«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙДА СОЛ ҚАЗЫНАМЫЗ?

Жұмыстан кешірек шығып, автобусқа отырғаным сол еді, мұнда тегін “концерт” жүріп жатыр екен. Жасы жетпістерді алқымдаған ер адам қоғамдық көлікті басына көтеріп, ән айтып келеді.

Тойдан шыққан болуы керек, көңілді.

– Қойсаңызшы, жастардан ұят емес пе, – деді қатар отырған егде жастағы әйел.

– Жастар? Ә-ә, жас… Ықылық атып отырған ағамыз сөзінің аржағын жұтып қойды.

Сәлден соң “әнші” ағайдың дауысы қарлыға бастады. Бірақ оған қарап жатқан жоқ, “әлеуләйім бітсе, халәуләйім бар” дегендей, тіпті, тоқтар емес.

Үлкендердің еңсесі түсіп кеткен. Жастар болса, қарқылдап күліп жатыр. Не дейсің? Күлмегенде, жыласын ба?!

Осы жай көпке дейін көз алдымда тұрып алды. “Не болып барады өзі? Кейінгілерге жол көрсетер деген қарттарымыздың түрі осындай болса, қайда барамыз?” Осы төңіректе ойлай берсең, уайым көп. Ойын-тойларда да қарттардың қалай желігетінін көзіміз көріп жүр. Жастармен бірге ойқаң да қойқаң билейтін шал-кемпірлердің қылығы, тіпті, ерсі көрінеді. “Қуаныш үстінде не болмайды, онда тұрған не бар?!” дерсіз. Әй, қайдам? Қаралы үйде қауқылдаған қарттар өмірлік мәні бар өсиет немесе салиқалы әңгіме айтудың орнына пендешілікке салынып, ұсақ-түйек, күйкі сөздердің көрігін “қыздыратынына”, дарақыланып күлетініне қалай күйінбеске?!

Жұрттың мазасын алып, жалаң “көсемдікке” ұмтылатын, бала-шағасын, туған-туысын жер-жебіріне жетіп жамандайтын, жас қыз көрсе емешегі үзіліп тұратын, артық сөз, арсыз әңгіме айтқанына айызы қанатын қарттарымызды көрген кезде көңілің ортаяды.

Бұрынғының ақсақалдары ұлттық болмысты, өнеге мен үлгіні халық санасына сіңіру, ауылдағы шаруашылық, тұрмыстық, әлеуметтік істердің тетігін тауып, түйінін шешу, жастарды өнер-білімге, еңбекке баулу, көрші ауылдармен тату қарым-қатынас жасау сияқты жүйелі мәселелермен айналысқанын білеміз. Ел ішіндегі, ағайын-туыс арасындағы дау-дамай, өкпе-ренішке бітімгерлік жасап, тыныштық орнатуға ықпал еткен. Олардың бірде-бір ұлағатты сөзі ескерусіз, аяқасты қалмаған, жазылмаған заңдық күші болған. Қайда сол қазыналарымыз?! Өмірлік тәжірибесі мол, ел тарихын, рулар мен тайпалар шежіресін, ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты жетік білетін зерделі, халық ортасында абыройлы, дарындылығымен көпке танылған қадірлі қарияларға зәруміз. Бүгінгінің шындығы – осы.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp