір жолы” АҚ-ның өкілдерімен ортақ келісімге келген болатын. Біздің басқарма көмір тасымалына күнделікті бақылау жүргізуде. Бюджеттік ұйымдарға 140 мың тонна көмір қажет болса, оның тек 73 мың тоннасы жеткізілді. Бұл – қажеттіліктің 51 пайызы. Облыстың барлық әлеуметтік нысандары көмірмен толықтай қамтамасыз етілетін болады, – деген Айдархан Балтабайұлы күн суытып, жылыту маусымы басталған кезде дүрбелең тумауы үшін көмірді қазірден сатып алуға шақырды.
Қазіргі уақытта облыс орталығында “Отын LTD”, “Уголь Норд” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “Турдыоглы” жеке кәсіпкерлігінің қоймаларында қара отын еш кедергісіз сатылуда. Көмірдің бағасы былтырдан бері қымбаттамаған. Маркасы және тасымалдау қашықтығына қарай 8700-17 500 теңге аралығында.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.