«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗІР СОТТАСАТЫН УАҚЫТ ЕМЕС

Әлемді алаңдатып отырған індетке байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін облыс соттарында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Ең алдымен, облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттарда азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау азайтылды. Қажет болған жағдайда, жеке қабылдауларды бейнеконференция арқылы қашықтан жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
Төтенше жағдай уақытына сәйкес келген сот отырыстары одан кейінгі мерзімге ауыстырылуда. Сонымен қатар сот үрдістерін заманауи, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, “True-Conf” мобильді бағдарламасы арқылы қашықтан немесе жабық түрде өткізуге болады.
Орын алған жағдайға байланысты өтініштерді, істерге қатысты материалдарды сотқа беруді мүмкіндігінше кейінге қалдыра тұрған жөн деп есептейміз. Ондай мүмкіндік болмаса, барлық құжаттар мен өтініштерді тіркеп, “Электронды үкімет” веб порталы, мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі, “Сот кабинеті” қызметтерін пайдалануға кеңес береміз. Осылайша, өтініш беруші денсаулығына қауіп төндірмей, бар шаруасын үйде отырып-ақ тындырады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шараларға түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз. Бұл – соттасатын емес, бірлік танытатын кезең. Коронавирус инфекциясына қарсы күрестің тиімділігін арттыру және оның таралуына кедергі жасау біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін естен шығармайық.

Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы.

https://yandex.kz/maps/org/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp