«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙНАҒАН ӨМІР – ОНЫҢ ОБЪЕКТИВІНДЕ

“Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы” дегендей, адам өзінің сүйікті ісімен айналысса, өмірі мәнді де сәнді көрінері сөзсіз. Осы ойға түрткі болған жандардың бірі – жерлесім Қайырболат Сәрсембаев. Кембағал жан мүгедекпін деп тартынбай, еңбегімен өзін ғана емес, өзгені де шаттыққа бөлеп отыр.

Қайырболат – он баланың бесіншісі. Жұмысқа деген ынтасы мен қабілетін жастайынан танытып, автокөлік жүргізушісі кәсібіне машықтанып, әскери борышын өтеп келген соң қайнаған еңбектің ортасына түскелі де отыз жылдан асты. Содан бері оның қол қусырып отырған кездерін туған-туыстары тұрмақ, сырт көз де байқаған емес.  

– Көпбалалы отбасынан болғандықтан, тұрмысымызда бір жетіп, бір жетпей жатады. Қабырғам қатайып, ержеткен сайын әке-шешеме қолғабыс жасауды ойладым. Еңбекті кеңшардың ұсақ-түйек жұмыстарынан бастасам да, ара-тұра көліктің рулін бұрап, олардың сынған тетіктерін жөндеп жатқан ағалардың қасынан шықпай, үйреніп жүрдім. Менің жүргізуші кәсібіне ысыла бастағанымды аңғарған “Сельхозтехника” кәсіпорнының басшылары ескі “ГАЗ-53” автокөлігін сеніп тапсырған кезде бойымды кернеген қуаныш ерге тән жігерлікке ұштасқандай болды, – дейді ойын бүкпесіз жеткізетін Қайырболат Олжабайұлы.

Астына басқан көліктің бастапқыдағы “ыңқыл-сыңқылын” бір айға жеткізбей, жұрт қызығатындай етіп жөндеп алған жас маман қолының ептілігін байқата түседі. Жігіттің іске жауапкершілігін байқаған басшылардың тапсырмалары күннен-күнге күрделеніп, оны аудан орталығынан ауылдарға қатынайтын жолаушылар көлігінің рейстеріне шығарды. “Темір тұлпарын” желмен жарыстырып, кәсібін нәсіп етіп жүрген еңгезердей жігіт күндердің-күнінде бұл жұмысқа жарамсыз болып қалатынын ойламағаны сөзсіз. 1990 жылы Көкшетау – Омбы тасжолында болған жол апаты Қайырболаттың өзін есеңгіретіп, денсаулығын зақымдап кетті. Айлап аурухана кереуетіне таңылған жігіттің дертіне жасалған ем шипа болмай, ол сол жақ қол-аяғынан кемтар болып қалды. Қайғыны қайратты жан ғана жеңеді. Ал Қайырболатта жігер жетерлік.

Бүгінгі заманда дені сау адамның өзіне жұмысбастылық оңай шаруа емес. Алайда, ер-азамат кембағалдықтан отбасының алдындағы міндеттері мен парызын ұмытпасы анық. Осындайда ынта мен ықылас, ізденіс пен ұмтылысқа бай жан ғана арманымен арпалысқан тарландай алға ұмтылады. Қайырболат – сондай адам. Шамасы жететін жұмыстың көзін тауып, кәсіп етуді ойластырған ол Кішкенекөл ауылында өзінің ісін бастап, жұрттың сұранысына ие фотосурет өнерін қолға алуды жөн көреді.

Алғашқы өнімдерін ескі үлгідегі фотоқұрылғылармен дайындап, қайтсе де тұтынушының көңілінен шығуды ойластырып жүретін Қайырболаттың көрсеткен қызметтері жұрттың көңілінен шығып, ісі өрге баса бастайды. “Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмедік” дегендей, Қайырболат қай жерде той-домалақ, басқа да түрлі мәдени, спорттық, діни шаралар ұйымдастырылса, солардың басы-қасында болып, сәтті көріністерді суретке түсіріп жүреді. Қызмет көрсету географиясын кеңейтіп, көрші елді мекендерге, облыс орталығына шығып кететін кездері де болады. Осылайша өз нәпақасын тауып, фотосуретшілік шеберліктің биігін бағындырып жүрген ол құрметке лайық мінезімен ортасына сыйын арттыра түседі.

Жұмыс тауып, тыныс ала бастаған кезде Қайырболаттың денсаулығы тағы сыр беріп, төсек тартып жатып қалатын күндері де жиілейді. Қасыңда жанашырың болса, басқа түскен ауыртпалық жеңілдейді емес пе?! Ата-анасының, туған-туыстары мен дәрігерлердің ақыл-кеңесімен ол 1996 жылы Алматы қаласындағы кардиохирургия орталығында жүрегіне ота жасатып, екінші топтағы мүмкіншілігі шектеулі жандардың қатарына қосылады.

Еңбек оны жігерлендірді де шынықтырды. “Емнің де алды – еңбек” деген рас екен. Қайырболат өзінің сүйікті ісінен алшақтамай, табыс көзін кеңейте түсті. Фотосурет арқылы өзін жұртқа танытып, адамның көңілін баурап алатын өнімдер жасауға тырысты. Жұрт сезінбегенді, ол сезінеді. Қоғамдағы көңілкүйді, өмірдегі өзгерістер мен әрекеттерді объективке түсіре білген суреттері шынайы. Оның шығармашылық өнімдерінен ой тереңдігін, тұжырымды түйінді байқау қиын емес. Қайратты жанның ісінде қашанда береке болатындықтан, еңбекқор фотосуретшінің қызметіне разы көпшіліктің алғыс-тілегі де көбейе түсті.

Шеберлікті жұрт көріп, ел таниды. Қайырболат Олжабайұлының өнері мен еңбегі туралы мақала республикалық “Жан” журналында жарияланып, елге әйгілі болды. Ол облыс орталығында өтетін байқауларға қатысып, өзінің мүмкіндігін сынға салудан да жасқанбайды. Осындай шарада сыйлыққа берілген HP Scanjet G2410 сканер-құрылғысына қол жеткізді. Кәсіп жүргізуге сауатын арттырып, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша курста оқып, сертификат алды. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша тиімді бизнестің тетігін тауып, 1 200 000 теңге несие алып, сандық фотостудия ашты. Бүгін ол ескірген фотосуреттерді қалпына келтіру, сублимация жасау, сыртқы жарнамалар, таспалардан көшіріп жазу, әртүрлі фототауарлар сату, бейнетаспаға түсіру, сканер көшірмесін әзірлеу сияқты халыққа қажетті қызметтерді көрсетеді.

Ескі танысымның бойынан аңғарғаным – ол өмірін бір сарындылыққа салмайды. Қашанда ізденіс, талпыныс, жаңалықтың жолында жүреді. Жиырма жыл аралығында түсірілген фотосуреттер мен бейнетаспалық көріністердің жыл-жылдарымен сөреде сақталып тұрғанын көрген кезде оның ісіне ұқыпты, білікті және өз кәсібін сүйетініне көз жеткіздім. Тіпті, оның мұрағатының ішінде менің әр жылдары саламатты өмір салтына байланысты түсірген “Адам және оның мүмкіндіктері”, “Денсаулыққа жол”, “Адам – магнит” сияқты көрсетілімдерім де сақталыпты.

Ол жұмысбасты бола жүріп, имандылық жолын да ұмытпайды. Жұрт жиналған жерлерде мұсылмандық және оның қадір-қасиеттерін дұрыс түсіндіру, дін жолындағы адалдық пен тазалықты сақтау дәрістерін түрлі мысалдармен келтіріп, діннің ақ жолын шебер насихаттайды.

Қайырболат Сәрсембаев – үш балаға әке, немерелеріне сүйікті ата. Отбасының мейірімі мен шапағатына бөленген ол бір сөзінде: “Адамның өмірі – өз қолында. Басқаға, мемлекетке сенім артып, өмір сүру дұрыс емес. Қазақстанның кез келген азаматының мағыналы өмір сүруі үшін елімізде жақсы жағдай жасалған. Соларды пайдалана білуіміз керек”, – деген еді.

Айналасына кеңпейілділік пен кісілікті танытып, басқаға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген Қайырболат Олжабайұлы өмір жолында кезіккен барлық қиындықты еңбекқорлығымен, және кісілігімен жеңе білді. Бұл тұжырымды мен оны жақсы таныған соң айта аламын.

Бақыт СҮЛЕЙМЕНОВ,

журналист.

Суретті түсірген автор.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp